Тәуелсіздік күні аталып өтті
Тәуелсіздік – халқымыз үшін қастерлі құндылық. Оның қандай жолмен бұйырғаны баршамызға белгілі. Сан жылдар бойы жасалған бұлқыныстарға 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі нүкте қойды. Тарихымыздағы қанды бояумен жазылған сол оқиғаға биыл 37 жыл, Тәуелсіздігімізге 32 жыл толып отыр. Осыған орай, еліміздің әр түкпірінде өткенге салауат айтылып, ерлікке құрмет көрсетілді.
Еліміздің Тәуелсіздігі күнін біздің өңір де барынша маңызбен атап өтті. Тарқатып айтқанда, Шу ауданы әкімі Бақытжан Жәнібеков ардагерлер, зиялы қауым өкілдері және түрлі мекеме қызметкерлерімен бірге орталық алаңдағы “Қазақ елі” монументіне гүл шоқтарын қойып, егемендік жолында жан беріп, жәбір көрген боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Мерекеге орай шаралар легі аудан әкімдігінің бас кеңсесінде жалғасын тапты. Онда аудан әкімінің орынбасары Серік Сәрсенбеков Шу өңіріндегі бір топ желтоқсаншыларды қабылдап, ел болашағы үшін бастарын бәйгеге тіккен жандарға құрмет көрсетті. Сондай-ақ батыр жерлестеріміздің бостандық жолындағы батыл қадамдарының маңыздылығын атап өтіп, жұртшылық атынан алғыс білдірді.
Салтанатты жиын соңында жандарын желтоқсан ызғарына тоңдырған тұрғындарға “Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісі мен аудан әкімі тарапынан марапат қағаздары табысталды. Сол секілді жиынға қатысқан Шу аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов те желтоқсаншыларға жылы лебізін жеткізіп, бірқатар азаматтарға Құрмет грамотасын табыс етті.
Ал, жиын мәресінде “Желтоқсан тағылымы” қоғамдык бірлестігінің төрағасы К.Ибраимов қанаттастарына көрсетілген құрмет үшін ризашылығын жеткізіп, шулықтарды ұлық мерекемен құттықтады.
Байжан Емберді.