Ақпараттық портал

Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясында ЕҚЫҰ-ның ұзақ мерзімді байқаушыларымен кездесу өтті

2026 жылғы 20 шілдеде Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) ұзақ мерзімді халықаралық байқаушылар миссиясының өкілдерімен ресми кездесу өтті.

Кездесудің негізгі мақсаты –2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық барысымен таныстыру, өңірде атқарылып жатқан ұйымдастыру жұмыстары жөнінде жан-жақты ақпарат алмасу, сондай-ақ халықаралық байқаушылардың сайлау процесін бақылауға қатысты өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылау болды.

Кездесу барысында Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов өңірдегі сайлау науқанына дайындық жұмыстарының негізгі бағыттарына кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, сайлау комиссияларының қызметін ұйымдастыру, төмен тұрған аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының жұмысын үйлестіру, сайлау процесіне қатысушылардың құқықтарын қамтамасыз ету, сайлау заңнамасының талаптарын сақтау, сондай-ақ ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы толық мәлімет берді.

Сонымен қатар, сайлау процесі Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауды дайындау мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес, кезең-кезеңмен жүріп жатқанын және сайлау науқаны заң талаптарына сәйкес ашықтық және жариялылық қағидаттарына негізделіп ұйымдастырылып жатқандығын айтты.

Сайлау комиссияларының барлық қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясы мен сайлау туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылып, сайлау процесінің әр кезеңінде заңдылықтың сақталуына ерекше назар аударылып отырғаны атап өтілді.

Кездесу барысында халықаралық байқаушыларды қызықтырған бірқатар мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, кандидаттарды ұсыну және тіркеу тәртібі, сайлаушылар тізімдерін нақтылау, дауыс беру күніне дайындық, сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі, мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беру құқықтарын іске асыру үшін жасалып жатқан жағдайлар, бұқаралық ақпарат құралдарымен және байқаушылармен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша жан-жақты ақпарат берілді.

Өз кезегінде ЕҚЫҰ-ның ұзақ мерзімді байқаушылары өңірдегі сайлауалды дайындық жұмыстарының барысына қызығушылық танытып, халықаралық байқау миссиясының негізгі міндеттері туралы баяндады. Олар сайлау науқанының барлық кезеңін, сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын бағалауға ерекше мән беретінін жеткізді.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Облыстық сайлау комиссиясы сайлау науқаны барысында өзара ақпарат алмасуды жалғастыруға, халықаралық байқаушылардың қызметіне қажетті жағдай жасауға және сайлау процесінің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін білдірді.

Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы

Leave A Reply

Your email address will not be published.