Ақпараттық портал

Жақсылық жалғасын табуда

Келер аптада жаңа оқу жылы басталып, алғашқы қоңырау сыңғыры естілмек. Оқушылар алтын ұя мектептеріне асықса, ата-аналар балаларын мектепке әзірлеп әлек болады. Қазіргі таңда ұл-қыздарын оқуға дайындау ата-аналардың қалтасына оңай соқпайтыны анық. Киім-кешек пен оқу құралын, ұсақ-түйекті түгелдеп біткенше төзім таусылары анық.
Дегенмен, Шу ауданында игі іске ынталы инвесторлар жоқ емес. Біз олар туралы басылымның өткен санында баяндап бергенбіз. Сауапты жұмысты жалғастырушы компаниялар баршылық. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы саласында айшықты еңбек етіп жүрген «Qyzylsha Zher» ЖШС бар. Аталмыш серіктестік жуырда ғана Ескі-Шу ауылдық округіндегі көпбалалы отбасылардың балаларын қуантып, мектепке қажетті жарақтармен қамтамасыз еткен болатын. «Halyk Fund» қорымен бірлескен қайырымдылық шарада 60 балаға көмек көрсетілді.
Ауылдық мәдениет үйінде ұйымдастырылған шараға аудан әкімінің орынбасары Найманхан Абдрашев қатысып, демеушілік танытқан компанияға алғысын білдірді. Сонымен қатар, оқушыларды озат болуға шақырып, келе жатқан білім күнімен құттықтады.
-Бүгінгі шараның маңызы ерекше. Қазіргідей қарбалас сәтте «Qyzylsha Zher» ЖШС ауыл балаларын қуантып отыр. Бұл көпбалалы отбасылар үшін үлкен қолдау. Бүгінде аудан көлемінде «Мектепке жол» акциясы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Оған жанашыр жандар атсалысып, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қарайласып жүр. Серіктестік басшылығына және «Halyk Fund» қорына өзімнің және ауыл тұрғындары атынан алғысымды айтамын,-деді Найманхан Айдарханұлы өзінің лебізінде.
Ізгі ниеттерге ауылдық округ әкімі Нұрлан Абашов пен ата-аналар да қосылып, серіктестік басшылығына ризашылықтарын білдірді.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.