Ақпараттық портал

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол берілмейді

Елімізде жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер саны артып келеді. Мұндай келеңсіз жағдайларға қоғамның әлсіз топтары – әйелдер мен балалар, қарттар қауымы ұшырайтын көрінеді. Бұл туралы Төле би ауылында орналасқан облыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының аудандық кеңес беру кабинетінің қызметінен айқын аңғаруға болады. Өйткені, мұндағы мамандар қажет болса өзге де тиісті құзырлы органдармен бірлесе отырып, отбасында, жалпы қоғамда жәбір көріп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандармен тікелей жұмыс жасайды. Осы бағыттағы сан қилы оқиғаларды өз көздерімен көріп, оған душар болған жандарды барынша қорғап, қолдауға, қалыпты өмірге бейімдеуге күш салады.
Алькоголь, есірткі тұтыну сынды зиянды әдеттердің салдарынан отбасында келеңсіз жағдайлар орын алып, ерлі-зайыптылар арасында бір-біріне сыйламаушылық танытып, күш көрсету зорлық-зомбылығымен қатар психологиялық зорлық-зомбылық көрсетіп, жеке тұрғын үй немесе пәтер шегінде отбасы мүшелерінің тыныштығын бұзуға көп жағдайда ер азаматтар себеп болатындығы белгілі. Заңның басым бағыттарының бірі отбасын қолдау және сақтау болғандықтан, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болған әрбір адам заң аясында қорғалатынын кейбір азаматтар біле бермейді. Сол себептен, аудандық кеңес беру кабинетінің мамандары әсіресе әйел адамдардың отбасында орын алған зорлық-зомбылыққа төзіп отыра бермей, уақытылы құқық қорғау органдарына хабарласып, теріс іс-әрекеттің алдын алуға сеп болуы маңызды деп санайды. Бұл тұста облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға әкеп соққан қатыгездікке тап болған адамдарға, қатыгездік пен зорлық-зомбылық қаупі салдарынан өмірлік қиын жағдайда деп танылған әйелдер мен балаларға оларды психологиялық бейімдеу сатысынан өткізу мақсатында көмектер көрсететіндігін назарға салғымыз келеді. Ол үшін әуелі аудандық кеңес беру кабинетінің мамандарына жолығып, мән-жайды түсіндірген абзал.
-Біздің мақсатымыз – жалпы аудан аумағындағы қатігездік пен тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупі салдарынан өмірлік қиын жағдайда жүрген аналар мен балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсете отырып, қолдау көрсету және кеңес беру. Ажырасу сатысындағы жанұяны қоғам мен отбасына әлеуметтендіріп, қайта қосуға ықпал ету, баланы жетім қалдырмау, ананы қаңғыртпау. Кабинетке келіп, кеңес алған жанұя мүшелерінің отбасылық мәселесі толық құпия сақталатынын да ескерткім келеді. Егер, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленбесе, Қазақстан Республикасы азаматтарының қатарынан жеке тұлғаларға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, оның ішінде, түрлі себептерге байланысты жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға өз саламызға қатысты қызмет түрлері көрсетіледі, -дейді аудандық кеңес беру кабинетінің әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы Г.А.Муратбек.
Сондай-ақ, өмір болғандықтан, қоғамда түрлі келеңсіз жәйттердің орын алатындығын ескере отырып, отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп, оны жасырып, қиын жағдайда жүрген жандардың аудандық баспа үйі ғимаратында орналасқан аудандық кеңес беру кабинетіне келіп, мамандардың көмегіне жүгінуге болатындығын да назарға салды.
Динара Бақытжанқызы.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.