Информационный портал

Күйші шығармашылығы қалықтаған күн

Ел тарихындағы мәні мен маңызы зор мерекелердің бірі — Республика күніне орай, аталмыш мереке қарсаңында Шу қаласындағы «IQ URKER» мектебінде осы мектептің құрылтайшыларының ұйымдастыруымен, «Туған жерге ту тіккен, туған елін тербеткен» атты кездесу кеші өтті. Шараның басты кейіпкері — елімізге танымал күйші-композитор, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Құрмет», «Парасат», «Достық» ордендерінің иегері , Қазақ ұлттық академиясының профессоры Әбдімомын Желдібаев болды. Ал, есімі аталған тұлғаның өмірі мен шығармашылығына арналған кездесудің мақсаты – жас ұрпақтың бойына ұлттық өнерді дарыту арқылы еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілігін ояту, күй өнерінің құдіретін күйшінің өмірі мен шығармашылығы арқылы таныту.

Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, Шу қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мэлс Бейсембаев, «IQ URKER» мектебінің құрылтайшылары Х.Ахунбаев пен жұбайы Жанар, ардагер ұстаздар, оқушылар қатысты.
Өнерімен өрге жүзіп, есімі бірнеше мемлекетке танылған күйші аталарын мектеп әкімшілігі мен осы мектептен білім алып жүрген оқушылар «Алаш ұланы» әні аясында ғимараттың алдынан зор қошеметпен күтіп алды. Ал, көпшілік залға енген соң, екі оқушы күйші атаны екі қолынан ұстап, ерекше шабытпен екі шумақ өлең оқи жүріп, төрге жайғастырады. Осы сәтте оркестрдің орындауында «Ерке сылқым» күйі орындалып, кеш иесі зор қошеметке бөленді.
Шараның шымылдығын ашқан мектептің шығармашылық жетекшісі, әдіскер ұстаз, кеш жүргізушісі Ш.Смағұлова мемлекеттің өркендеуіне, мәдени дамуына үлес қосып, оның нығаюы жолында еңбек еткен азаматтарды жас ұрпаққа дәріптеп, үлгі ету аға буынның басты парызы екендігін айтып өтті.
Мұнан кейін аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев сөз сөйлеп, шараның өскелең ұрпақ тәрбиесі жолындағы маңыздылығына тоқталып, кеш иесіне игі тілегін арнап, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Сондай-ақ, М.Бейсембаев та өзінің жылы лебізін жеткізді.
Осы сәтте ортаға шыққан бастауыш сынып оқушылары Ә.Желдібаев туралы білімдерін шыңдап, жүргізуші қойған бірқатар сұрақтарға жауап берді. Атап айтқанда, «Ә.Желдібаев кім?», «Оның қандай күйлерін білесіңдер», «Қанша шығармасы халыққа тараған?», «Қандай марапаттары бар?», «Қай жерде дүниеге келген?» деген сынды сұрақтардың барлығына балалар жарыса жауап беріп жатты.
Ал, Ә.Желдібаев әр шығармасының жазылу тарихы туралы мәлімдеп, олардың әрқайсысына анықтама беріп, өзін де оқушыларға жан-жақты таныстырып өтті. Сонымен қатар, жас ұрпақ алдында сыйластық ұғымының мәні мен маңызы жайлы әңгімелеп, оларды ұстазды тыңдауға, ұстаз арқылы зор білім мен саналы тәрбие алуға шақырды. Кездесу кешінің кейіпкері тек өзін таныстырып қана қоймай, бүлдіршіндер алдында осы мектептің ашылуына ұйытқы болған ерлі-зайыпты Хамит пен Жанар есімді жандарды да жақын таныстырып, оларға көпшілік алдында алғыс білдірді.
Жалпы, шара барысында оркестрдің және мәдениет үйі өнерпаздарының орындауында күйшінің «Қызыл гүлім — қызғалдағым», «Шырайлым», «Қызыл елік» әндері мен «Көкшолақ» және бірнеше елдерде орындалып жүрген, әйгілі «Ерке сылқым» күйлері орындалды. Кеш кейіпкері орындалған әр шығарманың тарихымен қысқаша таныстырып отырды.
Қорытынды сөз сөйлеген Х.Ахунбаев жиналған қауымды мерекемен құттықтап, кештің кейіпкеріне және барша көпшілікке ізгі тілегін жеткізді және Ә.Желдібаевтың иығына құрметпен шапан жауып, сый-сыяпатын ұсынды.
Өз кезегінде күйші атамыз ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, мектеп құрылтайшыларының алдағы істеріне сәттілік тіледі.
Осылайша, мәдени шара мәресіне жетіп, оған жиылған қауым рухани демалып, ризашылықтарын білдіріп тарқасты.

Динара Батырхаирова.
Суреттерді түсірген автор.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.