Білім сапасы мен адами капитал – жаңа оқу жылының басты бағдары
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен ғылымды еліміздің ұзақ мерзімді дамуының негізгі тірегі ретінде айқындап, өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге айрықша мән беріп келеді. Өйткені мемлекеттің ертеңгі бәсекеге қабілеттілігі ең алдымен білімді, еңбекқор, жаңашыл әрі жауапкершілігі жоғары ұрпақ қалыптастырумен тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда білім сапасын арттыру, адами капиталды дамыту және педагогтердің кәсіби әлеуетін күшейту – бүгінгі білім беру жүйесінің басты міндеті.
Осы мақсат-міндеттерді саралап, өткен оқу жылының қорытындысын шығару және алдағы кезеңнің басым бағыттарын айқындау мақсатында аудандық мәдениет үйінде «Білім сапасы мен адами капитал: жаңа оқу жылындағы өңірлік басымдықтар» тақырыбында білім қызметкерлерінің дәстүрлі Тамыз конференциясы өтті.
Алқалы жиын аудандық мәдениет үйінің алдындағы және фойесіндегі білім беру ұйымдарының жетістіктері қойылған көрмеден басталды. Конференция қонақтары ең алдымен мектепке дейінгі білім беру ұйымдары әзірлеген шығармашылық жұмыстармен танысты. Мұнда балабақша педагогтері мен тәрбиеленушілерінің қолынан шыққан түрлі бұйымдар, қалдық заттарды тиімді пайдалану арқылы жасалған дүниелер, балаларды ерте дамытуға бағытталған танымдық, шығармашылық жұмыстар көпшілік назарына ұсынылды.
Көрменің келесі бөлігінде қосымша білім беру ұйымдары тәрбиеленушілерінің қолөнер және шығармашылық жұмыстары қойылды. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен қатар, олардың бойындағы қабілетті ерте анықтап, шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған жұмыстар келушілердің қызығушылығын тудырды.
Жалпы орта білім беру ұйымдарының көрмесі заманауи технологиялық бағыттағы жобаларымен ерекшеленді. Оқушылардың жасанды интеллект мүмкіндіктерін меңгеру арқылы әзірлеген жобалары, цифрлық технологияларға негізделген ізденістері, робототехника үйірмелері тәрбиеленушілерінің өздері құрастырған роботтары таныстырылды. Бұл жұмыстар аудан мектептерінде оқушылардың цифрлық сауаттылығын және жаңа технологияларды меңгеру қабілетін дамытуға бағытталған жұмыстардың нәтижесін көрсетті.
Көрмеден кейін конференция жұмысы пленарлық отырыспен жалғасты. Алқалы жиынға Шу ауданының әкімі Бақытжан Оразалыұлы Жәнібеков, аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әлкенұлы Әбенов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жаратылыстану ғылымдарының магистрі Руслан Әділханұлы Қаратабанов, білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтер, білім саласының еңбек ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.
Пленарлық отырыс Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Одан кейін қатысушылар назарына Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Адами капиталдың сапасын дамытудағы білім берудің өңірлік жүйесі» тақырыбындағы бейне-таныстырылымы мен Шу ауданының білім бөлімінің бір жыл атқарған жұмыстарының бейнеролигі ұсынылды.
Конференцияның негізгі бөлімінде Шу ауданы білім бөлімінің басшысы Жайдар Саттарқұлұлы Жазықбаев ауданның білім беру жүйесінде 2025–2026 оқу жылында атқарылған жұмыстарды қорытындылап, қол жеткізілген нәтижелерді саралады. Сондай-ақ жаңа оқу жылындағы міндеттер мен білім сапасын арттыруға бағытталған басымдықтарға тоқталды.
Баяндамада аудан білімінің негізгі көрсеткіштерінің бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесіне ерекше назар аударылды. 2025–2026 оқу жылында аудан бойынша 1 234 оқушы 11-сыныпты аяқтап, оның 915-і немесе 74,1 пайызы ҰБТ тапсырған. Аудан бойынша орташа балл 74,1-ді құрап, өткен оқу жылындағы 71,3 балмен салыстырғанда 2,8 балға жоғарылаған.
Биылғы жылдың ең елеулі жетістіктерінің бірі – облыс бойынша ҰБТ-дан ең жоғары 140 балл жинаған төрт түлектің бірінің Шу ауданынан шығуы. С.Сейфуллин атындағы орта мектептің түлегі Қыдырбек Іңкәр максималды 140 балл жинап, аудан мерейін үстем етті. Сонымен қатар ауданның тағы үш түлегі 135 балдан жоғары нәтиже көрсетті.
