Бірлігіміз бекем болсын!
Аудан әкімі Б.Жәнібековтің 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтауы
Құрметті аудан тұрғындары!
Баршаңызды еліміздің шуақты мерекесі – 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Аспанымыз ашық, тыныштығымыз тұрақты бола берсін!
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігін айшықтап, халқымызды етене жақындастыра түсетін, тағдыр табыстырған алуан этностың басын бір шаңырақ астына біріктіретін тағылымды күн. «Туған жер – алтын бесік» деген аталы сөз бар. Баршамыздың ортақ Отанымыз – Тәуелсіз Қазақстан бізді жұмылуға шақыратын алтын бесігіміз. Ал, осы Тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін, баршамызды жаңа белестерге жетелейтін күшіміз, ол – ауызбіршілігіміз болып табылады.
Біз әрқашанда «Берекені көктен емес, бірлігі мол көптен тілеу қажет» деген Төле би бабамыздың ұлағатты сөзін ұмытпауымыз қажет. Себебі, тарихында талай «тар жол, тайғақ кешуді де», өркендеп-өсуді де көрген ұлтымыздың ең асыл қазынасы – елдің ынтымағы мен бірлігі бола бермек. Қазақстанның барлық тарихы бірліктің алтын әрпімен жазылған. Жұдырықтай жұмылып, бір қолдың алынбайтын қамал болмас. Егемендіктің ескегін ескен елімізде түрлі ұлттың өкілдері еркін өмір сүруде. Осының өзі ұлтың бөлек, тілің өзге, дінің басқа деп бөлмейтін елімізде тұрақтылықтың тұғыры биік екендігін айғақтап тұр.
Отыз төрт жылды артқа қалдырған Тәуелсіз Қазақстанымыздың жүрегі бір, тілегі ортақ түрлі этнос өкілдері «Бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай» ғұмыр кешіп жатқандығы – мызғымас бірліктің жемісі. Тыныштығы тұрақсыз елдің тірлігі тұрлаусыз болатыны баршаңызға мәлім. Ондай жерге бақ бұйырмайды, болашағы баянды болмайды.
Құрметті жерлестер!
Осынау нұрлы мерекеде баршаларыңыздың отбасыларыңызға амандық, зор денсаулық, жақсылық тілеймін! Түрлі тосын оқиғалардан аман болып, тек сәбилердің шат күлкісі мен әуелеген әнін естіп, бақытты күніміз баянды болғай. Ардақты атамекеніміздің іші даудан, сырты жаудан аман болып, ынтымағымыз ыдырамасын. Барлықтарыңызға бақуатты тірлік, бұзылмас бірлік тілеймін. Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын!