Табиғат тосын мінез танытты
Өткен аптада еліміздің бірнеше аймағында табиғат тосын мінез көрсетіп, қалың қар, қатты жел, бұрқасын боран тұрып, халықты біраз әбігерге салғаны баршаға мәлім.
Мұндай келеңсіз құбылыс әсіресе Жамбыл облысында ерекше орын алды.
Алайда, облысымыздың төтенше жағдайлар департаменті және аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлім қызметкерлерінің жедел әрекеті нәтижесінде қауіптің беті қайтарылды.
Аудан әкімдігі жанынан құрылған төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия ұсынған мәліметке сүйенсек, 14-желтоқсан күні ауа райы температурасы 19 градусқа төмендеп, сағат 10:00 де жылдамдығы 15-18 м/с басталған қатты желден боран басылған жоқ. Осы күні ауданымызда ауа-райының күрт өзгеруінің және бұрқасын желдің салдарынан бірқатар жол қатынастары барлық көліктер үшін тоқтатылды. Шу-Қайнар, Шу-Шоқпар, Шу-Бурылбайтал бағыттарына жол патруль экипажы қойылып, көліктер кері қайтарылып отырды. Республикалық маңызы бар Шу-Қайнар бағытындағы жолды қар басып қалғандықтан, аудан әкімдігі құзырлы органдармен бірлесе отырып жедел штаб құрып, сағат 12:30-дан 00:00-ге дейінгі уақытта Шу-Қайнар бағытындағы 56 шқ жолда қар құрсауында қалып қалған 52 автөкөлік, 200-ге жуық адам шығарылып, Көкқайнар ауылына қауіпсіз жерге (жергілікті шайханаға, асхана) жеткізіліп, азаматтар ыстық тағам және шаймен қамтамасыз етілді. Келесі күні де 5 ауылдық округ аумағында (Шоқпар, Далақайнар, Балуан Шолақ, Көкқайнар, Ақсу) қатты жел болды. Дегенмен, қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етілді. Аудан аумағынан Қордай ауданына шығатын жол бойына (Белбасар ауылы маңы) блок бекет қойылып, көліктер кері қайтарылып жатты.
Қатты жел салдарынан ауылдық округтердегі 15 – КТП 150 трансформатор, әлеуметтік нысандардағы 90 генератор мен су айдайтын насостар істен шықты. Әлеуметтік нысан және жеке тұрғын үйлердің шатырлары ұшқан (қазіргі кезде нақты көлемін анықтау жұмыстары жүргізілуде).
Барлық құтқару жұмыстарына әкімдіктен 100, жергілікті полиция бөлімінен 50-ден астам, төтенше жағдай бөлімінен 30 адам және 200-ге жуық еріктілер жұмылдырылды. Жалпы 50-ге жуық арнайы техника (автогрейдер, КАТ, тиегіш, Камаз, Трактор, Нива автокөлігі, жеңіл көліктер, ГАЗ 53, ЗИЛ) тартылды.
Темір жол бойынша айтар болсақ, 14-желтоқсан күні желдің күшеюі салдарынан (30 м/секунд) электр сымдары зақымданған. Сондай-ақ, төмендегі жолаушылар пойыздары өз кестесінен кешігіп, Еспе-Шу бағытындағы жол бойында тұрып қалды:
№1 «Алматы-Ташкент» бағытындағы жолаушылар пойызы 9 сағат 30 минут; аталған жүрдек пойыздың жолаушылар вагоны дизель отынымен жылытылды. Жолаушылар пойызы сағат 05:30-да Еспе станциясынан шығып, сағат 6:40-та Шу станциясына келіп, бағыты бойынша жөнелтілді.
№21 «Семей-Қызылорда» бағытындағы жолаушылар пойызы 9 сағат 30 минут; жолаушылар вагоны қатты отын- көмірмен жылытылды. Көмір тапшылығы туралы хабарлама келіп, көмір жеткізілді. Жолаушылар пойызы сағат 8:50-де Шу станциясына келіп тоқтады, сағат 9:10-да бағыт бойынша жөнелтілді.
