Әскери қызмет — азаматтық борыш
Еліміздің ең басты заңы — Ата Заңымызда атап көрсетілгендей, Отанымызды қорғау – әр азаматтың қасиетті парызы мен міндеті болып табылады. Бұл тұста әскери қызметтің атқаратын рөлі ерекше. Азаматтарды әскери қызметке шақыру – әскери міндеттілік негізінде Қарулы күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды жеке құраммен жасақтауға бағытталған мемлекеттік органдар жүргізетін іс-шаралар кешені.
Біздің ауданымызда бұл міндетті жүзеге асыратын аудан әкімдігіне қарасты қорғаныс істері жөніндегі бөлім қызмет ететіні белгілі. Отан қорғаушылар күні мерекесі қарсаңында біз аталмыш бөлім бастығы, подполковник Жандос Абиевпен жолығып, бөлімнің қазіргі уақыттағы тыныс-тіршілігі, көктемгі әскерге шақыру науқанының барысы жайлы сұрап, біраз мағлұмат алған едік.
Төменде бөлім бастығымен жүргізілген сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.
-Жандос Серікұлы әуелі азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақырудың маңыздылығы жөнінде айтып берсеңіз және бұл жұмыс қандай заңды құжаттар аясында жүзеге асырылады?
-Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру бірінші кезекте еліміздің азаматтарына әскери тәртіп пен тәрбиені үйрете отырып, сол арқылы ел іргесінің бүтіндігінің алдын алуда маңызды рөльге ие. Әскердің жастарға үйретері көп. Бірінші кезекте жауапкершілікке, шыдамдылыққа, өзіне деген сенімділікке, достыққа баулиды. Сын сағатта тез шешім қабылдау, әскери қару-жарақты қолдану, күрделі әскери техниканы пайдалану дағдыларына ие болады.
ҚР Президентінің Жарлығы еліміздегі азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды жариялау туралы бас құжат болып табылады. Аталған құжатқа сәйкес аудан аумағында кезекті көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру жүргізілуде. Қазіргі уақытта әскер қатарына алынатын әрбір азаматқа қойылатын талаптар өте жоғары. Мерзімді әскери қызметке шақыруға жататын әскерге шақырылушыларды сапалы іріктеуді қамтамасыз ету мақсатында күзгі және көктемгі науқанда алдын ала зерделеу жұмыстары жүргізіліп, барлық тіисті шаралар атқарылып келеді.
Жалпы, әскерге шақыру «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңымен айқындалған отбасы жағдайы мен басқа да жағдайлар бойынша әскерге шақыруды кейінге қалдыруға құқығы жоқ 18 бен 27 жасқа дейінгі ер азаматтар арасында жүргізіледі.
-18 жасқа толған әрбір азаматты әскерге жөнелту барысында қандай жағдайлар қатаң ескеріледі?
— Бұл ретте әскерге шақырылушылардың отбасы жағдайы, білімі, мен денсаулығы, моральдық-психологиялық жағынан тұрақтылығы басты назарға алынады. Сол сияқты әскерге шақырылушының қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылмағандығы, психатриалық немесе басқа емдеу мекемелерінде диспансерлік есепте бар-жоқтығы анықталады. Мұның барлығы тиісті заң аясындағы талаптарға сәйкес жүзеге асырылады. Денсаулық жағдайларын және әскери қызметке жарамдылық деңгейін анықтау үшін медициналық тексеруден өтеді. Медициналық комиссия қорытындысы бойынша жарамды деп танылған азамат әр әскер тектері бойынша командаларға тағайындалады. Әскерге шақыру немесе кейінге қалдыру туралы шешімді аудан әкімінің қаулысымен құрылған, әкімнің орынбасары төрағалық ететін шақыру комиссиясы құрамы шешеді.
Ал, қазіргі уақытта азаматтарды әскерге шақыру барысында халықпен тікелей қарым-қатынасты азайту мақсатында әскерге шақырылушыларға шақырту қағаздары СМС хабарлама арқылы да жолдануда. СМС хабарлама арқылы жолданған шақырту қолма-қол берілген шақырту қағазымен тең болып табылады.
-Ауданымызда әскер жасындағы азаматтар қатарынан мерзімді әскери қызметтен бас тарту оқиғалары кезігеді ме? Оларға заң аясында қандай шаралар қолданылады?
