Сүбелі семинар
Жуырда аудан әкімдігінің білім бөліміне қарасты «Оқушылар сарайы» мекемесінде «Қосымша білім беру педагогтерінің құзыреттілігі — қызмет сапасын арттыру» тақырыбында облыстық семинар өтті.
Аталған шараға облыстық білім басқармасының Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізу орталығы мұрындық болды. Маңызды мәселелер қаузалған семинарға 5 ауданнан және жергілікті қосымша білім беру мекемелерінен басшылар, орынбасарлар, әдіскерлер мен педагогтар қатысты. Қатысушылардың ұзын-саны 100-ге жуық адамды құрады.
Шара басталмас бұрын Оқушылар сарайында ұйымдастырылған көрмені тамашалаған меймандарды директор Н.Райқұлова мекеменің тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Мұнан кейін, ішке енген қонақтар алдында аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ләйлә Бегімбаева шараны ашып, семинарға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізу орталығының «Әдістемелік» бөлім меңгерушісі Айсұлу Темірғалиева облыстық семинардың тақырыбымен таныстырып, алғысөз сөйлеп, аймақтық семинардың жалпы барысын баяндады.
Одан кейін әр өңірден келген меймандар өз баяндамаларын жасап, қатысушылардың қызықты сұрақтарына жауап берді. Мәселен, жергілікті техникалық шығармашылық орталығы директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Исмаилова «ҚББҰ педагогтерінің міндетті құжаттамалары» бойынша нормативтік-құқықтық актілерді таныстырып өтсе, Жаңатас қалалық балалар өнер мектебі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Хусаинова «ҚББҰ музыка, өнер мектептерінде жылдық жоспар құрылымның үлгісі» жөнінде баяндады. Сондай-ақ педагог-психолог А.Аринова «Менің эмоционалдық интеллектім» тренингін жүргізді. Мұнан кейін семинар екі секцияға бөлініп, өз жұмыстарын бастады. Атап айтқанда, алғашқы секцияда «Қосымша білім беру ұйымдарында нормативтік-құқықтық қамтамасыз етуді жетілдіруге ықпал ету» тақырыбы сөз болса, келесі секция тақырыбы «Әдістемелік қызметті ұйымдастырудың жүйелілігі» туралы болды.
І-секцияда ауданымыздағы Ә.Еспаев атындағы саз мектебінің педагогі А.Туменбаева «Ноталар еліне саяхат» тақырыбында шеберлік сыныбын өткізіп, төл тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ Байзақ ауданының К.Әзірбаев атындағы саз мектебі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж.Қорғанбекова «ҚББҰ педагогтерін №57 бұйрық бойынша лауазымға тағайындау қағидалары» бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ақпарат материалдарын таратты.
Сол секілді ІІ-секцияда шараны ұйымдастырушы орталықтың әлеуметтік педагогі Н.Амантай «Тұрғылықты жері бойынша жасөспірімдермен жұмысты ұйымдастыру әдістемесі» тақырыбында, алаң иесі, Оқушылар сарайының ҚББ педагогі С.Жинақбаева «Қуыршақ театры – баланың жеке басының қалыптасуы, оның рухани дамуы үшін маңызды алаң» тақырыбында шеберлік-сыныптарын өткізді.
Мол мағлұмат берген семинар қатысушыларға оң әсерін тигізді. Себебі меймандар мұндай мәжілістердің жиірек өтіп тұрғаны тәжірибені толыстыруға ықпал ететіндігін айтуда.
Шара соңында алаң ұсынып, жоғары деңгейде өткізген «Оқушылар сарайы» басшылық тарапынан Алғыс хатқа ие болса, қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.
Байжан Емберді.