Ақпараттық портал

ҚАЛАЛЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МЕН ТҰРҒЫНДАР ИГІЛІГІНЕ БАСЫМДЫҚ

«Әділет» партиясынан №8 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Шу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Аблезов Ерлан Нұрланұлы

0

«Әділет» партиясынан №8 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Шу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Аблезов Ерлан Нұрланұлы 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын ұсынды. Бағдарламада қала инфрақұрылымын жаңғырту, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру және тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыру мәселелері қамтылған.

Өмірбаяны және еңбек жолы

Аблезов Ерлан Нұрланұлы 1985 жылғы 20 желтоқсанда Жамбыл облысы Шу ауданының Төле би ауылында дүниеге келген. Отбасылы, төрт баланың әкесі.

2008 жылы Алматы энергетика және байланыс институтын «Инженер-электрик» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2010 жылы Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде «Экономист» мамандығын игерген. 2022 жылы Логистика және транспорт академиясын «Электроэнергетика бакалавры» мамандығы бойынша аяқтаған.

Еңбек жолын 2008 жылы «ҚТЖ» ҰК» АҚ жүйесінде электромонтер болып бастаған. Кейін электромеханик, бірінші санатты инженер, жетекші инженер, тартым қосалқы станциясының бастығы, өндірістік-техникалық бөлім бастығы, директордың орынбасары, электрмен жабдықтау дистанциясының директоры және бастығы сияқты жауапты қызметтерді атқарған. 2022 жылдан бері «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы Шу электрмен жабдықтау дистанциясының бастығы қызметін атқарып келеді.

Көпжылдық басқарушылық және өндірістік тәжірибе кандидаттың инфрақұрылым, энергетика және коммуналдық жүйелерге қатысты мәселелерді терең түсінуіне негіз болған.

Сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары

Ерлан Аблезовтің бағдарламасында қала тұрғындарының күнделікті өміріне тікелей әсер ететін он бағыт айқындалған.

Жолдар, көлік және инженерлік инфрақұрылым

Кандидат Тоқташ және Ақкөл көшелерінің қиылысын орташа жөндеуге, жаяу жүргіншілер жолдарын салуға ықпал етуді көздейді. Сонымен қатар Тораңғы және Рысбек батыр көшелеріндегі жарықтандыру жүйесін жаңғырту, көше шамдарының санын арттыру және инженерлік желілердің тұрақты жұмысын бақылау мәселелері қамтылған.

Кәсіпкерлік және жұмыспен қамту

Бағдарламада «Ауыл аманаты» аясында жеңілдетілген несиеге қолжетімділікті кеңейту, отбасылық кәсіпкерлікті, қосалқы шаруашылықтар мен кооперативтерді дамытуға жәрдемдесу көзделген. Шағын бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға қолдау көрсету де негізгі міндеттердің бірі ретінде белгіленген.

Абаттандыру және балаларға қолайлы орта

Шәкіров пен Қонаев көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлер аулаларын көркейту, қоғамдық кеңістіктерді жайластыру, Жайсаң, Шәкіров және Қонаев көшелерінде балалар ойын алаңдары мен street workout спорт аймақтарын салуға ықпал ету ұсынылған. Сондай-ақ «Жеңіс» саябағында тұрғындар мен балаларға арналған аквапарк салу бастамасын қолдау көзделген.

Әлеуметтік қолдау және цифрландыру

Қарттар, балалы отбасылар және мүгедектігі бар азаматтар үшін мемлекеттік әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, әлеуметтік осал топтардың тұрмыс жағдайын жақсартуға ықпал ету жоспарланған. Бағдарламада ұялы байланыс пен интернет сапасын жақсарту, қала мекемелерін цифрландыру және электрондық мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін кеңейту міндеттері де бар.

Таза әрі жайлы қала

«Таза Қазақстан» бастамасы аясында көшелерді абаттандыру, қалдықтарды жинау мен шығаруды жетілдіру, көгалдандыру жұмыстарын күшейту және тұрғындарға қолайлы қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру мәселелеріне басымдық берілген.

Ашықтық пен жауапкершілік – басты ұстаным

Кандидаттың бағдарламасында тұрғындардың пікірін ескеру, көтерілген мәселелерді жергілікті жоспарлар мен бюджетте қарауға ықпал ету, сондай-ақ атқарылған жұмыстар туралы ашық есеп беру қағидалары көрініс тапқан.

Ерлан Аблезов депутат болып сайланған жағдайда, инфрақұрылымды жақсартуға, әлеуметтік қолдауды күшейтуге және қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде көтеруді көздейді. Бағдарламаның негізгі өзегі – халық сенімін нақты іспен ақтау және туған өлкенің дамуына үлес қосу.

 

Дайындаған:  “Шу аудандық баспасы” ЖШС

Тапсырыс беруші: Аблезов Ерлан Нұрланұлы

Шу аудандық мәслихатының депутаттығына кандидаттың сайлауалды үгіт материалы республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді

Leave A Reply

Your email address will not be published.