Кім кімді алдап жүр?
Баспа басылымдары қай кезде де қоғам өкілдерінің сенімді серігі ретінде әр кезеңмен бірге жасап, заман көшінен қалмай, ел өміріндегі маңызды оқиғалардың жаршысы болып келеді. Сонымен қатар, мұнда жалпы көзі ашық, көкірегі ояу жұртшылық өкілдері өздерін алаңдатқан мәселелер туралы ой толғап, оны билік өкілдеріне газет арқылы жеткізе отырып, түйткілдің түйінін тарқатуға тырысады. Алайда, өкінішке қарай көп жағдайда жергілікті билік өкілдері әсіресе, салалық басшылар газет бетінде көтерілген мәселелерге база назар аудара қоймайды. Соған қарамастан, біз өз міндетімізді лайықты орындауға, халық пен билік арасында сенімді көпір орнатуға күш салудамыз және ол әрі қарай да жалғаса беретін болады.
Қоғамдағы көкейкесті мәселелердің көтерілуіне кей жағдайда жергілікті жұртшылық өкілдерінің өздері себепкер болып жататындығының бір дәлелі ретінде төмендегі жәйтті атап өткім келеді.
Жуырда жергілікті тұрғындар тарапынан өз газетімізге қатысты айтылған сыни пікірлердің куәсі болдым. Қандай ортада болмасын, көпшілік жиылған жерлерде де газеттің тұрғындарға уақытылы жеткізілмеуіне байланысты әңгімелер естіліп жатады. Нақты айтқанда, мәселе аудандық пошта байланыс торабының қызметіне қатысты. Өзім бұқаралық ақпарат құралдары саласында қызмет етіп келе жатқандықтан, өз қызметімізге қатысты мәселеге көз жұма қарай алмадық. Сөзіміз дәлелді болуы үшін тұрғындардың пікірін де жариялағанды жөн көрдік.
– Өңірдегі мемлекеттік медициналық мекемеде жұмыс жасаймын. Өзім үстіміздегі жылға бір ғана облыстық «Ақ жол» газетіне жазылған едім. Қаңтар айынан наурыз айына дейін бір газет алмадым. Сәуір айының соңына таман жиналған бес газет бір-ақ келді. Ал, мамыр айына 7 газет бір келді,-дейді Камила есімді Шу қаласының тұрғыны.
Газеттің уақытылы жеткізілмеуіне куәгердің бірі өзіммін. Өткен айларда Шу қаласы, «Қосқұдық» мөлтек ауданындағы мекенжайыма екі-үш аптаның газеті жиналып, бір-ақ келетін. Осыған орай, алғашында пошта бөлімшесіне хабарласып, газеттің кеш келетіндігіне уәжімді айтқан болатынмын. Көп ұзамай пошта қызметкерінің аулаға бірнеше газет қалдырып кеткенін байқадым. Қолыма түскен газеттерді ақтарып отырып, мекенжайы басқа, өзге жазылушының да газеттері бірге жүргенін аңғардым. Осы іске қарап, біреудің газетін маған не үшін қалдырып кетті? Ол газеттің иесі газетін іздемейді ме? Егер, сұрай қалса, пошташы ол адамға не деп жауап береді? Сонда маған «Сен-ақ тыныш болшы» дегеннің кебін кигізіп кеткен бе?-деген сан сауалдың астында қалдым. Орын алған келеңсіздіктердің қызметкерлердің қысқартылуы немесе жұмыс күшінің жетіспеушілігі сынды өзіндік себептері бар шығар деген ой да болды. Сол себептен, аудандық пошта байланыс торабының басшысы Срайлова Анархан Тайбағарқызына жолығып, мән-жайды білмек болдық.
Басшының айтуынша, әр ауылдық округте пошта жұмысына жауапты өзіндік қызметкерлері бар. Сондай-ақ, Шу қаласы бойынша Сәтбаев көшесіндегі темір жол бекеті маңында орналасқан және Балуан Шолақ көшесіндегі «Еркем-ай» тіс емдеу орталығы маңындағы 2 пошта бөлімшесі және 14 пошташы халыққа қызмет көрсетеді.
-Біздегі пошташылар штат саны бойынша жеткілікті және жексенбіден басқа аптаның алты күнінде жұмыс жасайды. Республикалық, облыстық, аудандық сынды түрлі деңгейдегі басылымдар болғандықтан, олардың баспадан жарық көретін күндері де әртүрлі екені белгілі. Бірақ біз әр газетті күтіп отырмаймыз, бір-біріне қосып жинамаймыз. Баспадан жеткізілген газетті бір күн де ұстамай, уақытылы таратамыз. Кей жағдайда техникалық ақауларға байланысты баспадан кеш келетін басылымдар болады. Мұндай жағдайда арнайы акт толтырылып, өзіндік себептері көрсетіледі. Ал, апта соңында жарыққа шығатын газет-журналдар дүйсенбі күні таратылады,-дейді Анархан Тайбағарқызы.
Басшының сөзіне сенсек, олардың қызметінде мін жоқ. Сонда кінәні кімнен іздейміз? Пошташылардың міндеті тұрғындарға келген хат-хабарлар мен баспа басылымдарын өз иелеріне уақытылы жеткізу екені баршаға мәлім. Солай бола тұрса да, бұл қызметке халықтың өкпе-назы көп. Әлде учаскіге бекітілген пошташының жауапкершілігі төмен бе? Бұл мәселе де басшының назарынан тыс қалмады. Біз болған жайды жан-жақты баяндағаннан кейін, орын алған кемшіліктер үшін кешірім сұрап, пошташымен жеке сөйлесіп, мән-жайды анықтайтындығын мәлімдеген еді. Көп ұзамай, телефон арқылы хабарласып, қол астындағы қызметкермен сөйлескендігін, пошташы өз міндетін лайықты атқарып отырғандығын жеткізді. Сонда кім кімді алдап жүр? Бұл халықтың жергілікті пошта қызметіне деген сенімсіздігін нығайтпаса, абырой әкелмейтіні анық. Аталған мәселе аудан басшылығындағы билік өкілдерінің де назарынан тыс қалмауы тиіс. Өйткені, бұл халықтың назы. Ал, биліктің бірден-бір бастауы – халық екендігі еліміздің Конституциясында айқын көрсетілген. Әрі қарай әркім өзінше бағамдап жатар.
Д.Батырхаирова