Ақпараттық портал

Құтқарушыларға құрмет көрсетілді

Өткен аптада Шу және Қордай аудандарында ауа-райының қолайсыздығына байланысты табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған болатын. Нәтижесінде, көліктер діттеген жеріне жете алмай, жолаушылар құтқарушылардың көмегіне жүгінген еді. Сондай сындарлы сәтте шулық азаматтар да шет қалмай, қиналғандарға қол ұшын бергені белгілі. Оның ішінде кестесінен кешіккен пойыз жолаушыларына ас-су әзірлеп, қолдау көрсеткен жерлестеріміз де болды.
Осыған орай, аптаның ортасында аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков төтенше жағдайдың салдарын жоюға және құтқару амалдарына атсалысқан азаматтарды арнайы қабылдап, алғысын білдірді.
Жұдырықтай жұмылған жерлестерге өзінің ізгі тілегін жеткізген аудан басшысы сауапты іске бел шешіп кіріскен шулықтардың дегдарлығын жоғары бағалап, өз тарапынан марапаттады. Түрлі саланың тізгінін ұстаған 35 адам Алғыс хатқа ие болды. Олардың арасында құтқарушылар, тәртіп сақшылары мен теміржолшылар, байланысшылар мен кәсіпкерлер, мұғалімдер мен қарапайым азаматтар бар.
-Өздеріңіз жақсы білесіздер, өткен аптада өңірде едәуір қиындық туындады. Сол уақытта мұраттас болған сіздердің себептеріңізбен жағдай қалпына келді. Бағымызға орай адам шығыны тіркелмей, барлық зардап шеккендер құтқарылды. Осы орайда жұдырықтай жұмылған жерлестерге ерекше алғыс білдіреміз. Сіздер осы амалдарыңызбен жас ұрпаққа үлгі көрсете білдіңіздер,-деді Бақытжан Оразалыұлы жиын барысында.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.