Ақпараттық портал

Қос мекеменің қызметі оңтайлана түсті

Өткен жылдан бері аудан әкімдігіне қарасты бірқатар мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға мейлінше көңіл бөлініп келеді. Олардың қатарында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарасты «Төле би мамандандырылған көпсалалы кәсіпорны» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны, сондай-ақ мамандандырылған көпсалалы «Ауыз Су-Шу» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорны да бар.

Жасыратыны жоқ, 2022-2023 жылдары аталған қос мекеменің де салықтық төлемдер бойынша қарызы көп болды. Сонымен қатар, жалақы мәселесі бойынша да мекеменің қызметкерлер алдындағы берешегі бар еді. Ал, «Ауыз Су-Шу» мекемесіне қарасты техникалар банктің кепілдігінде тұрған. Тіпті, жоғарыда аталған мекеме қызметкерлері өткен жылы жалақы мәселесі бойынша аудан әкіміне бірнеше мәрте қайырылып, көмек сұраған еді. Осы мәселенің барлығын оңтайлы шешу мақсатында көптеген жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде, жоғарыда аталған берешектің барлығы өтеліп, керісінше қызметкерлердің жалақысы өсіп, қос мекеменің материалдық-техникалық базасы да жаңара бастады.
Мәселен, «Төле би мамандандырылған көпсалалы кәсіпорны» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны өткен жылы 3 техника сатып алса, ағымдағы жылы 5 су жаңа техникаға қол жеткізген. Соның нәтижесінде елді мекендердегі жолдарды күтіп ұстау, қоқыстарды тазарту сынды бірқатар жұмыстар жеңілдей түсті. Тағы бір айта кетерлігі, бұл мекемеде 10-нан аса көлікке арналған қыстық автотұрақтың құрылысы жүргізілуде. Аталған жұмыстарды көзбен көру мақсатында аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков қос мекемеге арнайы барып, атқарылған жұмыстарға көз жеткізіп, ұжым қызметкерлерімен тілдесті. Өз кезегінде «Төле би мамандандырылған көпсалалы кәсіпорны» шаруашылық жүргізу құқығындағы КМК директоры Асылжан Жапсарбаев кейінгі жылда атқарылған жұмыстарды жеткізіп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Одан бөлек, «Ауыз Су-Шу» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорнында да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстардың атқарылғанын аңғаруға болады. Кәсіпорын директоры Асқар Наурызбаевтың айтуынша, өткен жылдың шілде айынан бастап «Теміржол су-Шу» ЖШС-нің абоненттері, су және кәріз жүйелері түгелдей «Ауыз Су-Шу» мекемесіне қосылған. Жұмысты бір жүйеге келтіре отырып аталмыш мекеме бір жылдан аса уақытта берешектен құтылып, қызметкерлердің айлық жалақысы да біршама арта түсіпті. Мәселен биылдың өзінде мекемеге дизельді генераторлар мен трансформаторлар, өрт гидранттары мен су насостары алынған. Сонымен бірге, арнайы техникаларға да қол жеткізген.
Қазіргі кезде қалыптасқан мәселенің барлығы шешімін тапқан. Десе де, аудан басшысы қос мекеме қызметінің маңыздылығын ескере отырып, алдағы уақытта да ондағы жұмыстарды оңтайландыруға барынша көңіл бөлінетінін жеткізді.

Ерғали Қартайған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.