Білім сапасын арттыруда білікті педагог кадрлардың орны ерекше. Осы бағыттағы жұмыстар да бөлім басшысының баяндамасында қамтылды. GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары болған жоғары оқу орны түлектерін конкурстық рәсімдерден өткізбей жұмысқа қабылдау мүмкіндігі аясында ауданның білім беру ұйымдарына 7 жас маман қабылданған. Бұл – білім ұйымдарын жаңа буын мамандарымен толықтырып, кадрлық әлеуетті күшейту бағытындағы маңызды қадам.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында атқарылған ауқымды жұмыстар айтылды. 2026 жылы қордың қолдауымен ауданның 11 мектебіне жалпы сомасы 512 млн 302 мың 390 теңгеге әр мектепке үштен жаңа модификацияланған кабинет берілді. Аталған кабинеттерді қосымша техникалық жабдықтауға 30 млн 784 мың 84 теңге бағытталды.
Білім беру нысандарының жағдайын жақсарту жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. 2026 жылы Абай, Мойынқұм және С.Естемесов атындағы үш мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 683 млн 919 мың 265 теңге бөлінді. Сонымен қатар Шу қаласындағы «Ақбота» және «Балдәурен» бөбекжай-бақшаларында жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Балалардың жазғы демалысын мазмұнды ұйымдастыру, сауықтыру және әлеуметтік қолдау шаралары да баяндаманың маңызды бөлігін құрады. Мектеп жанындағы жазғы сауықтыру лагерьлерімен 9 130 оқушы қамтылып, оның 850-і ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. 8–10 сыныптардағы 902 оқушы еңбек жасақтарына тартылды.
Жуалы ауданындағы «Берікқара» лагерінде 589 бала демалып, бұл мақсатқа 19 млн 986 мың 074,8 теңге жұмсалды. Сондай-ақ 863 баланың бассейнге баруына 2 млн 402 мың 071 теңге бағытталса, 1 605 баланы қажетті киім-кешекпен қамтамасыз етуге 126 млн 560 мың теңге қарастырылды.
Осылайша, бөлім басшысының баяндамасында білім сапасындағы оң динамикадан бастап, педагог кадрлармен қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту, жөндеу жұмыстарын жүргізу, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мен әлеуметтік қолдауға дейінгі негізгі бағыттар нақты көрсеткіштермен қамтылды. Сонымен қатар жаңа оқу жылында білім сапасын одан әрі арттыру, педагогтердің кәсіби әлеуетін күшейту, цифрлық технологияларды тиімді енгізу және тәрбие жұмысын жетілдіру бағытындағы міндеттер айқындалды.
Конференцияда қазіргі білім беру жүйесіндегі маңызды бағыттардың бірі – жасанды интеллект мүмкіндіктерін оқу үдерісіне тиімді енгізу мәселесі де кеңінен сөз болды. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жаратылыстану ғылымдарының магистрі Руслан Әділханұлы Қаратабанов «Жасанды интеллект дидактикасының басты қағидаттары» тақырыбында баяндама жасады. Ол жасанды интеллект құралдарын білім беру үдерісінде тиімді пайдалану, педагогтердің цифрлық құзыреттілігін жетілдіру және жаңа технологияларды оқыту әдістемесімен ұштастыру мәселелеріне тоқталды.
Алқалы жиында Шу ауданының әкімі Бақытжан Оразалыұлы Жәнібеков сөз сөйлеп, ұстаздар қауымының жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі еңбегіне жоғары баға беріп, жаңа оқу жылында аудан білімінің көрсеткіштерін одан әрі жақсарту жолындағы жұмыстарға табыс тіледі.
Конференцияның ерекше сәті – саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаздар мен білім саласында нәтижелі еңбек етіп жүрген педагогтерді марапаттау рәсімі болды.
Білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосып, кәсіби қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген бірқатар ардагер ұстаздар мен педагогтер «Ерен еңбегі үшін», «Білім беру саласының үздігі», Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгілермен марапатталды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды.
Ауданның дамуына және білім саласына сіңірген еңбегі үшін бірқатар азаматтарға «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, ауданның Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары берілді. Сонымен қатар Шу ауданы білім бөлімінің «Құрметті ұстазы», «Шу ауданының білім саласына сіңірген еңбегі үшін», «Жаңашыл ұстаз» төсбелгілері, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталып, сала қызметкерлерінің еңбегі лайықты бағаланды.
Дәстүрлі Тамыз конференциясы – өткен оқу жылында атқарылған жұмыстарды қорытындылайтын жиын ғана емес, білім саласының алдағы бағытын айқындап, ұстаздар қауымына жаңа серпін беретін маңызды кәсіби алаң. Биылғы басқосуда көтерілген мәселелер де уақыт талабымен үндесіп, сапалы білім беру, адами капиталды дамыту, заманауи технологияларды меңгеру, педагогтің кәсіби деңгейін көтеру және ұлттық құндылықтарға негізделген саналы ұрпақ тәрбиелеу міндеттерімен сабақтасты.
Жаңа оқу жылы – жаңа міндеттер мен жаңа мүмкіндіктер кезеңі. Ал оның табысты болуы ең алдымен ұстаздың біліміне, кәсіби шеберлігіне, ізденісі мен жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан білім саласына салынған әрбір инвестиция, ұстаз еңбегіне көрсетілген әрбір қолдау және оқушының әрбір жетістігі – ауданның ғана емес, ел болашағына жасалған маңызды қадам.
Айғаным Асқарбек.