Ақпараттық портал

Ұрпақ тәрбиесіне ұқыппен қараған ұжым

Аудан аумағында мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып, осы арқылы жеке кәсіпкерлігін ашып, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында халыққа сапалы қызмет ұсынып келе жатқан азаматтар жоқ емес. Солардың бірі – өзіміздің жерлесіміз болып, кейін Алматы қаласына қоныс аударған «Шарапат-2018» ЖШС-нің «Лашын» балалар бақшасының негізін қалаушы және директоры Жүнісалиева Гүлнар Атаманқызы. Бұл азаматша өзінің іскерлігі және біліктілігімен аудандағы мектепке дейінгі тәрбие, жастар мәселесіне ден қойып, осы бағыттағы кәсіпті қолға алады.

Гүлнар Атаманқызы туралы айтар болсақ, ол жоғары білімді, іскер жан. Бүгінгі таңда төрт баланың ардақты анасы. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінен «Есеп және аудит» мамандығы бойынша білім алып, кәсіпкерлік саласында табысты еңбек етіп, ел экономикасының дамуына өзіндік үлес қосып келеді. Шу қаласында 2022 жылдың қыркүйек айында қолданысқа берілген «Студенттер үйі» де осы азаматшаның кәсіпкерлігімен ашылған. Өңірдің өркендеуіне сіңірген еңбегі үшін Шу ауданы әкімінің Құрмет грамотасы және бірнеше Алғыс хаттарына ие болды.
Сондай-ақ, ол ел арасында қайырымдылығымен, мәрт мінезімен, жомарттығымен танылған жан. Талай жылғы қажырлы еңбегінен бөлек, жағдайы төмен отбасыларға, ардагерлерге, өзге де көмекке мұқтаж жандарға қажет кезде көмек қолын созудан аянып қалған емес.
Өзіне тапсырылған істі тиянақты орындап, қандай істі қолына алса да оған үлкен жауапкершілікпен қарап, соңына жеткізуді басты ұстанымға алатын Гүлнар Атаманқызының кәсіпкерлігіне қарасты Төле би ауылында орналасқан «Шарапат-2018» ЖШС-нің «Лашын» бөбекжай бақшасы «Балапан» бағдарламасы аясында орта және кіші бизнесті дамыту жоспарына сай мемлекеттік тапсырыс негізінде ашылды. Өнегелі ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосып келе жатқан «Лашын» бөбекжай бақшасы 2018 жылдың 27 маусымында құрылды. Екі қабаттан және екі блоктан тұратын тәрбие ордасы бастапқыда 75 баламен ашылып, уақыт өте келе бүлдіршіндердің қатары біртіндеп артып, бүгінгі таңда балабақшадағы 4 топта 100 бала тәрбиеленуде. Тәрбие және білім беру жұмыстары тек мемлекеттік тілде жүргізіледі және әр баланың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Заманауи талаптарға сай жабдықталған ғимаратта ойын бөлмелері мен оқу сыныптары бар.
Ал, мұндағы ішкі тәртіптің дұрыстығы мен жұмыстың жүйелілігі тікелей балабақшаның меңгерушісіне байланысты екендігі сөзсіз. Бұл тұста өз міндетіне зор жауапкершілікпен қарап, балабақша тынысының жан-жақты ашылуына ұйытқы болып отырған Ирина Батырбекова жайлы айта кеткенді жөн көрдік. Алғашында 2019 жылы осы балабақшаға тәрбиеші болып жұмысқа қабылданған И.Батырбекова 2022 жылдан меңгерушілік қызметті қолға алады. Бір ұжымға басшылық ету кез келген адамның қолына берілмейтіні анық. Ал, И.Батырбекова педагогикалық салада 42 жыл еңбек еткен жан. Ол бала күнінен білімге құштар, жан-жақты ізденімпаз болған көрінеді. Жаңашылдыққа батыл қадам басып, көппен араласып кететін көпшілдігімен де өз ортасына сіңімді. Қандай істі болмасын өзі бастап, аяқтауға ұмтылып тұрады. Айтқан сөзіне де мән беретін құрғақ уәде беруді ұнатпайды. Мейірімді, тіпті шектен тыс қамқорлық жасауға да бейім. Қолынан келсе көмегін аямайды. Бала күнінен бойында осындай қасиеттері бар жан «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығын игеріп шыққан соң, өзінің алғашқы еңбек жолын 1981 жылы бастады. Осындай білікті әрі көреген басшы жетекшілік етіп отырған «Лашын» балабақшасында қазіргі уақытта 20 қызметкер жұмыс жасайды. Мұнда төрт реттік сапалы тамақтану, бала ағзасына пайдалы дәрумендер беріледі. Бейнебақылау жүйесімен қамтылған тәрбие ордасында оқу-тәрбие жұмыстары кестеге сай және жаңартылған білім мазмұны бойынша жүргізіледі. Күннің екінші жартысында балалардың жас ерекшеліктеріне қарай және психологиялық жай-күйіне байланысты психолог маманның жұмысы жолға қойылған.
Сондай-ақ, мұндағы өзге де мамандар өз жұмыстарына тиянақтылықпен қарап, сенім биігінен көрініп келеді. Мысалы, жоғары білімді әдіскер Д.Құтманбаева, жоғарғы біліктілік санатты иеленген медбике А.Танабаева және бала тәрбиесіне бар біліктілігін салудан аянып қалмайтын бірқатар тәрбиешілер де бар. Тәрбиешілердің тынымсыз тірлігі нәтижесінде балабақша ұжымы да, осы ортадағы тәрбиеленушілер де жақсы қырынан танылуда. Мысалы, білім беру жүйесін жетілдіруге қосқан үлесі және мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеудегі жетістіктері үшін бөбекжай меңгерушісі И.Батырбекова Құрмет грамотасымен марапатталған. Ал, ағымдағы жылы «Үздік заттық – кеңістік дамытушы орта» аудандық байқауынан ортаңғы «Сұңқар» тобының тәрбиешісі Р.Қашағанова бас жүлдені еншілесе, ересек «Күншуақ» тобының тәрбиешісі Б.Қордабаева II дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ, өз өнерлерімен ерекшеленіп жүрген тәрбиеленушілер де жоқ емес. Бұл тұста «Шымырлық пен шеберлік күні» шеңберінде өткен «Ханталапай ойыны» аудандық байқауынан «Лашын» бөбекжай-балабақшасының тәрбиеленушілері Болат Ерсұлтан, Нұржанқызы Лашын, Капланов Мұрат, Жандос Жалғас, Мұхамедқали Інжу, Байдәулет Әбубәкір (жетекшісі Батырбекова Ирина Узовна) I дәрежелі дипломдарға қол жеткізді. Енді балабақша бүлдіршіндері Жаңа жылдық шырша мерекесіне қызу дайындық үстінде.
Мұның барлығы яғни, қол жеткен жетістіктер ең әуелі білікті басшылықтың жемісі деп білеміз. Ұрпақтың ұлы мұраты жолында талмай еңбек етіп жүрген «Лашын» балабақшасының меңгерушісі Ирина Батырбекованың әрбір бастамасына сәттілік, балабақша ұжымының алдағы қызметіне тың жетістіктер, ал «Шарапат-2018» ЖШС-нің директоры Гульнар Атаманқызының кәсібіне толағай табыс тілейміз.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.