Информационный портал

Арамызда ардагерлер жүр, ағайын!

Халқымыздың пешенесіне бүгінге дейін бірқатар қилы уақытты бастан кешіру жазылған. Оның ішінде зұлмат соғыс, ашаршылық, қуғын-сүргін, ұлт азаттық көтеріліс ел тарихында қаттаулы. Одан бөлек, қазақтың батыр ұлдары жат мекендегі майданның ортасына түсіп, от пен оқтың ортасынан табылғаны белгілі. Сондай соғыстың бірі — Таулы Қарабақ үшін болған қарулы қақтығыс. Әзірбайжан мен Армян халқы арасында 1988 жылы басталып, 2023 жылға дейін бірнеше дүркін қайталанған қақтығысқа қазақ ұландары бітімгершілік миссиямен барған болатын. Олардың арасында шулық азаматтар да бар. Солардың бірі — Ербол Жаңабаев.

Ербол Жаңабаев 1971 жылы Шу ауданы, қазіргі Ақсу ауылдық округында дүниеге келген. Қазіргі Ж.Баласағұн атындағы орта мектепті тәмәмдаған ауылдың бозбаласы 1990 жылдың мамыр айында Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Балаң жігіт алғашқыда Отардағы әскери бөлімде тыңғылықты даярлықтан өтіп, 1991 жылдың ақпан айында Таулы Қарабаққа барған. Бұл кезең еліміздің КСРО құрамындағы уақыт болғандықтан қатардағы жауынгер қатаң бұйрыққа бағынатын.
Көршілес ауданда орналасқан Отар полигоны сол жылдары Ауғанстанға, Қарабаққа баратын сарбаздарды машықтыратын орын болатын. Оған бәлкім ауа райының ұқсастығы себеп болуы мүмкін. Осылайша, қақтығыс қызып тұрған Қарабақ даласына тап болған біздің кейіпкер бітімгершілік мақсатпен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге кіріседі.
— Біз Тәуелсіздіктен бұрын Кеңес Одағы құрамында болғандықтан, бұйрық талқыланбайтын. Бір жылға жуық Отардағы әскери бөлімде даярлықтан өтіп, тіке соғыс өрті тұтанып тұрған Қарабаққа аттандық. Өздеріңіз білесіздер, Таулы Қарабақ ежелден Армян мен Әзірбайжан елінің таласқан өлкесі. 1988 жылдан 1994 жылға дейін Армения мен Әзербайжанның арасында екі рет соғыс өрті тұтанды. Қанды қақтығысқа ұласып, соғысқа авиация мен танк тартылды. Кейбір деректерге қарағанда, 40 мыңға жуық адам мерт болған,-дейді Ербол Жаңабайұлы.
Сан жылдан жалғасқан соғысқа былтыр ғана нүкте қойылып, Таулы Қарабақ бауырлас Әзірбайжан мемлекетіне қарады. Осы тұста Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Әзірбайжан халқын халықаралық құқық және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарына сай елдің аумақтық тұтастығын сақтауға қол жеткізгенімен құттықтағаны дүйім жұрттың есінде.
Әскери ант қабылдаған Ербол Жаңабаев мойындалмаған Таулы Қарабақ автономиясының астанасы болған Степанакерт қаласында сарбаздық міндетін атқарған. Оның айтуынша, өзі түскен бөлімде кейіпкеріміз жалғыз шулық болған. Дәл осындай миссиямен өзге шулықтар әр түрлі бөлімдерде борышын өтеген көрінеді .
— Мен қызмет өткерген уақытта №306 полкте 60-қа жуық қазақ болды. Өз шақырылымымдағы Шудан барған жалғыз қазақ болдым. Өзге шулықтар Қарабақтың әр аумағында борыштарын өтеп жатты. Степанакерт қаласының айналасында әзірбайжан және армяндардың ауылдары болды. Олар бір-бірімен қақтығысып жатқанда біздің міндет бейбіт тұрғындарды аман сақтау, тыныштықты күзету болды. Қақтығыс деп атағанмен бұл ұлтарақтай жер үшін болған соғыс болды. Қаншама сарбаз құрбан болып, аналар ұлдарынан айырылып жатты. Қызмет уақыты бітіп, ертең кетеміз деген уақытта қақтығыс өршіді. Соның салдарынан әскер шығыны болып, біздің жуалылық жерлес Төлегенов Жазылбек деген жігіт мерт болды. Мен сол сарбазды темір табытпен екі офицермен бірге туған жеріне жеткіздім. Былтыр тақтатасын жасап, рухына құрмет көрсеттік,-дейді майдан көрген Е. Жаңабаев.
Жастығын жалын шарпыған кейіпкеріміз 2022 жылдан бастап «Таулы Қарабақ қақтығысының ардагерлері мен мүгедектері» республикалық одағының мүшесі. Яғни жауынгер жерлесіміз бен осы одақтың аудандағы 12 мүшесі ардагер деген атты арқалап жүр. Таулы өлкеде таудай жүкті арқалаған ардагерлер арасында Ербол Жаңабаевтың жасы кіші болғанымен, жолы үлкен. Себебі оны 12 шулық төраға деп таниды. Олардың қатарында әр жылдары Таулы Қарабақта қызмет өткерген Қанат Азаматов, Мұрат Құдайбергенов, Марат Тұрғанбаев, Есенбек Қожақов, Абай Мырзахметов, Талғат Көпжасаров, Ержан Өмірзақов, Қайрат Дайрабаев, Қасымхан Оразалиев, Ержан Исатаев, Нұрғали Әшенов, Аманбек Қырықбаев сынды ардагерлер бар.
19 жасында жат елде тәртіпті қамтамасыз еткен жерлесіміз бүгінде жұбайымен 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отыр. Ауласындағы аз ғана шаруашылықты игеріп жүрген ақсулық ардагер қазіргі таңда жұмыссыз. Ол жергілікті билік пен халық өз ортасында осындай ардагерлер барын біліп, жас ұрпақтың тәрбиесіне тартса деген тілегі бар. Себебі өзге аймақтағы ардагерлер осындай шаруаның ортасынан табылып жүр. Сондай-ақ ол елдің амандығы мен жұрттың тыныштығы баянды болсын деген лебізін білдіруде.
Отан қорғаушылар күні қарсаңында етігімен су кешкен ерлер еске алынады. Солардың қатарында Таулы Қарабақта маңызды міндет атқарып, бітімгершілік мақсатта қолға қару алған ардагерлерді құрметтеуіміз қажет. Олар нағыз ерлерше адамзаттың қамын жеп, бірі жарақат алып, бірі жат мекенде жан тапсырған батырлар. Сондықтан Отан қорғаушылар күнінде Таулы өлкеде табан тоздырған ағаларымызды құттықтауға құқымыз бар. Ардагерлер аман болғай.

Байжан Емберді.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.