Ақпараттық портал

100 орындық балабақша ашылды

Соңғы жылдары ауданымызда жеке кәсіпкерлер қатары молайып, түрлі қызмет бағытын қолға алған кәсіп иелері жергілікті халықпен біте қайнасып, тынымсыз тірлік етіп келеді. Бұл, әрине, көңіл қуантарлық жағдай. Естеріңізде болса, 2016 жылы Шу қаласынан 250 орындық «Әсия-Әлемі» балабақшасы ашылған болатын. Жақсы іс жарасымды жалғасын тауып, жуырда балабақшаға жапсарлас қосымша нысан ашылды. Бұл нысан қалалық ата-аналардың сұранысы бойынша кіші топ балаларына арналған, яғни балабақшаның бір бөлігі. Жүз орынға шақталған қосымша нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Ерболат Досымбаев, балабақша ұжымы мен ата-аналар қатысты.

Бүлдіршіндерге есігін айқара ашқан балабақша заманауи үлгіде жабдықталған. Бөлмелері кең әрі жылы. Мұнда бүлдіршіндерге тек тәрбие беріліп қоймай, олардың спортпен шұғылдануына, ән айтуды үйреніп, музыкалық қабілеттерін шыңдауға баса мән беріліп, оған арнайы орындар қарастырылған.
Салтанатты сәтте аудан әкімі құттықтау сөз сөйлеп, балабақша ұжымына ізгі тілегін жеткізді.
-Бүгін аудан тұрғындары, әсіресе ертеңгі ел болашақтары үшін қуанышты сәт орын алып отыр. Себебі, өздеріңіз көріп отырған «Әсия-Әлемі» балалар бақшасы кеңейіп, жапсарлас ғимарат ел игілігіне пайдалануға берілуде. Баршаңызды осы қуанышпен шын жүректен құттықтаймын!
Өздеріңіз білесіздер, қазіргі таңда кішкентай бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамту – Мемлекет басшысы жүктеген маңызды міндеттің бірі. Бұл орайда жеке кәсіпкерлер ілкімді істер атқаруда. Себебі олар жеке меншік және мемлекеттік әріптестік аясында балабақша мен басқа да нысандарды ашуда.
Ашылғалы тұрған әлеуметтік нысан балаларды қуанышқа бөлеп қана қоймай, 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етпек. Сол себептен кәсіп иесіне шынайы алғысымды білдіремін. Биылғы жыл аудан тұрғындары үшін жемісті жыл болды. Олай дейтініміз, бірқатар нысандар пайдалануға берілді. 100 баланы қабылдауға дайын осы ғимарат та солардың қатарында,-деген Б.Жәнібеков жаңа нысанның жұмысына сәттілік тіледі.
Мұнан кейін жаңа нысанның лентасын қиып, көпшілік қауым оның ішкі бөліктерімен танысты. Осы сәтте аудан басшысы Б.Жәнібеков осыдан жеті жыл бұрын пайдалануға берілген «Әсия-Әлемі» балабақшасына да бас сұғып, мекеменің тыныс-тіршілігін көзбен көріп, жалпы кәсіп иесінің жұмысына оң бағасын берді.
(Өз тілшіміз).

Leave A Reply

Your email address will not be published.