Айшадай аналардың жалғасы бар ма?!
Адам ең алдымен өзін таниды, одан кейін ұлтын таниды, солай-солай қоғамды, ортаны, елді, жерді барлығын тани бермек. Мен өзімді танығалы қазақ деген текті ұлттың ұрпағы екенімді, қазақтың қандай өр тұлғалы халық екенін тани түсудемін. Біз жиі ауызға алатын “Ұлттық рух” дегеннің астарында не жатыр, бұл сөз неге соншалықты құдіретті дегенді де жиі ойға аламын. Адамның ең басты байлығы-оның саулығы болса, түрлі ауру-сырқаудан қорғану үшін иммунитет қалыптастырады, тән саулығы үшін түрлі құнарлы астан нәр алып, денені шынықтырады. Сол секілді ішкі даудан, сыртқы жаудан сақтану үшін де ұлттық рух керек. Ал, ұлттық рухты бойда ояту үшін көп оқу керек, оқығанды көңілге тоқу керек. Жарғақ құлағымыз жастыққа тимей, ұлт болып бір мүддеге ойыссақ, әрине, оның артында бүтіндей бір елді сауаттандыру ісі де ұранға айналғалы қашан?!
Көзімді ашып, қара танығалы биік-биік мінберлерде, түрлі саяси құжаттарда кітап оқу мәселесі айтылып та, жазылып та жүргенін көз көріп, құлақ естіп жүр. Соның ішінде көңілге ұялағаны, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің биылғы 2025 жылды Жамбыл облысында “Кітап оқу жылы” деп белгілеуі. Бұған қоса, әлеуметтік желіде жариялаған суретінде өзі қолына Шерхан Мұртазаның “Ай мен Айша” кітабын ұстап отырғандығы жүрегімді жылытты. Менің де сүйікті жазушыларымның көшінің алдында тұрған шоқтығы биік Шерхан Мұртазаның “Ай мен Айша” кітабы ең таңдаулы шығармаларымның бірі. Оның үстіне “Бір кем дүние” кітабын бойтұмарымдай қадірлеп, “Құран” кітабындай құрметтеп, жанқалтама салып жүретінім тағы бар. Кей сәттерде шабыт шақыру үшін де кітапты бір ашып оқып, бетін сипалаған сәттерде ерекше әсерге бөленемін. Ал, бүгін газетіміздің бетіндегі “Сүйікті кітабым” атты алғаш шығып отырған айдарда “Ай мен Айша” кітабы туралы аз-кем толғамақпын. Кітаптағы көңілге түрлі ой салған оқиға желілерін жазбас бұрын, Шерхан атамыздың рухты сөзін ойқозғау үшін алға тартпақпын. “Егер әркім ақылына ақыл қосса, көз нұрына нұр қосылса, сезімін байыта түссе, жан дүниесін, рухани әлемін рахымдандыра берсе-шіркін, онда арамызда арамдық, арызқойлық, қызғаныш, тәкаппар тақастық, өтірік-өсек, жалақорлық, тағы не бар-барлық жағымсыз қылық арамыздан әрқашан аласталар еді” деген Шерағаңның осы бір қорқынышы қазіргі қоғамда жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаулауда. Мейірімсіз, қайырсыз қоғамда осындай былықтардың бетін қайтару үшін әрине, кітап оқу керек. Ақысына ақы сұрамайтын, үлкен олжаға жетелейтін, жансарайыңды байытатын кітап оқу ісін қолға алу жасқа да, кәріге де кеш болмайтын үлкен мектеп.
Халқымызда әкеге, анаға арналған кесек туындылар жетерлік. Ата-ананы Алладан кейінгі құдіретке балап жатамыз. Жақында ғана Шерхан Мұртазаның “Ай мен Айшасын” екінші қайтара оқып шықтым. Шығарма басталғаннан-ақ тұла бойыңды шымырлатып, кеудеңде бұғып жатқан алапат сезімді оятқандай күй кешесің. Балалықтың ауылынан әлдеқашан алыстап кеткен, есейе-ержете шартарапты шарлаған, дүниенің сан алуан ғаламатын көзбен көрген Шерханның түсіне ылғи анасы Айша, алыста қалған балалық шағы кіреді де тұрады. Сонда деймін-ау, алпыстан асқан абызға ауыз толтыра айтар ғаламаты бар, аузын айға білеген атағы бар әлемнің түкпір-түкпіріндегі Мысыр, Париж, Үндістаннан гөрі ат төбеліндей ғана Мыңбұлағының жердің жұмағындай болуының құдіреті анасы Айшада ма дерсің?! Бұл әсте анаға деген асқан сағыныштың қиялда қанат қағуынан болар. Бар болмысымен қабылдап, тура қалпында танып, кескін-келбетінен кемшілік көрмей, құдіретке балар киеміз-ата-ана ғой, шіркін!
