Жылыту маусымы жіті бақылауда
Жаздың жадыраған үш айы өте шығып, күздің суығы сезіле бастады. Бұл Абай атамыз айтқан «кәрі құданы» қарсы алудың қамын жасайтын шақ. Сол секілді жергілікті атқарушы билік жылыту маусымына әзірлікті күздің алғашқы күндерінен бастауға кіріседі. Сондықтан да бұл мәселе сейсенбі күні аудан әкімі Б.Жәнібековтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте талқыға түсті.
Күн тәртібіне енгізілген мәселе бойынша аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жадыра Каликов өңірдің жылыту маусымына дайындық барысы туралы баяндап өтті.
Жадыра Әбиғазыұлының айтуынша, аудан бойынша қатты отын түсіретін және сақтайтын 9 көмір тұйықтары (тупик) бар. Биылғы жылыту маусымы кезеңіне жоспар бойынша 50 мың тонна қатты отын қажет етіледі. Сондай-ақ 35 елді мекеннің 51 пайызы немесе 18 ауылда тұрғындар көгілдір отынды тұтынады.
-Аудан бойынша жылыту маусымына әзірлік жұмыстары барысында бүгінгі күнге дейін төрт штаб отырысы өткізілді. Жылыту маусымының өту барысын қадағалау үшін аудан әкімінің 2024 жылғы 30 мамырында №217 қаулысы бекітіліп, аудандық штаб құрылған. Штаб отырысы кезінде 2024-2025 жылдардағы күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстары және анықталған кемшіліктерді қалпына келтіру бойынша хаттамалық тапсырмалар беріліп, тиісті жұмыстар атқарылуда,-дейді Ж.Каликов.
Бөлім басшысы ұсынған мәліметтерді мұқият тыңдаған Бақытжан Оразалыұлы жылыту маусымына жауапкершілікпен қарауға шақырып, өзге де мекеме басшыларына дайындықты бақылауға алуды тапсырды.
Мұнан кейін мінбеге аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Балаби Түменбаев шығып, биылғы жұмыстарды баяндап, келер жылдың жоспарын жария етті. Бөлім басшысының сөзінше есепті кезеңде барлығы 100-ден астам қоғамдық-саяси, мәдени іс-шаралар өткізіліп, көрнекті және белгілі қоғам қайраткерлерінің мерейтойларын атап өту мәселесі басты назарға қойылған.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында аймақта экологиялық акцияны жыл соңына дейін жалғастыру үшін іс-шаралар жоспары бекітілген көрінеді.
Бұдан басқа біршама шаруалардың шеті қайырылғанын айтқан Балаби Алибиұлы этносаралық келісім, діни бірлестіктермен байланыс, қоғамдық-саяси ахуал ұдайы бақылауда болатынын атап өтті. Бұл орайда аудан басшысы өз ұсыныстарын жеткізді.
Байжан Емберді.