Ақпараттық портал

“Атадан – өсиет, анадан – қасиет”

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гимназияда “Біртұтас тәрбие” бағдарламасын іске асыру аясында 8 “А” сыныптың жетекшісі Джумагазиева Зухра Дженисбекқызы “Атадан – өсиет, анадан – қасиет” тақырыбында шеберлік сынып сағатын өткізді.
Шеберлік сынып сағаты барысында ақ жаулықты әжелеріміз оқушыларға ұлттық құндылықтарды, ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерді бойларына дарыту мақсатында ақыл-кеңестерін берді. Сондай-ақ қыздарға “құрақ көрпе тігу”, “жүн иіру”, “Киіз үйдің бөліктері”, “Кесте тігу” және басқа да өнерлерінің қыр-сырын үйретіп, өмірден түйген ақыл-кеңестерін, ырым-тыйымдарын айтып, жақсы кеңестері мен тәжірибелерімен бөлісті. Оқушылар апалардан көп нәрсе үйреніп, шеберліктерінің қыр-сырын ұғынды. “Әке-ана-оқушы” арасында “Сыңарын тап” мақал-мәтел жарысы ұйымдастырылды. Ата-аналар балаларымен бірге салт-дәстүрге байланысты мақалдың сыңарын тауып, мағынасын түсіндірді. Мақал-мәтел жарысы қызықты өтті. “Отбасындағы бақыт деген не?” тақырыбында ой өрбітіп, берекелі отбасының қандай болу керектігі туралы жасы үлкен қарияларымыз кеңестерін айтты.
Оқушы және ата-аналардың қатысуымен өткен сабақ маған қатты ұнады. Өзіме керек дүниелерді бойыма сіңіріп алдым десем қателеспеймін. Осындай тағылымы терең іс-шаралар жиі болып тұрса, жастар бойында ұлттық құндылықтың сақталуы, ата-дәстүрді құрметтеуі, тіл мен ұлттық киімнің сақталуы болатынына сенімім мол. Мектеп пен ата-ана, қоғам бірлесе жұмыс жасаса, жемісі мол болатынына осы іс-шарада көзім жетті.
Балауса Жанболат,
“Гимназия әлемі” үйірмесінің 8 “А” сынып оқушысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.