-Өкінішке орай, кейде өз парызы мен міндетін өтеуден жалтаратын азаматтар кезігіп жатады. Ол азаматтарда ҚР Қылмыстық кодексінің 387-бабына сәйкес әскери қызметтен босатуға заңды негіздер болмаған кезде осы қызметке шақырылудан жалтару – бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ал, өз денсаулығына зиян келтіру арқылы, аурумын деп жалған сылтаурату жолымен, жалған құжат жасау немесе өзге де алдау арқылы жасалған іс-әрекет – үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Көптеген азаматтар мерзімді әскери қызметте болудың «әлеуметтік баспалдақ» екендігін яғни, әрі қарай құзырлы және арнайы мемлекеттік мекемелерге жұмысқа орналасу мүмкіндігін беретіндігін түсіне бермейді.
-Сіз басқарып отырған бөлім жергілікті азаматтарды әскери біліммен қамту мақсатында еліміздегі қандай жоғарғы әскери оқу орындарымен жұмыс жүргізеді?
-Қазіргі уақытта Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтына, Ақтөбе қаласындағы Т.Бигельдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтына және Щучинск қаласындағы Кадет корпусына кандидаттар іріктеу жүргізіліп тұрады. Әскери институттар білікті офицерлер дайындаса, Кадет корпусы кәсіби сержанттар дайындайды.
-Запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыру жөнінде не айтасыз?
-«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңының 32-бабы негізінде ҚР Қарулы Күштері запастағы офицерлер қатарынан медициналық қызмет, инженерлік мамандықтарына келісімшарт бойынша және әскери қызметке шақыру жүргізуде. Осыған сәйкес, біздің бөлімде де офицер боламын деген азаматтармен жұмыс атқарылуда. Қарулы Күштерде қызмет ету абыройлы, жалақысы жоғары кәсіпті меңгеру мүмкіндігін береді.
Офицер лауазымына келісімшарт бойынша әскери қызметке шақырылатын азаматтарға мынадай талаптар қойылады: ҚР азаматтығында болуы, дені сау болуы, әскери лауазымға сәйкес келетін әскери-есептік мамандығының болуы, соттылықтың болмауы.
Қазақстанда нормативтік құжаттарға сәйкес барлық әскери қызметшілерге белгілі бір жеңілдіктер бар, офицер мен оның отбасына жайлы өмір сүру үшін жағдай жасалған. Атап айтқанда, әскери қызметші келісімшарт бойынша әскери қызмет өткергенде тұрғын үйге мұқтаждар есебіне тұрады. Кезектілік тәртібімен қызметтік тұрғын үй беріледі немесе Қорғаныс министрлігі тұрғын үй төлемдерін екінші деңгейлі банктердегі жеке арнайы шотына аударады. Қызметтік тұрғын үй жабық әскери қалашықта орналасқан жағдайда әскери қызметшіге қызметтік тұрғын үй және 50 пайыз мөлшерінде тұрғын үй төлемдері беріледі. Мұны әскери қызметші тұрғын үйді жалға алу немесе кейіннен сатып алатын тұрғын үйді жалға алуға, ипотекалық несиені пайдалана отырып, тұрғын үйді меншікке сатып алуға, бұрын алынған ипотекалық несиені өтеуге, тұрғын үй құрылысына үлеске қатысу кезінде жарналарды төлеуге, жинақтарды тұрғын үй құрылыс жинақтары түрінде толықтыруға, тұрғын үй жағдайларын жақсартуға пайдаланады.
Ақшалай үлесті, жәрдемақылар мен басқа да төлемдерді төлеу тәртібін уәкілетті органдар белгілейді. Сондай-ақ, әскери қызметшілер мемлекет есебінен бекітілген нормалар бойынша заттай мүлікпен қамтамасыз етіледі. Кезекті еңбек демалысы кезінде айлықақы сақтала отырып, екі лауазымдық айлықақы көлемінде сауықтыруға арналған жәрдемақы алады. Қызмет бабында ауысқан жағдайда өзіне екі айлық ақшалай қамтылым және әрбір отбасы мүшесіне айлық ақшалай қамтылымның жартысы мөлшерінде көтерме жәрдемақы төленеді. Жоғары оқу орнында оқитын әскери қызметшілердің оқу ақысының 50 пайызы мемлекет есебінен төленеді. Ерте зейнеткерлікке шығу мүмкіндігі бар. Бірінші кезекте әйелін жұмыспен қамту, балаларын балабақшаға немесе мектепке орналастыру қарастырылған. Сондай-ақ, 25 жыл немесе 25 жылдан аса әскери қызмет өткерген әскери қызметшілер жыл сайынғы тегін санаторлық-курорттық емдеу ісі шараларымен қамтылады.
-Келісімшарт бойынша әскери қызмет жөнінде қысқаша айтып өтсеңіз.
