Адал азамат тәрбиелеу — баршаға ортақ міндет
Тәрбиені тізгіндей білген текті халқымыз бала өмірге келгеннен-ақ қалай баулып-баптау керек екенін жақсы біледі. Бұл күндері өзіміздің өзегімізден жерініп, өзгенің қаңсығын таңсық көріп, жақұттарымыздың қадірін білмей, жаңашылдықты жаһаннан іздейтін әдетіміз күшейіп бара жатыр. “Ұлттық тәрбие”, “ұлттық құндылықтар” деп талай мінберлерді тоздырып, қақсап жатқанымыздан нәтиже шамалы болып тұрғандай. Жалпы, ұлттық мектепті қалыптастырудың нобайы, түпқазығы Алаш ардақтыларының еңбектерінде жатқанын жете түйсінуіміз керек-ақ!
Осы тұста ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мына бір сөзі бүгінгі қоғамға ұранға айналуы керек секілді: «Алаш» сөзі – халқымыз үшін қашанда қасиетті ұғым. Өткен ғасырдың басында ұлтымыздың бас көтерер азаматтары Алаш идеясының төңірегіне бірікті. Олар елінің азаттығы мен өркендеуі жолында қызмет етті. Халықтың рухын оятып, санасына сілкініс әкелді. Жеріміздің тұтастығының сақталуына ықпал етті. Төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерді. Өркениетті зиялылықтың негізін қалады. Алаш арыстары заманның сын-қатеріне қарамай, Қазақ елінің мемлекетшілдік идеясын жаңғыртты». Шын мәнінде бүгінгі күні де еліміздің бас көтерер азаматтары ұлттық сипаттағы идеологияны мықтап қолға алса, біраз дүние оңалар еді. Оған жету үшін адымдап қадам басып, алға қарай бет алуымыз қажет. Өскелең ұрпақтың санасына сара жолымыздың сарқыншағын сіңіре алсақ та соның өзі жетістік. Бүгінгі басты мақсатымыз да сол болмақ.
Күні кеше ғана аудандық білім бөлімінің әдіскерлері Индира Инкибаева мен осы жолдардың авторының ұйымдастыруымен Оқушылар сарайының базасында “Адал азамат-Әділетті Қазақстанның жарқын келбеті” атты кездесу өтті. Оған аудандық аналар алқасының және ата-аналар комитетінің төрайымы Иманова Айжан Болатқызы, Шу АПБ ЖПҚБ ЮПТ ЖҰЖ аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Кыздарбеков Нариман Ақбергенұлы, директордың тәрбие және құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен аудандағы білім беру ұйымдарынан 250-ге жуық оқушы қатысты.
Іс-шара барысында бала өміріндегі отбасы тәрбиесінің рөлі, мектеп қабырғасындағы әлімжеттік, жәбірлеудің салдары туралы видеоролик көрсетіліп, қатысушы қонақтар тәрбие төңірегінде ой қозғап, құқықбұзушылық орын алған жағдайда оқушыларды қандай әкімшілік жаза күтіп тұрғандығы кеңінен түсіндірілді.
Отбасы тәрбиесінің рөлін айқындап берген видеороликте екі анадан екі түрлі тәрбие алған ер баланың қандай азамат болып қалыптасқандығы көрсетілді. Ананың бірі телефонға күні-түні телміріп отырғанымен қоймай, баласына бәлелікті үйретеді. Баласы: “Анашым, бүгін сабақтан ауырып тұр деп сұрап алшы” десе, “Әй балам, сені ауру деп ойлап қалар, өзім сұрап аламын, жібермей көрсін” деп мінез танытады. “Сені біреу ұрса, қарап тұрма, аяма” деп тағы бір жаман әдетке жол сілтейді. Отбасынан кері тәрбие алған бала енжар, жалқау, жаман әдетке бейім, өмірде ешқандай ұстанымы, мақсаты жоқ болып жетіледі. Ал, екінші ана керісінше баласының жасаған қателіктерін түзетіп, оның дұрыс еместігін айтып, тек сабақты оқуға бар зейінін қойып, мұғалімдерді сыйлау керектігін құлағына құйып отырады. Бір бала ішіп-шегіп, бұзақылардың ортасында өзін жоғалтып алса, бір бала өмірден өз орнын тауып, анасын сый-құрметке бөлеп, елдің мақтанышына айналады. Бүгінгі тәрбиенің көрінісі де осындай екіұшты күйде. Қоғамда ата-ананың көпшілігі бәле іздеп, бала тәрбиесін мектепке артып, қит етсе арызданып шыға келеді. Тегінде әр адам өмірге ұрпағын өзі үшін әкеледі емес пе?! Оның миссиясы елге, қоғамға пайдасы бар азамат тәрбиелеу емес пе?!
