Жұмыс жасқа қарамайды
Белі қатайып, бейнетке жараған жанның екі қолға бір күрек ұстайтыны белгілі. Олардың бірі қолына дипломын алып, жүрегі қалаған мамандық бойынша жұмысқа орналасса, басқалары оң жамбасына келген кәсіптің тұтқасын ұстап жатады.
Бүгінгі таңда жұмыс берушілердің талабы — қызметкердің жас және еңбекке қабілетті болуы. Алайда зейнет алдындағы кісілерге де көңіл бөлген жөн. Мемлекет тарапынан жоба ретінде бұл қадам басталып та кеткен. Ендігі де 50 жастан асып, еңбек етуге ынталы жандар «Күміс жас» атты жоба арқылы жұмыспен қамтылуға мүмкіндігі бар. Аталған жоба кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.
Мансап орталығының Шу аудандық филиалының мәліметінше, жоба бойынша осындай санаттағы азаматтарды жұмысқа алған компания шығынының жартысы мемлекеттік бюджет есебінен төленеді. Жоғарыда айтқандай, бұл бағдарлама бойынша жасы 50-ден асқан жерлестеріміз бақ сынай алады.
Қазіргі таңда мемлекет жалақының 70 пайызын өтеуді міндетіне алып отыр. Бірақ қаражат көлемі 30 АЕК-тен аспауы қажет. Сонымен қатар, жұмыстың алғашқы жылы жалақы көлеміне қарай 70, екінші жылы 65, ал үшінші 60 пайызы төленетінін атап өткен жөн. Биыл 30 АЕК 103 500 теңгені құрайды.
Оңтайлы мүмкіндікті пайдаланған жанның бірі — Мейірхан Арғымбаев. Қолында күш, бойында қуаты барда ол еңбек етуді жөн көрген. Сөйтіп осы жылдың басынан «Әділбаев» ЖК-де көлік жүргізуші – экспедиторы болып жұмысқа орналасқан. Жақсы жалақы, жайлы жұмыс тапқан Мейірхан Жұмаханұлы еңбек адамы қатарын толықтырып жүр.
-2023 жылы Шу ауданында 69 адамды «Күміс жас» бойынша жұмыспен қамту жоспарланған. Қуанышқа орай бұл көрсеткіш 75 адамға жетіп, жоспар артығымен орындалды. Осылайша зейнет алды жастағы жерлестеріміздің алғысына бөленудеміз, -дейді филиал директоры Е.Омбаев.
Байжан Емберді.