Ақпараттық портал

«Ерекше» балаларға ерекше сый

Жаңа жыл – адамзаттың асыға күтетін сәті. Бұл өткенді саралап, келешекке жоспар құратын мезет. Сонымен қатар, бүлдіршіндердің сый күтетін, шаттыққа кенелетін кезеңі. Сондықтан «Қуанса, бала қуансын» деген ұстанымды биік қоятын ата-аналар осы мезгілде мейлінше мейір төгіп, балалардың риясыз күлкісіне куә болғысы келеді.
Әлемдегі әрбір бала жаңа жыл алдында жадырайтыны белгілі. Оның ішінде ерекше балалар мың бояулы мереке қарсаңында бөлекше шаттыққа кенеледі. Мамандардың айтуынша, мұндай балалар үшін әсем әуен тыңдап, би ырғағына қосылуы денсаулыққа айтарлықтай жақсы әсер береді. Әсіресе, шығармашылықтарын шыңдауға, көпшілік алдында өнер көрсетуге мүмкіндік туып, мидағы бақыт гормоны ұлғаяды дейді.
Біздің Шу ауданында ерекше қажеттілігі бар балдырғандар аз емес. Олардың бір парасы аудан орталығындағы “Психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінен” білім алып, тілдік және психологиялық кідірістерін қалпына келтіреді. Мұнда балалар жыл бойы сабаққа қатысып, түрлі шараларда белсенділік танытып, өздерінің шығармашылық қабілеттерін дамытады.
Сәрсенбінің сәресінде аталмыш кабинет ұжымының ұйымдастыруымен жаңа жылдық кеш өтіп, жас өрендерге құрмет көрсетілді. Шу қаласындағы “Ореке” мейрамханасында өткен мерекелік шараға аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Балаби Түменбаев қатысып,балдырғандарды мерекемен құттықтады. Сондай-ақ демеушілерге алғыс білдіріп, бірқатарына аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын тапсырды. Бұл құттықтауға ауданның бас мұғалімі Тұрар Дұрманов та қосылды.
Одан кейін ортаға Аяз ата мен Ақшақар, басқа да ертегі кейіпкерлері шығып шыршаның шамын жағып, балалармен бірге ойын ойнады. Қыста келетін қарияны көрген балалар өздерінің тақпақтарын айтып, тәттілер алды. Балаларға қуаныш сыйлаған Шу қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздарына жиылғандар дән риза болды.
Балалар қуанышы бұдан әрі еселене түсті. Себебі қызылды-жасылды киім киген кейіпкерлер шығып, ел болашақтарымен қызықты ойындар өткізді. Түрлі би жарысы да мерекенің шырайын келтірді.
Алуан жарыста топ жарып жүрген Әсел Маханованың “Сырғалым” би ұжымының жас бишілері де өздерінің қардай аппақ киімдерімен “Гүлдер” биін, ерекше балалардың сомдауындағы “Гномдар” биін көрермен қауым жылы қабылдады. Одан бөлек, Бекнұр Құлан “Қызыл раушан” әнін нақышына келтіріп орындаса, Артур Батчаев вальс биімен көпшіліктің қошеметіне ие болды. Тағы бір өнерлі өрен Айдай Мыңбай да “Акробаттар” биін паш етті.
Одан бөлек, Гүлназ Ганжуева мен Жанерке Бақберген “Жаңа жылдық көңіл-күй” атты әнді ым-ишарамен сан жүректерге жеткізе білді. Көңілді кеш соңында балалар сыйлықтарға ие болып, құрметтеріне жайылған дастарханнан дәм татты.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.