208 мыңнан астам оқушы жазғы сауықтыру шараларымен қамтылуда
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Жамбыл ауданының Гродеково ауылында орналасқан «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығына арнайы барып, тексерді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұрын Президент резиденциясы ретінде пайдаланылған бұл нысан бүгінде балалардың игілігіне қызмет етіп келеді. 2023 жылы орталықтың ғимараты мен жылу жүйесіне күрделі жөндеу жүргізіліп, материалдық-техникалық базасы жаңартылды.
Орталық жыл бойы 16 ауысыммен жұмыс істейді. Әр ауысымда облыстың барлық аудан-қалаларынан келген 5-9 сынып оқушылары, яғни 10-15 жас аралығындағы балалар қабылданады.
Орталық директоры Салтанат Құрманованың айтуынша, жазғы кезеңде бір ауысымның ұзақтығы 15 күн болса, оқу жылы барысында балалар 20 күндік сауықтыру және білім беру бағдарламасымен қамтылады.
«Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығының инфрақұрылымы балалардың жан-жақты дамуына бағытталған. Мұнда 10 оқу кабинеті бар жеке оқу ғимараты, шығармашылық және коворкинг орталықтары, тоғыз жатын корпус, асхана, спорт алаңы, воркаут аймағы, медициналық блок, бассейндер, монша және гольф клубы жұмыс істейді.
Орталық ашылғалы бері мұнда 2 757 бала демалып, сауықтыру бағдарламаларынан өткен.
Жалпы, биыл Жамбыл облысында 208 235 оқушыны жазғы сауықтыру және түрлі демалыс шараларымен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда 198 186 бала жазғы демалыстың әртүрлі түрлерімен қамтылып отыр.
Атап айтқанда, 31 967 бала мектеп жанындағы тамақтандырылатын лагерьлерде, 157 471 бала мектеп жанындағы демалыс алаңдарында, 5 360 бала қала сыртындағы лагерьлер мен «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығында, 3 220 бала ата-аналар мен кәсіподақ ұйымдарының қаражаты есебінен, ал 168 бала республикалық лагерьлерде демалуда.
Өңірде барлығы 407 мектеп жанындағы лагерь мен 6 қала сыртындағы сауықтыру лагері жұмыс істеп, балалардың шығармашылық, мәдени, спорттық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға мүмкіндік жасап отыр.
Орталықты аралау барысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету барлық лагерьдің негізгі басымдығы болуы тиіс екенін ерекше атап өтті. Ол жазғы демалысты сапалы ұйымдастырумен қатар, балаларды сауықтыру шараларымен толық қамту және қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Жамбыл облысы әкімінің
баспасөз қызметі.