Ақпараттық портал

Жиделіде дәрігерлік амбулатория ашылды

Қараша халыққа қашанда қамқор болып, саулығымызды сақтауға септігін тигізетін сала – медицина екені баршаға мәлім. Ұлт саулығы – еліміздің тұрақты дамуының кепілі. Сондықтан болар, медицинаға қатысты мәселе мінбердегілердің назарынан ешқашан тыс қалған емес. Көзі қарақты жұрт медицинаның көз ілеспес жылдамдықпен дамып, елді мекендерде толықтай дерлік медициналық ұйымдар ашылып жатқанына куә болуда. Әйтсе де көпшілік шалғай ауылдардағы жағдайға алаңдаулы. Көбіне-көп шалғай елді мекендегі ақ халаттылар жазатайым жағдай бола қалса, ауылдағы ағайынға жәрдем көрсетуде шарасыздық танытып жатады немесе аудан орталығына сабылуға мәжбүр болады. Ондағы басты себеп – жергілікті жерде арнайы медициналық нысанның жоқтығы. Сондықтан да Мемлекет басшысы
ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмек-тің қолжетімді болуын қамтамасыз етуді тапсырып отыр.
Бұл міндет бүгінгі таңда ауданымызда бірте-бірте жүзеге асып, шалғай елді мекендердегі медициналық нысандар саны арта түсуде. Күні кеше ғана Жиделі стансасында пайдалануға берілген дәрігерлік амбулатория осы сөзіміздің айқын дәлелі бола алады. 5 келушіге арналған нысанның құрылысы күні кеше толық аяқталып, енді міне, ел игілігіне беріліп отыр. Осыған орай, аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасып, салтанатты шараға арнайы қатысты. Тұрғындарды су жаңа медициналық нысанның ашылуымен құттықтаған аудан басшысы ондағы ақ халатты абзал жандардың жұмысына сәттілік тіледі.
Салтанатты шара барысында ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелеріміз де өздерінің ақжарма тілектерін жеткізді. Соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған нысанға мердігер компания тарапынан қосымша медициналық құралдар да сыйға берілді. Өз кезегінде ауыл тұрғындары да мердігерге сапалы соғылған нысан үшін ризашылықтарын білдірді. Рас, бұған дейін ауданнан шалғай орналасқан жиделілік тұрғындардың өз ауылында дер кезінде ем алуға мүмкіндіктері болмаған. Олар медициналық көмек алу үшін аудан орталығына немесе көрші ауылға баруға мәжбүр еді. Бірақ бұдан былай ауыл азаматтары шалғай түгілі, шартарапта тұрса да медициналық көмек қолжетімді болмақ.
Әрине, бұл – жақсы жаңалық. Дейтұрғанмен саннан гөрі сапа маңызды екені тағы мәлім. Алайда, ауданымыздың бас дәрігері Жайдар Әйтішев тұрғындарды мұндағы медициналық мекеменің материалдық-техникалық жарақтандырылуы жоғары деңгейде деп сендірді. Халық денсаулығы мемлекет дамуының ең басты нәтижесінің бірі екенін жоғарыда айттық. Сонымен бірге, адам саулығына жауапты денсаулық сақтау саласы қызметтерінің деңгейі мен сапасы, оның қолжетімділігі әрбір адам өмірі сапасының құрамдас бөлігі болып табылатынын да айта кету керек. Сол себепті, үйінен қарыс қадам аттамай-ақ алғашқы көмек ала алатын қалалықтардан бөлек, өңіріміздің шалғай аудандарындағы ағайынның да медициналық көмекке деген қолжетімділігін назардан тыс қалдырмаған жөн.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.