Информационный портал

Он бір отбасы баспаналы болды

25 қазан — Республика күніне орай Шу ауданында он бір үйдің кілті иелеріне тарту етілді. Қоныс тойға құтты болсын айта барған аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков қуанышқа бөленген жандарды ұлттық мерекемен құттықтап, салтанатты түрде баспана кілттерін табыс етті.

-Сіздерді ең алдымен бүгінгі бас мерекеміз — Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлттық мерекемен қатар келген қоныс тойларыңыз құтты болсын!
Өздеріңіз білетіндей, бүгінгінің басты уайымы — баспаналы болу. Нарықтағы бағаға сәйкес көптеген жерлестерімізге оның ішінде көпбалалы және жалғызбасты аналар, ерекше балалар өсіріп отырған отбасыларға үй мәселесі оңай соқпай тұр.
Мемлекет кезектегі азаматтардың мәселесін мейлінше шешуде шаралар қабылдап келеді. Бүгінгі баспана кілтін табыстау шарасы соның бірден бір дәлелі болмақ.
Биыл «Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жалпы құны 576,0 млн теңгеге 60 үй-жай сатып алу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күнге нақты 42 баспана сатып алынды. Соның 11-ін бүгін табыстағалы тұрмыз.
Аталмыш ұлттық жоба шеңберінде сатып алынған 11 жеке тұрғын үй кезекте тұрған тұрғын үйге мұқтаж көпбалалы және халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтарға сатып алу құқығынсыз жалға беріліп отыр. Бұл да болса өз кезегінде үлкен көмек екені рас. Мәселен, қуанышқа кенелген 11 отбасының 8-і көпбалалы, 3-і әлеуметтік осал топтағы отбасылар.
Кілт алған көпбалалы ананың бірі — Гүлзира Шакишева баспана уайымынан арылтқан аудан басшылығына алғысын білдіріп, аналық ақ тілегін ақтарды.
Сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Өмірәлиев те жаңа қоныс иелерін қуаныштарымен құттықтап, қариялық лебізін білдірді.
Ата салтымыз бойынша әжелер шашуын шашып, касиетті Құран аяттары оқылды.

Байжан Емберді.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.