32 отбасы баспаналы болды
Соңғы жылдары ауданымызда тұрғын үй саласында тұралаған тіршіліктің сеңі қозғалып, қоныс тойлар мен қуаныш көбейіп келеді. Бұл әрине мемлекеттік қолдау тетіктері аясында жүргі-зілген жұмыс. Соны үйлестіріп, ұтымды ұйымдастыра білген жергілікті атқарушы орган өкілдерінің еңбегін атап өтпеске болмайды. Бұған дейін тұрғын үй кезегінде тұрған шулықтар шаттыққа кенеліп, жаңа шаңырақтарына кірген болатын.
Осы аптаның соңында тағы да 32 отбасы тұрғын үй сатып алу бюджеттік бағдарламасы аясында жаңа баспаналарының кілтін қолына алды. Аудандық орталық аурухана маңынан маржандай тізілген үйлерді табыстау салтанатына аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, ауыл қариялары мен қуаныш иелері қатысты.
Ең алдымен Бақытжан Оразалыұлы кеуделерін қуаныш кернеген отбасыларға құтты болсын айтып, өзінің ізгі лебізін білдірді.
— Халқымызда “Өз үйім, кең сарайдай боз үйім” деген мәтел тегін айтылмаған. Бұл даналықты өз баспанам болсын деп армандайтын жандар жақсы түсінеді. Осындай арманы бар 1747 жерлесіміздің игілігі үшін табысты жұмыстар атқарылды. Бұған дейін 20 адамға баспана кілті табысталса, бүгін 32 отбасы жаңа үйдің, жаңа көшенің тұрғындары атанды. Бұйырса, жыл соңына дейін тағы 50 жанұяға жаңа қоныс тарту етілмек.
-Баспанаға зәру адамдарды тұрғын үймен қамту мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты. Бұл орайда біз де жоспарланған жұмыстарды жүзеге асыруға барымызды саламыз. Алдағы жылдары 340 азаматтың басты арманы орындалады деген ойдамыз. Облысымыздың 85 жылдығы аясындағы қоныс тойларыңыз құтты болсын! -деді аудан басшысы.
Мұнан кейін Төле би ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзахан Құрманбеков пен қалалық ардагерлер жетекшісі Мелис Бейсембаев сөз алып, жүрекжарды тілектерін жеткізді.
Құттықтаулардан соң асыға күткен сәт жетіп, қоныс иелеріне пәтер кілті тапсырылды. Шат-шадыман болған жандардың бірі Әйгерім Арыстанбекқызы алқалаған әлеумет алдында аудан басшылығына алғыс білдіріп, көршілерін де қоныс тойымен құттықтады.
-Қазіргі таңда мемлекетіміз халықтың осал топтарын, көп бала тәрбиелеп отырған отбасыларды өте жақсы қолдап отыр. Осыны үйлестірген аудан басшысына рахметімді айтамын. Көптен бергі арманымыз орындалып, қолымызға кілтімізді алып отырмыз. Осы үйде бақытты күндер кешіп, ұл-қызымызды елге қызмет ететін азамат етіп тәрбиелейтін боламыз,-дейді көпбалалы ана.
Берекелі бюджеттік бағдарлама аясында былтыр 60 отбасы баспаналы болса, биыл 100 жерлеске жаңа үй тарту етілмек. Бүгінгі күнге жоспардағы үйлердің тең жартысы өз иелерін тапты. Сәтін салса, қоныс той жыл соңына дейін жалғаса береді.
Одан бөлек, Шу қаласындағы “Жетісу” ықшам ауданынан 80 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оған қоса 5 қабатты 80 пәтерлік 2 нысанның ЖСҚ-ы әзірленген. Жоба қолдау тапқан жағдайда 160 тұрғынның басты мәселесі шешілмек. Бұл тұрғын үй кезегіндегі 1747 азаматтың тізімін қысқартуға сеп болмақ.
Байжан Емберді.