Ақпараттық портал

Келісті келіндер бақ сынады

Халқымызда ұрпақтың өрбуі, ұрпақтың тәрбиесі, босағаның берік болуы, шаңырақтың шайқалмауы, отбасындағы тірлік пен бірліктің бәрі көбіне келінмен байланысты. Содан болар, “Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан”, “Келіні жақсының керегесі алтын” деген аталы сөздер бар. “Отан – отбасынан басталады” десек, ұлттың сақталуы, ұлттық құндылықтардың дәріптелуі, ұрпақтар сабақтастығының жарасымды жалғасын табуы келіннен бастау алады. Соны терең түсінген мемлекетіміз ұлттық тәрбиеде келіннің алар орнын шегелеп беру үшін түрлі жоспарларды бекітіп, іс-шараларға арқау етуде.
Соның жарқын көрінісі, “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен Балуан Шолақ ауылында өткен “Келіндер татулығы” атты келіндер сайысы. Аталған сайыста келіндер жұптасып өнер көрсетті, яғни 4 жұп қатысты. 4 жұп бақ сынаған байқау 4 кезеңнен тұрды. Атап айтсақ, таныстыру, өз өнерлерін көрсету, ұмыт болған ұлттық тағамдардың дайындалуы, ойлы болсаң, озып көр (сұрақ-жауап) кезеңдері бойынша сайысқа түсті.
Әділқазының шығарған шешімі бойынша бас жүлде Асем Дүйсенбиева мен Гүлбану Адырға бұйырды. Ал І орынды Балзия Тулекова мен Балжан Мұхаметқалиева, ІІ орынды Арай Омарова мен Аяжан Қырықбай, ІІІ орынды Гүлшат Имашева мен Әйгерім Төлендиева алды. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар үлестірілді. Сондай-ақ, қосымша демеушілік көрсеткен ауыл әкімі Д.Сандыбаевтың және ауыл мешітінің имамы Аян Смайылдың мешіт атынан арнайы сыйлықтары да табысталды.
Айғаным АСҚАРБЕК.

Leave A Reply

Your email address will not be published.