Мемлекет басшысына Маңғыстау облысындағы инвестициялық жобалар таныстырылды
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маңғыстау облысына жұмыс сапары Ақтау қаласындағы көтерме сауда-тарату орталығының жұмысымен танысудан басталды.
Мемлекет басшысына азық-түлік қауіпсіздігін сақтайтын мұндай нысанның аймақта алғаш рет салынғаны жөнінде баяндалды. Аталған орталық өңірді азық-түлікпен қамтамасыз ету, тұтынушылармен арадағы делдалдарды азайту және өнім бағасын төмендету мақсатында бой көтерген.
Аумағы 80 мың шаршы метр болатын кешенде 40 мың тонна өнім сақтауға болады. Жобаны жүзеге асыруға 5 миллиард теңге инвестиция тартылған. Жыл соңына дейін орталықтың екінші кезеңін іске қосу жоспарланған.
Қазіргі кезде өнім жеткізумен айналысатын отандық ірі кәсіпкерлермен келісімшарт жасау жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр.
Өңірдегі ірі инвестициялық жобалар қатарында Ақтау қаласындағы қуаты 160 МВт болатын бу-газ қондырғысының құрылысы, мультимодальді логистикалық-авиациялық хаб, кеме құрастыру верфі, бекіре балығын өсіру және уылдырық өндіру шаруашылығы, «Бозжыра» визит орталығын салу, сондай-ақ аммиак-карбамид кешенін іске қосу секілді елеулі жобалар бар.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа былтыр аймақ экономикасына 1,1 миллиард доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылғаны жөнінде мәлімет берілді. Құны 36 миллиард теңге болатын 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 530 тұрақты жұмыс орны ашылған. 5,7 триллион теңгеге 55 әлеуетті инвестициялық жобаның пулы жасақталды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауға сапары кезінде аймақтағы құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен кездесті. Мемлекет басшысы олардың ел ішіндегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтауға зор үлес қосып келе жатқанын атап өтті.
– Әділетті Қазақстанды құру және «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда терең орнықтыру үшін табанды еңбек етіп жүрсіздер. Қауіп-қатерге қарамастан, барлық жүктелген міндетті абыроймен атқарып жатырсыздар. Адал қызметтеріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін. Бүгін мен аймақта қауіпсіздікті сақтау үшін мінсіз қызмет етіп жүрген бірқатар күштік құрылым өкілдерін мемлекеттік наградамен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Жалпы, мен Мемлекет басшысы ретінде құқық қорғау органдарының қызметкерлерін әрдайым қолдаймын, еңбектеріңізді жоғары бағалаймын. Алдағы уақытта да мемлекеттің тірегі, халықтың қорғаны болып, адал қызмет етесіздер деп сенемін, – деді Президент.
Мемлекет басшысының Жарлығымен қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін офицерлер мен сержанттарға II дәрежелі «Айбын» ордені, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдары тапсырылды.
Аkorda kz