Жолаушылардың саны әр пойызда шамамен 500-600 адам болса, жалпы 1200-ге жуық адамды құрады. Одан бөлек, жолаушылар пойыздары өз кестесінен кешігуіне байланысты Шу станциясы вокзалында 100-ге жуық жолаушылар пойыз күтіп, сол уақытта олардың барлығы ыстық тамақпен қамтылып, жағдай бақылауда болды.
Жүк пойызын тазарту және қазу үшін 60-70 адамнан тұратын топ жұмысқа тартылып, қардан тазарту жұмыстары жүргізілді.
Көгілдір отынмен қамту мәселесі бойынша қазіргі таңда жағдай тұрақты. «КазТрансГаз Аймақ» Шу аудандық филиалының шұғыл әрекет бригадасы шақыртуға дайын.
Электр желісі бойынша 14-15 желтоқсан күндері 11 ауылдық округтегі 15 елді мекенде (Шоқпар, Далақайнар, Бірлік, Қорағаты, Дулат, Балуан Шолақ, Қонаев, Ескі-Шу, Ақсу, Бірлікүстем, Көкқайнар) қатты желдің салдарынан электр қуаты толық өшті. Жалпы ауданда 19 округ 35 елді мекен бар. Аудандық ЖЭҚТ мекемесі тарапынан 35-40 адамнан тұратын 12 бригада қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Мәселе тұрақты бақылауда.
Оқу ұйымдары бойынша айтар болсақ, қолайсыз ауа райы кезінде аудандық білім бөліміне қарасты мекемелерде оқушыларды оқыту процесі 100 пайыз онлайн форматқа ауыстырылды. Білім нысандарына қатысты 5 трансформатор, 30 генератор және жылу жүйесіне су айдайтын насостары істен шыққан болатын. Қазіргі кезде нақты шығын көлемі анықталуда.
О.Жандосов (Шоқпар ауылы) және М.Ғабдуллин атындағы орта мектептер (Балуан Шолақ ауылы), Өлкетану және туризм (Бірлік ауылы) мектебінің жылу генераторларының істен шығуына байланысты, жылу жүйесін қатырып алмау мақсатында, құбырдағы су сыртқа ағызылды. Жамбыл атындағы орта мектептің 100 шаршы метр шатыры ұшқан.
Сонымен қатар, елді мекендердегі ауыз су мұнарасындағы 10 трансформатор (КТП-150), 45 генератор (50 КВТ) және ұңғымадан су айдау насостары істен шыққан (ЭЦВ 6-16-70; 8-40-60; 10-65-65; 18 шт).
Ал, 15-желтоқсан күні сағат 14:00 шамасында аудан аумағындағы қатты боранды жел салдарынан Шу-Қайнар, Шу-Шоқпар, Шу-Бурылбайтал автомобиль жолдары жабылды. Жолаушылар пойыздары өз кестесінен кешігіп, Еспе-Шу бағытындағы жол бойында тоқтатылып, күтушілердің барлығы ыстық тамақпен қамтылды.
Ал, аудан халқын көгілдір отынмен қамту мәселесі тұрақталды.
Электр желісі бойынша аудандағы 6 ауылдық округтің 10 елді мекенінде (Шоқпар, Далақайнар, Дулат, Балуан Шолақ, Ақсу, Көкқайнар) электр қуаты болған жоқ.
Аудандық ЖЭҚТ мекемесі қызметкерлерімен қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Бұл күні де аудандық білім бөліміне қарасты мекемелерде оқушыларды оқыту процесі 100 пайыз онлайн форматпен жалғасты. Бұл күні жоғарыда айтып өткен құрам (ЖОА-100, АПБ-50, ТЖБ-30, еріктілер-200 адам және
50-ге жуық арнайы техника) барлық құтқару жұмыстарына тартылды.
Сондай-ақ, 16-17 желтоқсан күндері де ауа райының тұрақсыздығына байланысты жағдай бақылауға алынды. Мәселен, Белбасар ауылы мен Көкқайнар ауылдық округінің маңына блок бекет қойылып, қалың қар салдарынан жолдың жүру бөлігі тарылғандықтан, көлік катынасы ретке келтіріліп отырды.
Динара Батырхаирова.