СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ 1 МАУСЫМДА СОҒЫЛАДЫ
Барлық ғылымның бастауы болып табылатын білім саласы қай кезеңде болмасын өзіндік рөлін жоғалтпақ емес. Осыған орай, әр жыл сайын бұл салада түрлі өзгерістер мен жаңашылдықтардың орын алып отыруы да заңдылық деп білеміз. Соның бір дәлелі ретінде, орта білім беру ұйымдарында 2022-2023 оқу жылының басталуы, ұзақтығы және демалыс кезеңдері бойынша енгізілген өзгерістерді атап айтуға болады.
Нақты айтар болсақ, ҚР Оқу-ағарту министірінің 2022 жылғы тамыз айындағы бұйрығына сәйкес оқу жылының ұзақтығы 1-сыныптарда 35 оқу аптасы, 2-11(12)-сыныптарда 36 оқу аптасы болып бекітілді. Ал, мектептердегі соңғы қоңырау күні 31-мамырға белгіленген болатын.
Алайда, жуырда мәжіліс депутаттары мектептердегі соңғы қоңырау күнін кейінге шегеру мәселесін қозғады. Бұл жаңалықтан қалың бұқара теледидар, басқа да ақпарат құралдары арқылы хабардар болды деген сенімдеміз. Дәлірек айтқанда, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Мәжілістің жалпы отырысында «Ел тарихында қазақ халқының тағдырына қауіп төндіретін қиыншылықтар мен зұлматтар көп болды. Қазақ халқын жоюға бағытталған осындай сұмдық әрекеттердің бірі – Кеңес өкіметі тұсында әдейі ұйымдастырылған ашаршылық пен қазақ қайраткерлерінің жазықсыз жер аударылуы. Дәл осы сұрапыл жылдарды есте қалдыру және сабақ алу мақсатында 31 мамыр – ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды»- дей келе, мектептердегі соңғы қоңырау күнін 30-мамыр немесе 1-маусымға ауыстыру қажеттігін алға тартты. Сонымен қатар, бұл мәселенің ешқандай талқылауды қажет етпейтін, әділ талап екендігін де баса айтқан болатын.
Көп ұзамай бұл азаматтың депутаттық сауалы ескеріліп, нәтижесінде білім ошақтарындағы соңғы қоңырау күні 1 маусымға ауыстырылды. Ал, Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова: «Қазақстан мектептерінде оқу жылының ұзақтығы 36 аптаны құрайды. Баршамызға белгілі, оқу жылы 1 қыркүйекте басталады. Биылғы оқу жылы 31 мамырда аяқталады. 31 мамыр – мектеп күні, сабақтан басқа балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, сыныптан тыс шаралар өткізіледі. 1 маусымда балалар ресми түрде соңғы қоңырауға шығады. Бұл күн Халықаралық балаларды қорғау күні. Осы мерекемен қатар соңғы қоңырау соғылады»,-деді. Яғни, 2022-2023 оқу жылындағы соңғы қоңырау 1 маусымда өткізіледі.
Министрлік тарапынан оқу аптасының ұзартылуының өзіндік себептері де бар. Басты мақсат – білім алушылардың білім сапасындағы олқылықтардың орнын толтыру яғни, үлгерімі төмен білім алушылармен жеке жұмыс жүргізуді ұйымдастыру, ерекше білім беруді қажет ететін білім алушыларға тиімді психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету, оларды оқу бағдарламаларына бейімдеу болып табылады.
Сондай-ақ, аталмыш салада соңғы жылдың ішінде мектептердің оқу бағдарламасына қатысты өзге де бірқатар жаңашылдықтар орын алды. Мысалы, биылғы оқу жылынан 1-сынып оқушылары үш тілді қатар оқымайды. Ағылшын тілі тек үшінші сыныптан бастап оқытылады. Яғни, қазақ тілді мектептерде 1-сынып оқушысы тек қазақ тілін үйренеді де, екінші сыныпта орыс тілі енгізіледі. Ал, орыс тілді мектептерде қазақ тілі мен орыс тілі қатар оқытылады. Үшінші сыныптан бастап барлығы ағылшын тілін меңгеруді бастайды. Бұған қоса, 1-сыныпта ерте кәсіптік бағдар беру мақсатында Көркем еңбек пәні екі пәнге бөлінді. Нәтижесінде «Еңбекке баулу» және «Бейнелеу» өнері пәндері оқытылатын болды. Тағы бір жағымды жаңалық – халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздары мен олардың педагогтеріне бір реттік ақшалай сыйақы беріледі.
Аталған жаңашылдықтарды ата-аналар қауымы да құптайды деп білеміз. Әсіресе, бастауыш сыныптарда шетел тілдерінің сатылап оқытылуы ата-ана үшін де, оқушы үшін де орынды болғандай. Ал, халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздарын ынталандыру оқушының талабын ұштап, қызығушылығын арттырса, екінші жағынан мұғалімнің білім беруге деген жігерлілігін шыңдай түсетіні анық. Түптеп келгенде, мұның барлығын еліміздің білім сапасын көтеру, саналы ұрпақ қалыптастыру, сол арқылы өркениетті елдердің алдыңғы сапынан орын алу жолындағы қадамдар деп түсінген абзал.