Алдынан жарылқасын!
Үстіміздегі жылдың 7-қыркүйегінде ақжүректі абзал азамат, Шу ауданының тумасы Норкин Петр Палладиевич 75 жасқа қараған шағында өмірден озды.
Ол 1950 жылы 24 сәуір күні Қырғыз КСР-ның Ош облысында туған.
Кейін ата-анасымен бірге Төле би ауылына қоныс аударған. Мектепте жүріп-ақ сурет түсіруге әуестеніп, “Дружные ребята”, “Пионерская правда” газеттерінде суреттері басылған.
Еңбек жолын аудандық пионер үйінде нұсқаушы болып бастады.
Аудандық білім беру бөлімінде нұсқаушы болып істеп, 1971 жылы аудандық “Шу өңірі”- “Шуская долина” газеті редакциясына фототілші болып жұмысқа қабылданды.
Сол уақыттан бері зейнет жасына жеткенше осы қызметті абыройлы атқарып келді. Оның фотосуреттері “Известия”, “Комсомольская правда”, “Строительная газета” газеттері мен “Крестьянка”, “Работница” журналдарында жарық көрді.
“Егемен Қазақстан”, “Казахстанская правда”, “Ақ жол”, “Знамя Труда” газеттерінің тұрақты авторларының бірі.
ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталған.
Сондай-ақ, П.Норкин “Қазақстанның Құрметті журна-лисі”, “Шу ауданының Құрметті азаматы” атақтарының және “Облысқа сіңірген еңбегі үшін” белгісінің иегері.
Қамшының сабындай қайран тірліктің бір күні шарт сынары әмбеге аян. Өмірдің өзі күшті болғанымен, өтетіні өкінішті… «Тумақ бар жерде, өлмек те бар» дейді шариғат сөзі. Шіркін, бәрі орнымен, бәрі ретімен келсе өкініштің өзені тасып, қайғының қара жаңбыры жаумас еді. Кеше ғана арамызда жарқылдап жүрген ардақты азаматтан қапыда айрылдық. Бір қанатымыз қайрылды. Өлім түгілі өкпеге қимайтын жан жайлы ендігі жерде естелік айтамыз деп кім ойлаған?.. Оның ғұмырдариясы мәңгілік ағысқа ауысты.
Жатқан жері жайлы да жарық, топырағы торқа болсын. Жаны жәннаттан орын алсын. Бақұл бол, адал азамат!
Жәнібеков Б., Әбенов Ж., Сәрсенбеков С., Сұлтанбаев Н., Өмірәлиев Е., Бейсембаев М.
Рахимқұлов А.