Әділдік пен бостандықтың кепілі
Қазақ халқы қашанда төрелікке тоқтап, билердің бітіміне мақұл деген. Сондықтан болар дала заңы қатаң сақталып, тәртіп пен тыныштықтың арқасында халқымыздың ғұрып-әдеттері ғасырлармен бірге бізге жеткен.
Қазіргі таңда сол төрелікті соттар жүргізіп, бітім-кесімді судьялар атқарып жүр. Ата Заңда көрсетілгендей сот әрдайым мемлекет атынан үкім шығарады. Сондықтан баршамыздың бағынатын басты құжатымыз – Конституция. Ондағы заңдарға бағынып, берілген құқықтарды қолдану арқылы біз өркениетті қоғамды қалыптастыра аламыз.
Оқырман қауымға ұғынықты болуы үшін алдымен конституция сөзін тарқатып алғанымыз абзал. Ата Заң латын тілінен аударғанда “құрылым” сөзінен шыққан. Мемлекеттің негізгі заңы, елдегі барлық өзге де заңдарға қатысты жоғары заңды күшке ие заң немесе заңдар тобы деп түсінуге болады.
Ата Заң осы заманғы мемлекеттіліктің маңызды белгісі, мемлекеттің бастапқы саяси және құқықтық құжаты болып табылады. Сол себепті билік пен бұқара өз әрекеттерін құқықтық құжатқа негіздеуі тиіс.
Қазақстан Республикасының ең жоғары нормативтік құқықтық актісі 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдумда қабылданғаны көпшілікке мәлім. Ал 2022 жылғы 5 маусымда өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.
Қабылданған күніне байланысты 30 тамызда қазақстандықтар Конституция күнін мерекелеп, маңызды шаралар өткізіледі. Тоғыз бөлімнен тұратын Ата Заңның VI және VII бөлімдерінде сот, әділет, прокуратура мен адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметі мен міндеттері айқындалғанын атап өткен жөн.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев “Конституцияға енгізілетін түзетулер Тәуелсіз Қазақстан тарихының келесі парағын ашады деп сенемін. Мұны Жаңа Қазақстанды құру жолындағы маңызды белес деуге болады” дегені заң мен замананы қабыстырудағы қадам болып отыр.
Тоқ етерін айтқанда, Ата Заң Алаш ұрпағының айбынына айналуы тиіс. Сондай-ақ әділдік пен бостандықтың кепілі ретінде өз қызметін мүлтіксіз атқаруы үшін тәртіпке бағынатын, арын жанының садағасы санайтын азаматтар көп болуы қажет. Ол үшін білім, жоғары мәдениет пен адамгершілік әрбір көкірекке орнағаны абзал.
Осы орайды пайдалана отырып, аудан тұрғындарын Конституция күнімен құттықтаймыз. Егеменді еліміздің ертеңі ерен, келешегі кемел бола берсін!
А.Мырзақұлов,
Шу аудандық сот әкімшісінің басшысы.