«Жас маман» құзыреттілік орталығы ашылды
Аптаның алғашқы күнінде Республика күніне орай ауданымыздағы №10 Шу колледжінде «Жас маман» құзыреттілік орталығының ашылу салтанаты өтті. Оған аудан әкімі Б.Жәнібеков, аудандық мәслихат төрағасы Ж.Әбенов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Мұхит Аманқұлұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Өмірәлиев, колледж студенттері, олардың ата-аналары, ұстаздар қауымы қатысты.
«Дудар-ай» би ансамблінің биімен шымылдығы түрілген салтанатты шараның жүргізушілері «Жас маман» құзыреттілік орталығының ашылу барысы жайлы мәлімдеді.
Атап айтар болсақ, №10 Шу колледжі 2021 жылы «Жас маман» республикалық жобасының қатысушысы болған. Ал, жобаның мақсаты – республика аумағындағы 180 колледждің материалддық-техникалық базасын жаңғырту және нығайту, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша бәсекеге қабілетті мамандар даярлау. Жүз сұранысқа ие мамандықтар тізбесіне колледждің «Ауылшаруашылығын механикаландыру» мамандығы кірген.
Жаңа орталыққа сатып алынған жабдықтар да студенттердің кәсіби біліктілігін арттыруға зор ықпал етпек. Бұл орталық «World Skills» облыстық, республикалық және халықаралық чемпионаттарының қатысушыларын даярлауға, шетелдік серіктестермен тәжірибе алмасуға арналған. Заманауи жабдықтарды пайдалана отырып берілген білім заманауи көлік құзыреттілік орталығының жұмысын жетілдіруге және «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасына қатысуға мүмкіндік береді.
Осындай артықшылықтарға ие «Жас маман» құзыреттілік орталығының лентасын облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Мұхит Аманқұлұлы мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Өмірәлиев көпшіліктің қошеметімен салтанатты түрде қиып берді.
Мұнан кейін Мұхит Аманқұлұлы құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегін жеткізді. Сондай-ақ, ол өз сөзінде қазіргі уақытта «Жас маман» жобасы аясында иеленген жабдықтардың қолжетімді деңгейде болуының басты себебі де әр жастың білікті маман болып шығуына ықпал ету, әр баланың бойында ерекше шеберлік қабілетті қалыптастыру екендігін атап өтті.
Ал, аудан басшысы Б.Жәнібеков жастарды мемлекеттік бағдарламаға сәйкес ұсынылып отырған мұндай мүмкіндікті тиімді пайдаланып, жемісті еңбек етуге шақырып, орталық жұмысына сәттілік тіледі.
Салтанатты сәттен соң қонақтар орталықты аралап, мұндағы жаңа жабдықтармен және колледж студенттері назарға ұсынған түрлі жабдықтардың жұмыс жасау жолдарымен танысты. Мысалы, мұнда ауылшаруашылығы мен теміржол саласына қатысты құбыр игіш жабдығы, ағаш өңдеу машинасы, қайрау машинасы, фрезерлік станок, токарь станогы, бұрғылау станогы, егеуді саптау, темірді егеу, бұранда кесу, темірді кесу жабдықтары мен егеу әдісіне қатысты жабдықтар қойылып, қабырғаларға слесарлық қол құрылысы және қаңылтырмен жұмыс жасау кезіндегі қауіпсіздік ережелері ілінген. Шара барысында әр жабдықтың маңына топтасқан колледж студенттері олармен жұмыс жасап, біліктіліктері мен шеберліктерін көрсетті.
Жалпы, қазіргі уақытта аталған кәсіптік білім ордасында «Ауылшаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша 60 студент білім алуда. Келешекте біз олардың асыраушы саланың ел игілігіне қызмет ететін, майталман мамандары болып шығатынына зор сенім білдіреміз.
Динара Батырхаирова.