-Қазақстанда әскери қызметтің екі түрі бары әр саналы жанға белгілі. Оның алғашқысы жоғарыда айтып өткен міндетті түрдегі мерзімді әскери қызмет және ерікті түрдегі келісімшарт бойынша қызмет. Бүгінгі таңда ҚР Қарулы Күштері негізгі назарды кәсіби әскер қалыптастыруға аударып отыр. Осыған байланысты келісімшарт бойынша әскери қызметті жетілдіру айрықша маңызға ие болуда. Келісімшарт бойынша қызмет ету жөніндегі шешімге еріктілердің саналы және қажетті жауапкершілікпен қарауы маңызды. Өйткені, бұл сапалық деңгейді және әскердің беделін арттырады.
Келісімшарт бойынша әскери қызмет атқарудың ерекшеліктері жөнінде айтар болсақ, мұндай азаматтар тұрақты жұмыс орнымен қамтылу, ай сайынғы жалақы, сыйақы, пәтер жалдау, зейнеткерлікке шыққанда пәтер алу мүмкіндігі, толықтай мемлекеттік қамтылу, жыл сайын ақысыз дәрігерлік тексеру және шипажайлық көмек, жыл сайын негізгі демалыста болу, салтанатты, күнделікті, далалық және арнайы киім-кешекпен және қажетті заттармен қамтылу, балаларына тұрғылықты жері бойынша мектеп және мектепке дейінгі мекемелерден кезектен тыс орын алу мүмкіндіктеріне ие.
-Уақыт ағымына қарай әр мемлекеттік мекемеде қызмет көрсетудің әдіс-тәсілдері заманауи үлгіге көшуде. Аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлімде қызметті жеңілдету бойынша қандай жаңашылдықтар орын алуда?
-Биылғы жылдан «Smart Data Ukimet» ақпараттық талдау жүйесі арқылы ер азаматты 17 жасқа толған күні проактивті форматта жергілікті әскери басқару органына бастапқы әскери есепке қою пилоттық жобасы іске асырылуда. Бұл мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өзара бірлескен іс-қимылын айқындайтын құжат болып табылады. Қарапайым тілмен айтқанда, баланың әскерге алынуы барысында қажет болатын жалпы мәлімет бір базаға енгізіледі. Яғни, білім, денсаулық, отбасы туралы, тағы басқа қажетті мәліметтердің барлығы тиісті мекемелер тарапынан біріктіріліп, электронды нұсқасы жинақталады. Бұрынғыдай әр балаға құжат толы папка ашылмайды. Бұл бір жағынан қорғаныс істері жөніндегі бөлім қызметін жеңілдетуге айтарлықтай ықпал етпек. Өйткені, он жеті жасқа толған әр бала туралы мәлімет компьютерді ашқанда алдыңда тұрады және бастапқы әскери есепке қою осы арқылы жүзеге асырылады.
-Дәл қазіргі уақытта көктемгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Бұл жұмыстардың жүзеге асырылу барысы қандай?
-ҚР «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына, ҚР Президентінің «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2024 жылдың наурыз-маусым, қыркүйек-желтоқсан айларында кезекті мерзімді әскери қызметке шақыру туралы» 2024 жылғы 1-ақпандағы № 443 Жарлығына, Шу ауданы әкімдігінің 2024 жылғы 12 ақпандағы «2024 жылдың наурыз-маусым, қыркүйек-желтоқсан айларында азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру туралы» № 44 қаулысына сәйкес аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің шақыру учаскесінде ағымдағы жылғы көктемгі мерзімді әскерге шақыру жүргізілуде. Аудан әкімдігінің қаулысына сәйкес аудандық шақыру және медициналық комиссиясы бекітілген кестеге сай жұмыс атқаруда. Бүгінгі күнге ҚР ҰҚК Шекара және ҚР Мемлекеттік күзет қызметі әскерлерін жасақтау аяқталды. ҚР Қорғаныс министрлігі әскерлерін жасақтау жалғасуда. ҚР Ішкі істер министрлігінің ҰҰ әскерлеріне жасақ әлі түскен жоқ. Ағымдағы жылдың 2-мамыр күнгі есебі бойынша ауданымыздан әскерге аттанған азаматтар саны 80 адамды құрады. Алдағы уақытта әскерге аттанған барлық жерлестеріміз әскери борышын лайықты өтеп, туған мекеніне амандықпен оралады деп сенім білдіреміз. Ал, көзді ашып-жұмғанша өте шығатын, бір жылдық мерзімді әскери борышын өтегеннен кейін, әскери қызметті жетілдіре түсу ниетімен үлкен мақсаттарға құлаш сермеп жатса, нұр үстіне нұр.
-Мазмұнды әңгімеңізге рахмет. Алдағы уақытта да қызметтеріңізге сәттілік серік болсын.
Сұхбаттасқан Динара Батырхаирова.