Ел мерейін тасытқан мереке
«Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» дейді дана халқымыз. Азаттық таңын өз көзімен көрген алдыңғы толқын болмаса, кейінгі өскелең ұрпақ өткен ғасырлардағы тарихи оқиғалардың тереңіне бойлап, мәнін жете түсіне бермейді. Өн бойында өзіндік сүрлеуі, қолтаңбасы, ізі бар өр тарихымызға өскелең ұрпақты сусындату үшін ұлттық және мемлекеттік мерекелерді, атаулы және даталы жылдарды дәріптеуді дәстүрлі түрде өткізіп, өнегелі істердің өрісін кеңейтуіміз қажет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бізге қуатты Тәуелсіз Қазақстанды құру үшін аймақтардың бәсекеге қабілетті болып, әр ауыл мен қаланың тұрақты дамығаны керек» деп қадап айтып, алдағы күндерге нақты жоспарларды бекіткені-еліміздің гүлденуі жолындағы игілікті іс деп білемін. Еңбекпен еңсе тіктеген ауданымыз мемлекет ұсынған мүмкіндіктерден қапы қалмай, мерейлі мерекелерін де лайықты түрде өткізіп жүр.
Соның айқын дәлелі, аудандық мәдениет үйінде Республика күніне орай өткізілген салтанатты жиын. Оған аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, ауданның қадірлі ардагерлері, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, мекеме және ұйым басшылары, әр салада аянбай қызмет еткен еңбек ардагерлері және БАҚ өкілдері қатысты. Көптің көңілінен шыққан мерекелік жиында ең бірінші көк туымыз бен елтаңбамыз салтанатты түрде төрге шығарылып, жиналған қауым рәміздерімізге құрмет көрсетіп, ҚР гимнін рухтана шырқады.
Біздің ата заңымызда “Мемлекеттің ең қымбат қазынасы-адам” деген. Жекелеген адамдар тұтас елді құрайды, ал сол азаматтар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуда аянбай тер төгеді. Елді алға жылжытуда тікесінен тік тұрып қызмет еткен сала мамандарын неге марапаттамасқа?! Салтанатты жиынның басында аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлы жиналған жұртты ұлттық мерекемен құттықтап, бірқатар азаматтарға лайықты марапаттарын табыс етті. Атап айтсақ, “Шу ауданының құрметті азаматы” атағын Тынышхан Жаңабаев, Әлихан Балқыбеков, Ажаркүл Ержанова, Сәт Мәлібеков, Серік Қалтаев, Нұрхан Матышев, Шолпан Рысалиевалардың өңірлеріне қадады. Бұған қоса “Шу ауданының құрметті ардагері”, Қазақстан футбол федерациясы Президентінің “110 жыл қазақ футболына”, Жамбыл облысы әкімінің “Облысқа сіңірген еңбегі үшін”, “Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін” төсбелгілерін иелеріне табыстап, ҚР мәдениет және ақпарат министрінің Алғыс хатын, Жамбыл облысы әкімінің және Шу ауданы әкімінің Құрмет грамотасын, Алғыс хатын иелеріне ұсынды. Сондай-ақ, тағы бір шоғыры Шу ауданының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Салтанатты шара мәдениет үйі өнерпаздарының дайындаған әсерлі концертіне ұласты.
Араға бірнеше жыл салып, бұл мерекенің биыл екінші мәрте тойлануы Қазақстанның әрбір азаматы үшін үлкен қуаныш екені сөзсіз. Әрқашан ашық аспан астында көк туымыз желбіреп, елтаңбамыз елдігімізді айғақтап, әнұранымыз асқақ үнмен шырқала берсін!
Айғаным Асқарбек.