Информационный портал

«Үлгілі ана, өнерлі бала» байқауы өтті

“Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та бар қалан” деп хакім Абай айтпақшы, мемлекетіміздің іргетасы берік қалануы үшін ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеп, бойына жақсы қасиеттерді ұялатуымыз қажет. Бала тәрбиесіне түрлі факторлар әсер етеді, десе де оның адам болып қалыптасуында әке мен ананың рөлі зор.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды. «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қара шаңырақтан бастау алады” деп тегін айтпаса керек. Бүгінгі таңда білім ошақтарынан бастап түрлі рухани ордаларымыз ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы ұрпақ қамын ойлап, соның ішінде отбасы институтын нығайтып, келешектің кемел болуына үлес қосып жатыр. Оған дәлел ретінде қазақы қалпымызды көрсететін салт-дәстүрлерімізді, әдет-ғұрпымызды бірінші орынға қойып, түрлі іс-шаралар мен байқауларды жиі өткізетін Бағдагүл Алжанбаева басшылық ететін аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесін алға тартса болады.
“Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек” дегендей, бұл жолғы байқаудың орны да, жөні де бөлек болды. Адамдарды алаламай, үлкенге де, кішіге де, байға да, міскінге де, жалпы адамзатқа есігін айқара ашқан аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне биыл 90 жыл толып отыр. Осы елеулі датаны ескеріп әрі “Отбасы күніне” орай аталған орталық кітапхананың “Білім орталығында” оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің қызметкерлері «Үлгілі ана, өнерлі бала» атты отбасылық байқауын өткізді. Тартысқа толы байқауға төрт отбасы қатысып, «Тегін білу-тектілік», «Салтыңды сақта, дәстүріңді дәріпте», «Өнерлінің өрісі кең» атты аталымдар бойынша бақтарын сынады.
Халқымызда “Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді” деген түсінген жанға ой салар даналық сөз бар. Бүтіндей бір отбасының түтінін түзу түтетіп, қазанын оттан түсірмей, отағасының басын төрге сүйреп, перзенттерінің тәрбиесіне бесіктен көңіл бөлетін аналардың қоғамда орны ерек. Заман ағымына сай аналарымыз бұдан бөлек интеллектісі жоғары болып, жақсылыққа жетелейтін жаңашылдықтан да қалыс қалмауы тиіс. Осы байқауда бақ сынаған аналарымыздың жан-жақтылығын аңғарған әділқазы алқасының мүшелері әрбіріне жеке-жеке тоқталып, бағасын асырып отырды.
Әділқазылардың шешіміне сәйкес, қатысушылардың жинаған ұпайларына қарай жеңімпаз отбасы анықталып, I орынды Байтұрғановтар отбасы, II орынды Азаматовтар отбасы иеленсе, III орынды Төлебаевтар және Аманқұловтар отбасылары өзара бөлісті. Шара соңында ОКЖ директоры Б.Алжанбаева қатысушыларды құттықтап, бағалы сыйлықтарымен марапаттады.
Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы: «Мен үш нәрседен қорқамын. Өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, өзінің немересіне ертегі айтып бере алмаған ата мен әжеден, екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғанынан қорқамын» деп шырылдап кетті. Бабамыздың сөзін басты ұранымыз етсек, ұтарымыз көп. Қазақстанның ертеңгі үміті, тәуелсіздігін баянды етер көзінің ағы мен қарасы,бірнеше жылдан кейін мемлекеттің бет-бейнесі болатын жастарға көбірек көңіл бөлу — басты міндеттердің бастысы.

Айғаным Асқарбек.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.