Ақпараттық портал

Қос ауылдағы қуаныш

Мемлекет басшысының жергілікті атқарушы органдарға жүктеп отырған жауапты жұмыстарының бірі – елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету. Себебі, сапалы суды тұтыну – адам өміріне орасан пайда. Оны әйгілі Ибн Сина өз еңбегінде атап өткен. Медицина атасының айтуынша, ауру көбінесе астан, әсіресе ауыз судан пайда болады.

Бұл орайда ауданымызда біршама шаруалар шешімін тауып, таяуда 2 елді мекен тұрғындары сапалы суға қол жеткізіп отыр. Нақты айтқанда, өткен аптада Жайсан және Тасөткел су қоймасы ауылдарында су жүйелері мен су шығару мұнарасы пайдалануға берілді. Мөлдірден шөлін басатынына қуанған ағайындарды Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков құттықтап, ауыл қарияларымен бірге лента қию рәсіміне қатысты.
Ең алдымен, Тасөткел су қоймасы ауылында өткен салтанатты шарада аудан басшысымен бірге ақ жаулықты ана Ұлтуған Шаметова, ауыл қариясы Ораз Жайнақов жерлестерді құттықтап, ақ баталарын берді. Бұдан кейін жаңа нысанның қызыл лентасы қиылып, әжелердің шашуы шашылды.
Шалғай ауылдың қуанышынан соң Бақытжан Оразалыұлы Алға ауылдық округіне қарасты Жайсан ауылына атбасын бұрды. Жайсандық тұрғындарға сәлем берген аудан басшысы ауыл ақсақалдары Мұхаметкәрім Көпбаев пен Қыдырбек Сейсеновпен бірге рәсімге қатысты.
Аудан әкімі қуанышқа кенелген қос ауыл тұрғындары алдында сөз алып, ақжарма лебізін білдірді.
-Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту Мемлекет басшысының бізге жүктеген негізгі міндеті. Сондықтан, біз мұны жете түсініп, қала мен ауылда тұратын ағайынның таза суды тұтынуына барынша жағдай жасаудамыз. Өйткені, сапалы ауыз су халық денсаулығы мен санитарлық-гигиеналық жағдайды жақсартудың кепілі.
Қазіргі таңда өңірдегі 35 елді мекеннің 29-ы (82,8 пайыз) ауыз сумен қамтылған. Мұндай игілік жетпеген ауылдардағы жағдай – біздің басты назарымызда. Алдағы жылдардың еншісінде ауданымыз 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылады деп жоспарлануда,-деді Бақытжан Оразалыұлы.
Естеріңізге сала кетейік, екі ауылды сапалы ауыз сумен қамту жұмыстарына 987,2 млн теңге жұмсалған. Оның ішінде 557,1 млн теңге Тасөткел су қоймасы ауылына, 430,1 млн теңге Жайсан ауылына су шығару ғимараты мен су жүйелері тартылған.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.