“Ай мен Айшаны” мен мектеп қабырғасында жүргенде оқығанда тұтас жазылған роман болса, кейінгі жылдары қайта жарық көрген мұқабасында тарау-тарауға бөліп, әр бөлімге атау қойған екен. Жоғарыда айтып өткенімдей, Шерхан атамыз аузын айға білеген әлемнің талай алпауыт елдерін араласа да дәл Мыңбұлағындай жердің жұмағы жоқ екендігін тебірене жазуының астарында құдіретке балаған қайсар анасы Айшаның тұрғандығы тегін емес. Әкесі Мұртаза “Итжеккенге” айдалып кеткеннен кейін қайта оралмайды. Бес жасында көрген әкесі еміс-еміс есінде қалғанымен есейген шақтарында анасы Айша жиі түсіне ене береді. Алпыстың асқарына шыққанда оңашада ой қозғап, анасы туралы кесек шығарма жазуды ойға алып, дүниеге «Ай мен Айша» келеді. Оқығаннан-ақ қайғысы мен қиындығы қатар жүретін қатал тағдырға мойынсұнып, көзінің ағы мен қарасындай болған балаларының аяққа тұруы үшін талай ауыр кезеңдерді бастан өткерген Айшаның өмірін жазу арқылы сол кезеңдердегі қазақ басына төнген нәубет жылдарды, тарихымыздың қара беттерін де жазған шығарма тұла бойыңды шымырлатпай қоймайды. Жоқшылықтың кермек дәмін татып өскен бала Барысхан (шығармада Шерханның аты солай аталады) қанша ашықса да, анасы намысты нанға сатпауды үйретеді. Әкесі Мұртазаның қалыптастырып кеткен қағидаларын өз балаларының бойына сіңіруге Айша ана барын салады. Өзі колхоздың егіс даласында бозала таңнан бозара батқан күнге дейін еңбек етіп, бір уыс бидайды етегіне түйіп әкеледі. Оны қуырып балаларына береді, екі ұртына салып әбден шайнап, нәрін талғажау еткен балалары оған тоя қоймайды. Күндердің бір күнінде Барысхан көлдің арғы бетінде орналасқан ауылға барып үйрек ұрлап келеді. Қарашаның суығында малмандай су болып үйректі алып келгенде анасы баласына жекіп, ұрлықтың түбі қорлық екенін, алған затын қайта орнына апарып келуін бұйырады. Күннің суығы өңменінен өтіп тұрса да бала Барысхан анасының сөзінен кейін ұяттан өртенердей болады. Қайтадан тастай суды кешіп өтіп, үйректі немістің қорасына қайта апарып қояды. Тіпті қақаған қыста сирағын жағуға барған сәттерге дейін болады.
Шығармада оқиға шиеленісе түскен тағы бір әсерлі сәт бар. Бұл оқиғаны баяндап жатқанда Шерхан атамыз “Айшаның ашуын сіздер білмейсіздер. Арланынан айырылған қасқыр – құртқа да бір, Айша да бір” деп еске алуы анасының өр рухын, қайсар мінезін танытып тұрғандай. Бір күні бір отбасының жан бағып отырған қара ешкісі өрістен қайтпай қалады. Барысхан анасы Айша екеуі əр сайдың жағасында үркердей-үркердей болып, шоқиып-шоқиып отырған ауылдың үйді-үйін түк қалдырмай аралап шығады, бірақ ешкі табылмайды. Содан Айша қатты ашынғаны сонша “А, құдайлап аһ ұрады”. “Шиеттей үш жетімге рахымың түспеді ме, не жазып еді олар саған?” деп кемсеңдейді. Содан ертесіне Айша Барысханды ертіп алып қара ешкіні іздейді. Сонда сол ауылда өзі мешел Қамқа деген кемпір таңнан қара кешке дейін мелшиіп есік алдына күн ұзаққа отыратын. Ол Айшаға “Кешелі бері не іздеп жүрсің?” деп сұрақ қойғанда “Е, әже-ай, Мұртазаның сүйегін іздеп жүр дейсің бе, қара ешкіні іздеп жүрмін” дейді. Сол қара ешкі аспанға ұшып кеткендей жерді жеті айналып іздесе де табылмады. Айша қара ешкіні іздеуді тоқтатпа деп Барысханға табыстап, Тасбет бригадирдің қаһарына қалмай тұрғанда егіс басына барайын деп кетіп қалады. Әбден шым-шым тер шыққан Барысхан Айша егіске қарай бет алғанда Қамқа кемпірдің жанына келіп отырады. Көзі нашар көрсе де Қамқа қара жолдың арғы жағынан сонау қарайған тобылғының түбінде бірдеңе қимылдай ма, әлде маған қос көріне ме деп Барысханды сол жаққа нұсқайды. Қамқа әжесіне сеніңкіремесе де Барысхан лажсыздан сол жаққа қарай бет алады. Алыстан жақын көрінгендей болса да кәдімгідей жырақ жерге жетпей қойған ол жарты жолдан қайтып кеткісі келеді. Амал жоқ, барады. Қамқа әжесі айтқандай шын мәнінде қара ешкісі сол жерде жатыр екен, Барысханды көрген бойда маңыранып қоя береді. Жақындап барса, егіз лақ туған екен. Сол күні Айша үш жетімге уызынан беріп, ауыздары аққа жариды. Барысхан анасына «Қамқа көзі көрмейді ғой, біздің қара ешкіні қалай көріп қойды екен» дегенде Айша “Қамқа әжең әулие ғой, әруақтары көреді” деп тебіренеді.
