Ақпараттық портал

Мұнай-газ саласының еңбеккерлері марапатталды

Елімізде жыл сайын қыркүйектің алғашқы жексенбісінде Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Бұл мереке биыл қазақстандық мұнайдың 125 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Өйткені, 1899 жылдың күзінде елімізде алғашқы мұнай өндірген Қарашүңгүл кен орны ашылды.

Атаулы күнге орай, аудан әкімі аппаратында арнайы жиын өтіп, мереке иелері марапатталды. Аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаевтың төрағалығымен өткен жиында сала мамандары жұмыстарының маңыздылығы айтылды.
– Өздеріңіз жақсы білесіздер, жуырда ғана Президент Қ.Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жария етіп, мұнай-газ-химия саласын одан әрі дамыту – маңызды міндет екенін атап өтті. Сонымен қатар алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың жоспарын жұртшылыққа жеткізді. Бұл салада біздің ауданымызда да бірқатар шаруалар шешімін тауып, еңбегі елге керек мамандар маңдай терін төгіп жүр. Біз сіздердің ілкімді істеріңізді әрдайым жоғары бағалаймыз,-деді Найман Кенжеханұлы.
Мұнан кейін кезек марапаттау рәсіміне беріліп, жұртшылықты жылумен қамтыған жандар аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын иеленді. Оны тапсырып тұрып, сала қызметкерлерінің ілкімді істеріне алғыс айтылды.
Өз кезегінде кәсіби мерекесін атап өтуші «Qazaq Gaz» АҚ-ның аймақтағы өкілдері өздеріне көрсетілген құрметке алғыс білдіріп, ел мүддесі жолында еңбек ете беретінін жеткізді.
Ауданда жалпы 35 елді мекен болса, оның 18-і толық газдандырылып, қамтылу көрсеткіші 51,42 пайызды құрайды. Қалған 17 елді-мекенді кезең-кезеңімен газдандыру жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда 6 елді мекеннің ішкі желілік аумақтарына көгілдір отынды жүргізу жұмыстарының алғашқы қадамдары жасалуда. Шу қаласы мен аудан орталығының басым көпшілігі табиғи газды тұтынуда.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.