Балаларға шаттық сыйлаған мереке
Бейсенбі күні Шу қаласындағы «Құралай» мейрамханасында аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен, ауданымыздағы 1 жас пен 18 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Кел, Жаңа жыл» атты шырша мерекесі өтті.
Балалар мен олардың ата-аналары шақырылған мерекелік шараға аудан әкімі Б.Жәнібеков, аудандық мәслихат төрағасы Ж.Әбенов қатысты. Ал, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Г.А.Керімбаева бастаған барша бөлім қызметкерлері келушілердің басы-қасында болып, көпшілік қауымға құрмет көрсетті.
Мерекелік шара «Ай-жұлдыз» бишілер тобының әсем биімен бас-талды. Мұнан кейін жүргізушілер көңілді кешті ашық деп жариялап, жұртшылық өкілдерін мерекені көңілді өткізуге шақырды.
Салтанатты сәтте аудан әкімі Б.О.Жәнібеков көпшілікті келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
-Әлеуметтік салада үкімет тарапынан бірқатар маңызды жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде біздің ауданымыз да қалыс қалған жоқ. Бұл әлеуметтік сала қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, балалардың денсаулығына да оң әсерін тигізіп келеді деген сенімдемін.
Ең бастысы, барша ата-аналарға, әлеуметтік сала қызметкерлеріне зор денсаулық, темірдей төзім мен сабырлық тілеймін. Балалардың дені сау, келешегі жарқын болсын.
Осындай іс шараны ұйымдастыруға атсалысқан жомарт жүрек жандарға да алғысым зор,-деді аудан басшысы өз сөзінде.
Мұнан кейін, ауданның әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне үлес қосып, мүмкіндігі шектеулі балалар мен жалғызбасты қарттарға демеушілік жасап жүрген Г.Сейдахметова мен А.Маханованы және осы мерекелік дастарханның демеушісі болған жеке кәсіпкер, «Құралай» мейрамханасының иесі Н.Ә.Абитаевты аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады.
Бұдан соң аудан әкімі атынан балаларға тәттіге толы арнайы жаңа жылдық сыйлықтар табыс етілді.
Өз кезегінде Н.Абитаев та құттықтау сөз сөйлеп, балаларға мерекелік жылы лебізін білдірді.
Мерекелік шара барысында аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашса, бөлімде қызмет алатын бүлдіршіндер Аяз ата мен Ақшақар алдында тақпақтар айтып, түрлі сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ, «Шу қайырымды аналар» қорының жетекшісі Ш.Балхожаева көпшілікті мерекемен құттықтап, ең әдемі костюм киген балаларға арнайы сыйлықтар тарту етті. Атап айтқанда, сайқымазақ болып киінген Балғабай Жақсылық бірінші орынды иеленсе, Тоқташ Нұрали батырдың киімімен екінші орынды еншіледі. Ал, Ақшақар болып киінген София Федороваға үшінші орын бұйырды. Жүлдегерлерге шағын кілем, мантықазан және жиынтық ыдыс сынды орташа деңгейдегі сыйлықтар берілді. Сонымен қатар, жаңа жылдық шырша мерекесінің кейіпкеріне айналып, осы шараға лайықты, түрлі костюмдер киіп келген өзге де 40-қа жуық балдырғанға аталмыш қор жетекшілері тәттіге толы сыйлықтар ұсынды.
Жаңа жылдық шырша мерекесін «Мастер праздник» командасының ертегі кейіпкерлері одан әрі әрлеп, қойылымдар мен ойындар арқылы балаларға тамаша көңіл-күй сыйлады. Ал, балалармен қоса ата-аналардың да белсенділігін шыңдап, әуені ойнатылған әннің атын табу ойыны да қалың қауымды өнерге жігерлендіре түсті. Шырша мерекесінің ортасынан табылған алып аю Панда да бүлдіршіндермен бірге би билеп, балалардың көңілін көтерді. Ал, «Ай-жұлдыз» бишілер тобы жаңа жылдық шырша мерекесінің соңына дейін бірнеше мәрте өз өнерлерін ортаға салып, тамаша билерімен қатысушыларды тәнті етті.
Жалпы, бұл күні шырша мерекесіне келген барлық балалар мен олардың ата-аналары дәмге толы дастархан басында арқа-жарқа күй кешіп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Динара Батырхаирова.