Ақпараттық портал

Татуласу – дауды шешудің тиімді жолы

Бүгінде соттар жұмысына заманауи форматтар енгізу арқылы артық сот рәсімдері мен шығындары қысқартылып, Азаматтық процестік кодекске өзгеріс енгізілді. Соның нәтижесінде татуластыру рәсімдерін қолдана отырып, дауды реттеу жаңашылдығы қолға алынды.
Татуласу рәсімдері дауласқан тараптарды бітімгершілікке шақырып, дауды келісіп шешуге, дауласушыларды татуластырып, олардың уақыттары мен қаражаттарын үнемдеуге бағытталған. Атап өту керек, сотта дауды бейбіт жолмен шешу – екі жаққа да тиімді.
Татуласу рәсімдері еліміздің Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі АПК) 17-тарауында көзделген қағидалар бойынша жүргізіледі. Аталған кодекстің 174-бабына сай, судья тараптарды татуластыруда қажетті шараларды қабылдап, даудың реттелуі үшін оларға процестің барлық сатысында жәрдемдеседі. Судья тараптарды татуластыру үшін хабарлама беру арқылы тараптарды татуласуға шақырып, оның барлық мүмкіндіктерін түсіндіреді. Ал мүмкін болмаған жағдайда талап арызды іс жүргізуіне қабылдайды.
Тараптар дау-жанжалды бітімгершілік, медиация немесе партисипативтік рәсімдерді пайдалана отырып, өзара талаптардың толық көлемінде немесе бір бөлігінде реттей алады. Дауды татуласу рәсімдерін қолдана отырып реттеу туралы өтінішхат талап қою ісін жүргізудің кез келген ісі бойынша мәлімделеді. Айта кетерлігі, татуласу келісімі сот шешім шығару үшін шығып кеткенге дейін және сот актісінің орындалуы кезінде жасалуы мүмкін.
Татуласу келісімін сот бекітеді. Татуласу келісімі ерікті түрде орындалады. Бұлай болмаған жағдайда татуласу келісімін жасасқандар өтінішхатымен соттың атқару парағының негізінде мәжбүрлі түрде орындатуға жатады. Дау-жанжалды медиация тәртібімен реттеу туралы сот бекіткен келісімді орындау АПК-нің 178-бабының қағидалары бойынша жүргізіледі.
Медиация рәсімі мен ісі қоғам өміріне соңғы жылдары енген жаңа құбылыс емес. Екі жақты татуластырып, дауды екі тарапқа да тиімді етіп шешіп беру – ата-бабадан қалған амал.
Қазақстанда кез келген адамның медиацияға жүгінуге құқы бар. Медиацияға сотқа дейін де, кейін де баруға болады. Бірақ, бұл медиация арқылы кез келген дауды шешуге болады деген сөз емес. Медиация тек еңбектегі, отбасындағы және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды шешуге, онша ауыр емес, орташа ауыр және кейбір жағдайда ауыр қылмыстық істі шеше алады.
Медиацияның соттан ең басты айырмашылығы медиацияда ұтқан, ұтылған тарап жоқ, себебі, олар екі жаққа қолайлы мәмілеге келуі керек. Сотта даудың жүру ұзақтығы сотқа байланысты болса, медиацияда тек қана тараптарға байланысты болады. Олар, тіпті, бір күннің ішінде мәмілеге келе алады.
Аудандық сотта медиацияны қолдану тәжірибесіне сүйенсек, 2023 жылы сот өндірісіне жалпы 1149 іс түскен, оның ішінде 1037 іс бойынша тараптардың татуласуына мүмкіндігі бар істер. Осы істер бойынша татуласу рәсімдерін қолданумен 274 іс өндірісінен қысқартылды. Атап айтсақ, 31 іс бітімгершілікпен, 240 іс медиация тәртібімен, 3 іс партисипативтік рәсімдермен аяқталды. Тараптарды татуластыру негізінен неке және отбасы қатынастарынан туындайтын мүліктік даулар, шарт міндеттемелері және зардапты өтеу даулары бойынша жүргізілген.
Біздің мемлекетіміздің басты байлығы адам және оның құқықтары мен бас бостандығы екені Конституциямен кепілдендірілген. Сондықтан, ел азаматтары қандай жағдайда да өз құқықтарының қорғалатынына сенімді болулары керек. Сондай-ақ, олар бабаларымыздан жеткен асыл құндылық – бітімгершіліктің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ізгі дәстүр екенін ұмытпай, туындаған дауды ушықтырмай, барынша татуласып, бітіммен шешуге тырысқаны жөн деп санаймын.
Бақытжан Мырзаліпов,
Шу аудандық сотының судьясы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.