Жақсы адам…
Төле би ауылының тұрғыны болған, аудандық білім саласының ардагерлерінің бірі – Бүйенбаев Әділхан Әлімбекұлын соңғы сапарға шығарып салуға арналған жаназа намазында аудан орталығындағы мешіттің бас имамы жиналған жамағатқа қарап: “Бұл кісі қандай адам болған еді?” – деп сауал тастаған. Көпшілік бір дауыспен “жақсы адам болған” деген сөз тіркестерін үш мәрте қайталады. Көпшіліктің осындай ой байламы Әділхан Әлімбекұлының шын мәнінде қоғамға да, ел жұртына да қатар құрбыларына да сыйлы адам болғандығын айқындай түсті. Ол кісі қарапайымдылығымен, қамқоршылдығымен көп көңілінен шықты.
Еңбек жолын бұрынғы “Новотройцк”, “Жайсан” совхоздарында аға шопан көмекшісі, жүргізушісі болып бастаған. Кеңес армиясы қатарында азаматтық борышын өтеген. Қатардағы еңбек адамы болса да өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, берілген тапсырмаларды тиянақты орындаған. Бертін келе аудандық “Балалар -жасөспірімдер орталығы” директорының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалады. Орталықта ұстаз болып, дәріс бермесе де білім ошағының қыс айларында жылы болуын қамтамасыз етті. Жаз айларында ағымдағы және күрделі жөндеуден өтуіне ұйытқы болды. Көріктендіру, абаттандыру жұмыстарын көктем мен күз айларында жандандырып отырды.
Осы қызметті ұзақ жылдар бойы атқарып, құрметті демалысқа шықты. Зейнеткер екенмін деп үйде қол қусырып отырған жоқ. Немерелерінің бірін балабақшаға, енді бірін мектепке тасымалдады. Сондай-ақ қолындағы ұсақ-түйек малын күтімдеді. Әсіресе, соғымға деп байлаған жылқыларының қай-қайсысы болсада табан қазы беріп, жергілікті жұртқа жақсы жағымен таныла бастады.
Айта берсек, Әділхан Әлімбекұлының мемлекет ісімен қатар үй шаруасындағы игілікті істері көп болатын.
Біз Әділхан Бүйенбаевпен құдандасқалы он бес жылдай уақыт өтіпті. Ол кісімен құрдасымыздай сырластық әрі сыйластық. Әр кезде бауырмалдық адамгершіліктік сезімдері тал бойымызды тебірентіп отыратын.
Қайырымды жанның өмірден мезгілсіз озғанына қырық күн жақындап қалғанда ішкі сезімдерімізді сыртқа шығаруды жөн көрдік. Құдамыздың алды пейіш, арты кеніш болсын…
Мынадай өлең шумақтары да жақсы адамның рухына бағышталады:
Жеткізді жақсы күндер бас қосуға,
Ұл мен қыз себеп болды достасуға.
Құдалық алтын көпір арадағы,
Қимайтын жан екенсің қоштасуға.
Кешегі тұлпарлардың тұяғысың,
Болғанда өмір-өзен, тұнығысың.
Ұрпаққа ұран болып қалғандай ғой,
Атқарған абыройлы жарқын ісің.
«Орнында бар оңалар» дейді халық,
Дұғасын оқи берсін қолды жайып.
Басқалар байқадыма айта алмаймын,
Мен үшін Әділханым болды алып.
Еске алушылар Косаховтар әулеті.