Ақпараттық портал

Игі бастамалар бой көрсетуде

Біздің Ақтөбе ауылы кейінгі жылдары «Мен сұрап бармаймын, берсең де алмаймын» деген ұстаныммен күн кешіп жатқан болатын. 2022 жылы Арубаев Сәкен Қаланұлы ауданымызға әкім болып тағайындалған соң, әр ауылдың тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында ауылдарды аралап, халықпен жүздесіп жүрген сәтінде біздің ауылға да жолы түскен еді. Ауыл әкіміне ескертпей, өзі ауылды аралап, түгел тексеріп барып, халықты жиналыс өткізуге шақыртты. Жиынға қатысушыларға өз көзімен көргенін нақты дәлелдермен жеткізе отырып: «Сіздердің ауыл күндіз ауамен дем алып, түнде тыныш ұйқыда жатқан екенсіздер. Бұлай тірліксіз жатуға болмайды. Заманның ағымына ілесу керек»-деді.
2023 жылы ауыл әкімі зейнетке шығып, 12-ақпанда әкім сайлауы өтті. Бұған ауылымыздың тумасы Анатаев Ерғазы Мадиярұлы өз кандидатурасын ұсынып, басым дауыспен жеңіске жетті. Орындығына отырған күннен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Байдаулетов пен кеңес мүшелері С.Алиев, Ж.Құлыншақбаев, М.Қойгелдиев, М.Теңізбаевтармен ақылдаса отырып, іске кірісіп кетті. Алдымен көшелердің тазалығын ретке келтіріп, ой-шұңқырлы жолдарға қиыршық тас төсеп, тегістеді. Соңғы 4-5 жыл ішінде қараңғы түнекте тұрған көшелерді электр шамдарымен жарықтандырды. Көктемгі көріктендіру науқанына байланысты 500 түп тал-терек, 100 түп жеміс-жидек ағаштары отырғызылды. Көше бойындағы бағаналар мен балалар ойнайтын ойын алаңы әктеліп, сырланды. Қисайған темір қоршаулар түзетіліп, есіктер орнатылып, жарасымды қалыпқа келтірілді.
Көп ұзамай Наурыз мейрамына дайындық басталып кетті. Тамырына қан жүгіре бастаған ауылға мейрамды өткізу қиынға соқты. Сонда да болса намысқа тырысқан ауыл әкімі мен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы және мүшелерінің ауызбіршілігінің арқасында мерекелік шара ұйымдастырылып, оған ауылдан шыққан әр салада қызмет атқарып, еңбегімен елге танылған азаматтар шақыртылды. Атап айтсақ, Астана, Алматы, Тараз қалаларынан, басқа да ауыл аймақтардан қонақтар келді. Олардың қатарында аудан әкімі Б.Жәнібеков, мәслихат төрағасы Ж.Әбенов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Өмірәлиев және өңірдегі басшылық қызметте жүрген өзге де азаматтар болды.
Ауыл ақсақалының ақ батасынан кейін аудан әкімі Б.Жәнібеков көпшілікті Наурыз мейрамымен құттықтады. Аудандық мәдениет үйі мен ауыл өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды. Түрлі спорттық ойындар ойнатылып, жеңімпаздар ақшалай ұтыстармен марапатталды. Осы наурыз айында мұсылманның бес парызының бірі – ораза тұту болса, 90 адамға ауызашар берілді. Мұнан кейін Жеңіс күні мерекесінде соғыстан қайтпаған және жеңіспен оралып, өз еліне еселі еңбек етіп, өмірден өткен ата-аналарымыздың әруағына құран бағышталып, ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылды. Ардагерлердің жесірлеріне және ауылдың 80 жастан асқан қарияларына сый-құрмет көрсетіліп, ақшалай сыйлық берілді.
Ауылымызда осындай игі шаралар жиі өткізіліп тұрса, нұр үстіне нұр емес пе?! Тағы бір айта кететін жәйт, ауылымыздағы өткен жылы аяқталмай қалған ауыз су құбырының жұмысы жалғасын тауып, үйлерге кіргізуге дайын тұр. Көп ұзамай, таза әрі тәтті су ішеміз деген үмітіміз бар. Сондай-ақ, Халықаралық балаларды қорғау күнінде шағын доп тебу алаңы пайдалануға берілді. Алаңды ашуға аудан әкімінің орынбасары Н.Жақсыбаев қатысып, лентасын қиып, ізгі тілегін жеткізді. Соңынан ауыл әкімі атынан және ардагерлер кеңесі атынан мектеп оқушылары мен балабақша бөбектеріне 500 дана балмұздақ пен ойыншықтар таратылды. Ауыл әкімі Е.Анатаев алға қойған жоспарларымен де бөлісіп үлгерді. Жақын арада ауылдағы екі көшеге асфальт төселетінін айтып, халықты қуанышқа бөледі. Әкімге айтарымыз игі істерің көп болып, халықты қуанта беруіңе тілектеспіз.
Бейқұт Қалымбетов,
зейнеткер.
Ақтөбе ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.