Кездесуде ең алдымен сөз алған Шу АПБ ЖПҚБ ЮПТ ЖҰЖ аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Нариман Ақбергенұлы мектеп оқушыларына кәмелетке толмаған жасөспірімдерге жалпы құқық бұзушылықтың алдын алу, құмар ойындар, лудомания, есірткінің алдын алу тақырыбында түсінік беріп өтті. Жасөспірімдер арасында кеңінен тараған заң бұзушылықтың, түрлі қылмыстарды мысалдар ретінде келтіре отырып, қылмыс істегені үшін жауапкершіліктердің түрлерін айтты. Сондай-ақ қазіргі кездегі қоғамдағы құқықбұзушылықтың себеп-салдары, оның алдын алу жөніндегі жүргізіліп жатқан шаралар жайлы сөз қозғады.
Мұнан кейін сөз алған аудандық аналар алқасының және ата-аналар комитетінің төрайымы Айжан Болатқызы қазақ халқы тәрбиеге қырын қарамағанын, ұлдың ұяты әкеге, қыздың ұяты шешеге тірелетінін жеткізе отырып, бірнеше мысалдар келтірді. “Халқымыздың бір-ақ ауыз сөзінен ұлдардың және қыздардың тәрбиеcі мен жауапкершілігі тікелей ата-аналарына байланысты екенін көрсетеді. Осы тұста отбасының құрылымы мен атқарушы рөлдері өздігінен айқындалып тұрғанын аңдайсыз. «Ұлдың ұяты әкеге» деп ұлдардың абыройы мен мінезі, олардың тәрбиесінде әкенің рөлі маңызды екені, ал «қыздың ұяты шешеге» деп қыздардың тәрбиеcі және олардың ізгі қасиеттері анаға байланысты екенін білдіреді. Ұлдың да, қыздың да тәрбиесіне қырағы қарап, олардың зорлық-зомбылыққа, жаман әдеттерге араласуына жол бермеу – ата-ананың басты міндеті. Ата-ананың тәрбие мен үлгі-өнеге көрсетуі арқылы балалардың ұяты, сауаттылығы, мәдениеті қалыптасады”-деді Айжан Иманова.
Кездесу барысында мектеп қабырғасында жүргізіліп жатқан “Адал азамат” біртұтас тәрбие бағдарламасы, жәбірлеудің алдын алуға бағытталған “ДосболLike” бағдарламасы, ерте жүктілік, өз-өзіне қол жұмсау, әлімжеттік, бопсалау, телефонға тәуелділік, этносаралық және дінаралық шиеленістің алдын алуға бағытталған жобалар мен жоспарлардың маңыздылығы түсіндірілді. Бұған қоса, мектептің өміріне, қоғамдық іс-шараларға, түрлі олимпиада мен байқауларға қатысуда белсенділік танытудың да артықшылықтары атап өтілді.
Әрбір оқушы мектеп қабырғасында жүргенде ең алдымен достық сезімді бастан өткереді. Сондықтан да достық қарым-қатынасты нығайтуға арналған бағдарламаның ғұмыры ұзақ. “Дос болам десең, мендегі доспен достасқын, сендегі доспен дос болып сонда тұрмақпын” деп Мұқағали Мақатаев жырлағандай, әрбір оқушының өзімшілдікке салынбай, кеңдікке жол ашуы үлкен сенім туғызады. Ал, осы достық байланыста да адалдық деген ұғым айналып өткен емес. Әр бағдарламаның мәніне терең үңілсек, бір-бірімен қабысып жатқаны анық байқалады.
Адал азаматтың жанында әрқашанда адал дос, айнымас серік болатыны белгілі. Біз қоғамға осындай ұрпақ тәрбиелеп беруіміз керек. Бұл — ата-ана мен мектептің арасындағы берік байланыс пен ынтымақтастықтың нәтижесінен туатын жеңіс және жеміс. Қашанда ұлтымызды сақтау үшін қызды тәрбиелеп, рухымызды сақтау үшін ұлды тәрбиелеп, осы мақсатқа ұлт болып жұмылуымыз қажет.
Айғаным Асқарбек.