Жаңа жылда жаңа ғимарат
Азаматтық қорғау саласындағы ахуалды жақсарту қазіргі таңдағы мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып отыр. Себебі Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев құтқарушылар қызметіне қолдау көрсетіп, азаматтық қорғаныс жүйесін тұрақты жаңғыртудың, озық әлемдік тәжірибені қолдана отырып, соны технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өткен болатын.
Ауданымыз үшін жаңа жыл жағымды жаңалықпен басталып отыр. Олай дейтініміз, Төле би ауылындағы №19 Өрт сөндіру бөлімінің ғимараты жүргізілген күрделі жөндеуден кейін пайдалануға берілді. Маңызды нысанның ашылуына Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Арман Тоқанов, аудан әкімі Б.Жәнібеков, ардагерлер мен Шу ауданы азаматтық қорғау гарнизонының жеке құрамы қатысты.
Гарнизонның жеке құрамы сапқа тұрғызылғанын департамент бастығына Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының бастығы И.Капашев баяндап өтті. Мемлекеттік Гимн орындалғаннан кейін Қанатбек Қайшыбекұлы мен Арман Құмарұлы жиылғандарға құттықтау сөзін жеткізді.
– Бәріміз үшін былтыр жемісті жыл болды. Оның ішінде төтенше жағдайлар департаментінде толайым табыстар болды. Өткен жылы Қордай ауданында өрт сөндіру бөлімі ел игілігіне пайдалануға берілсе, биыл Шу ауданында ескі ғимарат орнына жаңа нысан қызметке кірісіп отыр. Бұл орайда облыс басшылығы тарапынан тиісті қолдаулар жалғаса беретінін айтқымыз келеді. Жаңа жыл басындағы жақсылық құтты болсын! Құтқарушылар жұмысына табыс тілеймін,-деді Қ.Мәдібек.
Ізгі тілекке ТЖД бастығы А.Тоқанов та қосылып, әріптестері мен ардагерлерді жаңартылған өрт сөндіру бөлімінің іске қосылуымен құттықтады.
Өз лебізінде азаматтық қорғау полковнигі бұл маңызды оқиғаның облыстық төтенше жағдайлар қызметінің одан әрі дамуына қосар үлесі қомақты екенін атап өтті. Сонымен қатар, спикер көрсетілген қолдаулар үшін Жамбыл облысының әкімдігіне алғыс білдірді.
Әжелердің шашуынан кейін қонақтар жаңа ғимаратпен танысып, әлеуеті артқан бөлімнің бөлмелерін аралап көрді. Төрт көлікке арналған тұрақ, жатақхана, дәріс бөлмесі, жуыну және киім ауыстыру бөлмесі, асхана т.б бөлмелерден құралған нысанға барлық жағдайлар жасалғанына куә болдық.
Айта кетейік, апатты жағдайдағы аталмыш өрт сөндіру бөлімінің құрылысы өткен жылы басталып, өз мерзімінде аяқталып отыр. Онымен қоса, жылу жүйесі көгілдір отынға қосылып, арнайы жаттығуға арналған мұнара көтерілген.
Қазіргі таңда №19 Өрт сөндіру бөлімінің меншігінде 4 көлік бар. Оның үшеуі өрт сөндіруге арналса, біреуі құтқару жұмыстарына қажет автосаты. Бөлім бастығы Мұрат Әбдіхалықовтың айтуынша, бөлімде 19 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 5 адам офицерлік құрамда болса, қалғаны сержанттық сапта.
Байжан Емберді.