Азия-Тынық мұхиты конференциясына қатысты
Астанада инклюзия және трансформация мәселелері жөніндегі Азия-Тынық мұхиты министрлік конференциясы өтуде. Пленарлық сессияға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов, БҰҰ бас хатшысының орынбасары және АТМЭӘК-тің атқарушы хатшысы Армида Салсия Алишахбана, сондай-ақ үкіметтер көшбасшылары мен технология сарапшылары қатысты.
ЭСКАТО конференциясы аясында цифрлық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Олжас Бектенов пен Армида Салсия Алишахбана инфрақұрылым, басқару, мобильділік, өнеркәсіп және сауда салаларындағы цифрлық шешімдердің әлеуеті бойынша пікір алмасты. 2024 жылға арналған Азия-Тынық мұхиты аймағындағы цифрлық трансформация туралы баяндама таныстырылды.
Премьер-Министр Олжас Бектенов конференцияға қатысушыларды құттықтау сөзінде Ұйымның Азия-Тынық мұхиты аймағындағы экономикалық өркендеуге, әлеуметтік әл-ауқат пен экологиялық тұрақтылыққа ықпал етудегі шешуші рөлін атап өтті. ЭСКАТО 80 жылға жуық уақыт бойы 4 млрд-тан астам адамның өміріне айтарлықтай әсер етіп отыр.
Қазақстан 30 жылдан астам уақыт бойы серіктес әрі тату көршілік қарым-қатынастар рухында серпінді дамытуды жалғастыра отырып, ЭСКАТО-ның толыққанды мүшесі саналады. Ынтымақтастық жылдарында қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды басқару, инвестициялық байланыстар, сауда, энергетика және көлік сияқты маңызды бағыттар қамтылды.
Олжас Бектенов конференцияға қатысушылардың назарын бизнес, әлеуметтік сала үшін жаңа көкжиектерді ашатын және миллиондаған адамдар үшін экономикалық өсім мен мүмкіндіктердің кеңеюін қамтамасыз ететін цифрлы технологияларға аударды. Бүкіл аймақ үшін цифрлы ресурстарға тең қол жеткізуді қамтамасыз етудің маңызы көрсетілген.
«Кеше Мемлекет басшысы Жолдауында Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын әрі цифрлы технологиялар дамитын елге айналуы тиіс екенін атап өтті. Олар бизнес, білім беру және денсаулық сақтау үшін жаңа көкжиектерді ашады, экономикалық өсуді қамтамасыз етеді және миллиондаған адамға мүмкіндік береді. Сондықтан біз бұл бағыттарды белсенді түрде дамытып жатырмыз. Бүгінгі таңда Қазақтан әлемдегі цифрлық даму жағынан 30 мемлекеттің қатарына кіреді және онлайн қызметтер бойынша 8-ші орында», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.