Қоғамдық кеңес қоғаммен бірлесе іс тындыруда
Шу ауданының қоғамдық кеңесі 2023 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, жыл ішінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты 6 отырыс өткізіп, 10 мәселе қарады. Атап айтқанда, қоғамдық кеңестің І тоқсанына арналған жұмыс жоспарына сәйкес кеңес отырысында аудан әкімі Б.Жәнібековтің «Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022 жылғы қорытындылары туралы» және Шу ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Г.Керімбаеваның «2022 жылы бөліммен көрсетілген мемлекеттік қызметтері бойынша атқарған жұмыстары туралы» есептері тыңдалынды. Мәселелерді қарау және талқылауда кеңес мүшелерімен бірқатар ұсыныстар айтылды.
Кеңес қабылдаған ұсынымдар бойынша Шу ауданының 2022-2025 ж.ж. даму жоспары аясында кәсіпкерлік саласында 2022 жылы 23 жоба 100 пайызға толықтай іске асырылды, құны 1871,0 млн теңге. Нәтижесінде 135 жұмыс орны ашылды. 2023 жылы 2 902,5 млн теңгеге 29 жобаны іске асыру көзделген. Ұзын саны 151 тұрақты жұмыс орны ашу жоспарлануда. Ауданда 35 елді мекеннің 26-сы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. 22 елді мекенде орталықтандырылған ауыз су жүйелері жүргізілген. Аудан көлемінде ауыз сумен қамтылған елді мекендердің қамтылу деңгейі 74,3 пайызды құрап отыр.
2022 жылы 131 258 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, 2023 жылы 132 800 гектар егістік жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, былтырғы жылмен салыстырғанда 1 542 гектар жерге артық орналастырылған (102,1пайыз). 2023 жылы барлығы 11307 гектарға су үнемдеу технологиясы енгізілген, оның ішінде 9046 гектар – тамшылатып суару, 2261 гектар – жаңбырлатып суару. Былтырғы жылмен салыстырғанда 1217 гектарға ұлғайған.
Сонымен қатар кеңес отырысында «2023 жылдың вегетациялық кезеңінің басталуына суландыру жүйесі мен гидротехникалық құрылғыларды дайындаудың барысы қаралып, нәтижесінде 2023 жылдың 20 мамырына ауданның суландыру жүйелеріне ағын суды жіберу, 2023 жылдың 20 қыркүйегіне дейін Тасөткел су қоймасындағы су көлемін нақты анықтау мақсатында платинаның жоғарғы бьефімен байланыстыра отырып, топотүсірілім жұмыстарын жүргізу, үстіміздегі жылдың аяғына дейін жер асты суларының деңгейін төмендету мақсатында ауданда бар 85 бірлік вертикалды – дренаждық ұңғымаларды қалпына келтіру жөнінде ұсынымдар қабылданды. Бұл мәселе бақылауда тұр.
Сондай-ақ, қоғамдық кеңестің ІІ тоқсанына арналған жұмыс жоспарына сәйкес «Шу аудандық полиция бөлімінің атқарып жатқан жұмыстары туралы» Шу аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің басшысы Д.Бекбауловтың, «2022 жылы мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша атқарған жұмыстары туралы» Шу ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қ.Құттыбековтың есептері тыңдалды. Бұл мәселені де қарау барысында кеңес мүшелері тарапынан полиция бөлімінің атқарып жатқан жұмыстарында орын алған кемшіліктер аталып өтілді және тиісті ұсынымдар қабылданды.
Сондай-ақ қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысында «Zhanashyr Project» ЖШС-нің атқарып жатқан жұмыстары қаралып, нәтижесінде құрылыс жұмыстарына жергілікті жердегі азаматтарды барынша тарту, кәсіпорын ауданның кірістер басқармасында салық төлеуші ретінде тіркелу жұмыстарын жеделдету, кәсіпорын тарапынан әлеуметтік серіктестікті дамыту мақсатында кәсіпорын аумағында орналасқан елді мекендерге қаржылай және басқалай көмек көрсету тетіктерін қарастыру, кәсіпорын жұмысының ашықтығын көрсету мақсатында құрылыс, өнім өндіру бағытындағы жұмыстар туралы халықты хабардар ету үшін БАҚ-да және әлеуметтік желілерде мақалаларды үнемі жариялап отыру жөнінде ұсынымдар қабылданды. Бұл мәселе де бақылауда тұр.
Қоғамдық кеңестің ІІI тоқсанына арналған жұмыс жоспарына сәйкес «Аудандағы қолданысқа берілген спорттық нысандардың жағдайы туралы» Шу ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қ.Мәуленовтің, ««2022 жылы мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша атқарған жұмыстары туралы» Шу ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің бас маманы Т.Башырханның есептері тыңдалды. Мәселені қарау және талқылау барысында қоғамдық кеңес тиісті ұсынымдар қабылдады.
Ұсынымдарды орындау бойынша Д.Қонаев ауылындағы спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, ағымдағы жылдың 16 желтоқсанында қолданысқа беру жоспарлануда. Шу қаласы, Төле би ауылы және Алға ауылдық округіндегі кіші футбол алаңдарын қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілуде. «Тау самалы» көшесіндегі кіші футбол алаңының құрылысына жауапты мердігер сотқа берілсе, Еңбекші ауылындағы кіші футбол алаңы ағымдағы жылдың 15 қыркүйек айында қолданысқа берілді.
Қоғамдық кеңестің ІV тоқсанына арналған жұмыс жоспарына сәйкес «Міндетті медициналық сақтандыру жұмыстарының жайы туралы» Шу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Ж.Айтишев, Шу қалалық емхананың бас дәрігерінің м.а. Г.Инкарбекова және Шу ауданы әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Д.Нұрлыбековтің есептері тыңдалды. Мәселені қарау және талқылау барысында Шу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Ж.Айтишевке және Шу қалалық емхананың бас дәрігерінің м.а. Г.Инкарбековаға міндетті медициналық сақтандырудың жұмыстарына қатысты бірқатар ұсыныстар беріліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауға қойылды.
Ерболат Досымбаев,
аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы.