Ұрпақ қамы үшін жасалған игі қадам
Тұтас ұлтты біріктіретін, ұлттық рухты көтеретін, ұрпақты түзу жолмен жетелейтін, мемлекеттің сапасын арттыратын ең басты құрал, ол – тәрбие. Қазіргі құбылмалы заманда ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпес үшін тәрбиені мықтап қолға алу керек. Баланы құрсақтан тәрбиелеген өр халқымыз ұрпағымызға қайтсек тәрбиені сіңісті етеміз деп бүгінгідей бас қатырмаған-ды. Мемлекеттің болашағы үшін жасалған қандай маңызды құжатты ашсаңыз, тәрбие сөзі аталмай кетпейді. Өткен жылдан бастап білім ошақтарында “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы қолға алынып, ұлттық мүдде, ар-ұят, талап құндылықтары негізінде нәтижелі жұмыс жасалды. “Тамшы тас теседі” демекші, әр істе тұрақты әрі жүйелі әрекет еткенде ғана нәтижесі көзге көрінеді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ІІ Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінде «Балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеген абзал. Оқушылар мектеп бітіргенде, ең алдымен, адал азамат болып шығуы керек. Отаншылдық және мемлекетшілдік қасиет әр баланың бойынан табылуы қажет» деген болатын. Президенттің тапсырмасы аясында биыл ҚР Оқу-ағарту министрлігі өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықты сіңіруге бағытталған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жаңартып, 6 құндылықпен қайта енгізіп отыр.
Осыған орай, ауданымызға Мемлекет басшысының “Әділетті Қазақстан – Адал азамат” атты Ұлттық құрылтайдың екінші отырысындағы хаттамалық тапсырмасын орындау мақсатындағы құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірленген “Біртұтас тәрбие” бағдарламасының жаңартылған жобасын түсіндіру жұмысын жүргізу үшін арнайы жұмысшы тобы келді. Жұмысшы топтың құрамында Облыстық оқу-әдістемелік орталығының «Жеке тұлғаны әлеуметтендіру және тәрбие жұмыстары» бөлімінің жетекшісі, топ жетекшісі Гульзат Келдібаева, Қордай ауданы білім бөлімінің әдіскері Ақмарал Қонбаева бар. Мұхтар Әуезов мектебінің базасында өткен оқыту семинарына жалпы білім беру ұйымдарының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, сынып жетекшілері қатысты.
Семинарды Облыстық оқу-әдістемелік орталығының «Жеке тұлғаны әлеуметтендіру және тәрбие жұмыстары» бөлімінің жетекшісі, топ жетекшісі Гульзат Елемесқызы ашып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының жаңартылған мазмұнына,оқу-тәрбие процесінің ерекшеліктеріне тоқталды. Яғни, бағдарламадағы 6 құндылыққа баланған тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық бағыттарын жік-жігіне бөліп, жілігін шағып, майын тамыза түсіндіріп берді.
Семинар барысында Қордай ауданы білім бөлімінің әдіскері Ақмарал Макседқызы білім беру ұйымдарындағы 2024-2025 оқу жылында жүзеге асырылатын тәрбие жұмысын ұйымдастыру ерекшеліктері, тәрбиенің жаңартылған парадигмасы, тәрбиенің қазіргі беталысы және құндылықтар жүйесі, тәрбие құндылықтары негізінде «ДОСБОЛLIKE» жобасын іске асыру, ата-аналарды қолдау орталығы аясында жүргізілетін жобалар мен іс-шаралардың жоспары, сонымен қоса мемлекеттік мүдделі органдармен бірлескен жобалар мен іс-шараларды талқылап, әріптестерімен жағымды аура қалыптастыра білді. Бұған қоса, семинарға қатысушылармен ой-өрісін кеңейтуге бағытталған әрі шапшаң болуға жетелейтін тренингтер өткізіп, ән де айтқызып, ортаға шығарып би билетіп, бір серпілтті. Бағдарламаның әр тарауын түсіндірген кезде өмірлік мысалдарды келтіре отырып, тұщымды ойларын да ортаға тастады.
Жаңа оқу жылы басталар тұста ауданның білім саласына үлес қосып жүрген тәрбие мамандары мен сынып жетекшілері ерекше әсерге бөленіп, шабыттанып, жаңа бастамаларға ұйытқы болуға бет бұрғандай болды. Семинар соңында барлық қатысушылар естелікке суретке түсіп, бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп жатты.
Айғаным Асқарбек.