Ақпараттық портал

Тың мақсаттар жаңашылдыққа жетелейді

Аптаның алғашқы күнінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жолдағаны баршаға мәлім. Еліміздің басты телеарналарында тікелей эфир арқылы назарға ұсынылған аталмыш Жолдаумен мен де жіті танысып, соңына дейін зер салып тыңдадым.
Ел Президенті бұл жолы да мемлекеттің жарқын болашағы жолындағы маңызды міндеттерді қаузап, қоғамдағы кейбір өткір мәселелерді ашық мәлімдеп, олардың шешімін табу жолдарын да назардан тыс қалдырмады. Сонымен қатар, соңғы жылдарда орын алған мемлекеттің дамуына қатысты жаңашылдықтар, жаңа заң, қолданыстағы заңға енгізілген өзгерістер, жаңа талап пен тәртіп төңірегінде де баяндап, мұның барлығы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» саясатының орнығуына ықпал ететіндігін жеткізді.
Жолдау жолдарындағы халықтың құқықтық мәдениетін арттырып, қарапайым жұртшылық өкілдері арасында құқықтық сауаттылықты қалыптастыру, киберқылмыстың алдын алу ісіне зер салып отырғандығы көңіл қуантады. Өйткені, қаржы сауаттылығының әлсіздігіне орай қазіргі қоғамда интернет алаяқтары көбейіп, олар кейбір азаматтардың банк шотындағы қаржысын оңай иемденіп, бірқатар отандастарымызды әбігерге салуда. Мұны дер кезінде қолға алмаса, еркін қанат жая беретіні анық. Сол себептен, ел Президенті Жолдау барысында мектептер мен жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық сауаттылық негіздерін оқытуды қолға алу қажеттігін баса айтты. Бұл баршамыз үшін құптарлық іс деп білемін.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығына қатысты мәселені де назардан тыс қалдырмай, жердің ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі екендігін баса айтты.
«Жер телімдерін қайтару жөніндегі арнайы комиссия әкімдіктердің ауыл шаруашылығы алқаптарын конкурс өткізбей-ақ беру туралы екі мыңнан астам заңсыз шешім қабылдағанын анықтады. Бұл мәселеге қатысты екіұшты ұстаным болмауы қажет. Заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылуға тиіс. Ал, жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау керек. Сондай-ақ оның ауылды көркейтіп, тұрғындарға тұрақты жұмыс беріп отырғанын да ескерген жөн.
Көптеген меншік иесі өздері пайдасын көріп отырған жерден мыңдаған шақырым алыста тұрады, ондағы ауыл тұрғындарына қамқорлық жасау ойына кіріп те шықпайды. Бізге мұндай жер иелерінің қажеті жоқ…
Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Жалпы нәтижесі жаман емес. Енді осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет. Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды. Әр ауданда азаматтарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталық ашу қажет. Осындай жоба «Amanat» партиясының бастамасымен Жамбыл облысы, Меркі ауданында жүзеге асырылды. Үкімет пен әкімдер бұл тәжірибені басқа да аймақтарға таратуды ойластыруы керек»-деп атап өтті Қ.Тоқаев.
Бұл ауыл шаруашылығы ісін дамытуға үлкен қолдау деген сөз. Біздің ауданымызда да шаруа қожалықтары мен ауылшаруашылығы бағытында еңбек етіп келе жатқан жеке кәсіпкерлер жоқ емес. Ал, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталық ашылып, оған қоса «тауар несиесін» беру жолға қойылып, инфрақұрылым жаңартылып жатса, нұр үстіне нұр. Осы мақсаттағы тиісті жұмыстар лайықты жүзеге асырылатын болса, бұл жалпы ауданның әлеуетінің артуына негіз болмақ.
Жолдау жолында айтылған тағы бір өзекті мәселе – білікті кадр мәселесі болды. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы ең әуелі су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау қажеттігін, бұл бағытта нақты жұмыстар басталғандығын да атап өтті.
«Осы ретте грант құны жастарды сапалы оқытуға мүмкіндік беруге тиіс. Мемлекет қаржысын университеттің бәріне шашыратып, оңды-солды тарата беруге болмайды.
Үздік университеттердің нақты сектормен байланысын нығайту керек. Инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарымен үйлестіру қажет. Мұндай қадам әр саладағы инновацияға серпін береді…
Жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет. Үкімет колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыруға тиіс.
Мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз.
Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы»-деген ел Президенті адал еңбек арқылы дараланған жандарға қолдау мен құрметтің алдағы уақытта да лайықты жалғаса беретіндігін жеткізді.
Бұл сөздің астарына үңілсеңіз, техникалық және кәсіптік білімнің қоғамда маңызды рөлге ие болып отырғандығын аңғарамыз. Осыдан бірер жыл бұрынғы Жолдауда кәсіптік білім туралы мәселе жолға қойылып, нақты міндеттер жүктелген болатын. Алайда, Мемлекет басшысы бұл жолы да жұмысшы мамандықтарына, мұның қоғамдағы және жастарды еңбекқорлыққа баулудағы маңыздылығына да баса көңіл бөлуде. Біз де өз кезегімізде техникалық және кәсіптік білімді өскелең ұрпаққа насихаттап, осы бағытта жұмыс жасауымыз қажет. Өйткені, бұл сала да мемлекеттің дамуындағы қозғаушы саланың бірі. Ал, білікті маман болмаса, сала жұмысы күйреп, бұл өз кезегінде жалпы ел дамуына кері әсерін тигізетіні сөзсіз.
Жалпы, «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталған Жолдау өзге де салаларға қатысты жаңашылдықтармен ерекшеленеді және Қазақстанның жарқын келешегіне негізделген тың мақсаттарға толы. Президент айтып өткендей, ең бастысы, халықтың бірлігі мен тұрақтылығы орнықты болса, дамудың даңғыл жолы ашыла бермек.
Жасұлан Әбенов,
Шу аудандық мәслихаттың төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.