Халық қалаулысы ел ішінде
Апта басында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген болатын. Ол ең алдымен өңіріміздегі құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыстармен және бірқатар әлеуметтік нысандардың тыныс-тіршілігімен танысты.
Сенатордың Шудағы жұмыс сапары Тасөткел су қоймасындағы құрылыс жұмыстарымен танысып, егістік жерлерді сумен қамтамасыз етуге қатысты мәселелерді көзбен көрумен басталды. Пайдалануға берілгеніне жарты ғасырға жуықтаған Тасөткел су қоймасы бастапқы жоба бойынша 620 миллион текше метр су жинауға қауқарлы болған. Алайда, қажеттілігіне қарай мұндағы судың көлемі өзгеріп отырады. Су қоймасынан ұзындығы 38,3 шақырымды құрайтын сол жағалау магистрал каналы мен ұзындығы 48,8 шақырымды құрайтын оң жағалау магистрал каналы және ұзындығы 52,7 шақырымды құрайтын Тасөткел магистралды каналына су бөлініп жатыр. Аталған каналдар аудандағы егіс алқаптарына ағын су жеткізуде үлкен маңызға ие екенін айта кеткен жөн. Соңғы екі жылдан бері аталған су қоймасын сейсмикалық нығайту жұмыстары қолға алынып, оған мемлекеттен қыруар қаржы бөлінген болатын. Өкінішке қарай, кейінгі кезде мұндағы құрылыс жұмыстары тым саябырсып қалған. Атқарылған жұмысты көзбен көрген Бекболат Серікбекұлы мұндағы түйткілді мәселелерге де құлақ түріп, тиісті органдарға жеткізетінін айтты.
Бұдан әрі Б.Орынбеков «Жетісу» тұрғын үй массивіндегі 5 қабатты 75 пәтерлі тұрғын үйлердің қазіргі жағдайын көзбен көрді. Ел аузында «Әскери қалашық» атанып кеткен мұндағы бес тұрғын үйдің біреуі қайта жаңғыртылып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Ал, қалған төрт тұрғын үй әлі күнге жөндеу көрмеген. Қазіргі кезде үйдің сейсмикалық нығайту жұмыстарына қажетті құрал-жабдықтардың бірнеше есеге қымбаттауына байланысты қалған тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу тиімсіз деп табылыпты. Аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтың айтуынша, қазіргі кезде тозығы жеткен тұрғын үйлердің сейсмикалық тұрақтылығына байланысты арнайы мамандардың шешімі күтілуде. Аталған шешім нақтыланған жағдайда нақты жұмыстар қолға алынбақ. Аудандағы жұмыс сапары барысында Сенат депутаты «Amanat» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында аудандық мәслихат депутаттарымен кездесіп, халық қалаулыларының ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді. Мұнда аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерболат Досымбаев Тасөткел су қоймасы мен Шатыркөл кен орнына қатысты мәселелерді жеткізсе, бірқатар мәслихат депутаттары да өз сауалдарын қойды.
Сенат депутаты аудан орталығындағы әл-Фараби атындағы орта мектепке де арнайы барды. 300 оқушыға шақталған мектеп құрылысының жартысынан көбі аяқталғанымен, қалған бөлігі тұралап қалғанына бірнеше айдың бедері болған. Құжат бойынша мектеп біршама уақыт бұрын пайдалануға берілуі керек еді. Қалай дегенмен де мердігердің салғырттығынан мұндағы жұмыс едәуір тоқтап қалған-ды. Аталған мектептің оқушылары орталықтағы екі мектепке бөлініп, тасымалдап оқытылуда. Қазіргі кезде аудан басшылығы бұрынғы мердігердің жұмысын тоқтатып, орнына өзге мердігер компанияны кіргізді. Бір қарағанда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанға ұқсайды. Мердігердің өзі де мектепті жыл соңына дейін аяқтап, ел игілігіне беретінін айтып отыр. Бұл ретте халық қалаулысы аудан басшысына құрылысты қатаң қадағалап, мердігердің жұмысын бақылауда ұстау керектігін жеткізді.
Аудандағы жұмыс сапарының соңында Бекболат Серікбекұлы Балуан Шолақ ауылдық округіндегі «Иррегациялық-дренаждық жүйелерді жетілдіру» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Бұл жоба арқылы тозған каналдарды жөндеп, барлық тоғандар жаңартылып, ауылдағы ағын су мәселесі толық шешілмек. Жалпы ұзындығы 48,2 шақырымды құрайтын тоғандардың құрылысы осыдан бірнеше жыл бұрын басталғанымен уақыт өте келе жауапты мердігер компания жұмысты аяғына дейін жеткізе алмаған еді. Десе де, «ЗАО Туннель садд Ариана» компаниясы аталған жобаны қайта қолға алып, 15 шаруашылық каналын және екі коллектор жүйесін жөндеуге кірісті. Аталған жобаның техникалық қадағалаушысы қазірдің өзінде мұндағы жұмыстың 70 пайызы аяқталып қойғанын айтады. Сәтін салса, мердігер компания өкілі мұндағы жұмыстар қазан айына дейін толық аяқталатынын жеткізді.
Е.Қартайған