Шығарманың әр оқиғасы жүрекке жетпей, тебірентпей қоймайды. Шүкіріңді арттырып, тәубеңе келтіріп, Құдайыңды танытып, әр оқыған сайын тамағыңды өксік кернейтін шығарманы кімге де болса ойланбай, ұсынуға даярмын. Тағы бір көңілді алай-дүлей қылған бір оқиғамен бөліссем. Барысхан небәрі 6-7 жастағы ойын баласы емес пе?! Өзінен кейінгі бауыры Батырхан 3 жасқа аяқ басса да мешел болып қалады. Анасы егіс даласына кетерде бауырын көзден таса қылмауын, бір сәт қалдырып кетер болса жанын көзіне көргізетінін айтып, табыстап кетеді. Ауылдың маңындағы көлдің басында балалар у-шу болып, асыр салып ойнап жатады. Барысханның бар ойы сол балалардың ортасында ойнау болады. “Тәуекел” деп, Батырхан бауырын арқасына салып, көл басына барады. Содан бауыры Батырханды отырғызып, өзі де балалармен көлге сүңги кетеді. Олардың ойыны судың ішіне басына дейін кіргізіп, жүзге дейін санағанша шықпау. Бірақ көңілі алай-дүлей Барысхан бауырын көру үшін судан ытқып шығады. Қараса, Батырхан мелшиіп бірдеңеге тесіле қарап қалыпты. Шошып отырған бауырын көрген Барысхан тезірек Батырханның жанына барады. Сөйтсе жанында шұп-шұбар, қара ала жылан бұратылып жатыр екен, аузында көкқасқа бақаны жұтып алған. Сол сәтте ол бауыры Батырханды алып артқа қарай жалма-жан шегіншектейді. Сөйтіп жаны қиналып жатқан көкқасқа бақаны көргенде жаны ашып, жалаң аяғымен келіп бір тебеді. Көкқасқа бақа аузынан ытқып шыққанда шұбар жылан суға қарай жорғалап, шолп етіп түсіп кетеді. Бірақ бақа сол жерде өледі. Оны көрген Барысхан жүрегі ауырады. Осы бір сәтті көзбен көрген бала Барысханның прототипі Шерхан оқиғаны былай түйіндейді: “Кейін, кейін күштінің əлсізді қалай қорлайтынын талай көрдім. Көрген сайын қарашұбар жылан менен көкқасқа бақа көз алдыма келе қалады. Ұмыта алмаймын. Дүние əлі солай. Өзгерген жоқ. Тек күс-күс жарылып кеткен, жарасына топырақ тығылып қалған өкшесімен əділетсіздікті теуіп кеп жіберетін адам табылмайды. Баяғыдай батырлық менде де жоқ”.
Әр оқиғаны түйіндегенде осындай көңілге ой саларлық салмағы ауыр сөздерді тек Шерхан Мұртаза ғана айта ала ма дерсің?! Көтерген жүгі ауыр көркем шығарманы бастан-аяқ айтып беруге бармын. Бірақ мендегі ой, көпті кітап оқуға шақыру емес пе?! Көзі қарақты оқырман менің алғашқы “Сүйікті кітабым” айдарының желісінде туған мәнді мақаламды оқығаннан Шерхан Мұртазаның “Ай мен Айшасын” алуға кітапханада кезекке тұрар ма деген үміт басым. Қазіргідей ит басына іркіт төгілген заманда адамзат баласы “Құдайға қол жайып сұрауды” да ұмытқалы қашан?! Құдіреті шексіз Құдайдың бары анық, Құдайға жығыларымыз анық… Сондықтан да бардың қадірін біліп, жүректі тазартып, шүкіршілігімізді арттырайық. Сіз де оқыған кітабыңызбен бөлісіңіз, ойлы оқырман! Тым болмаса, желісін маған айтып берсеңіз, жеткізуді маған қалдырыңыз. “Әулиеата кітап оқитын өңір” атты Жамбыл облысы әкімі Ербол Шырақбайұлының үндеуін жарасымды түрде жалғастырып, ойлы болуға бет түзейік!
Айғаным Асқарбек.