Ақпараттық портал

Мерейі үстем Мейірлан

Газетімізде жарық көрген спорт саласына қатысты мақалалар желісінде спорттың қоғамдағы рөлі мен маңыздылығы әрдайым айтылып келеді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та күні кеше жариялаған «Әділетті Қазақстан:
заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында
спорт саласына ерекше мән беріп отыр.
-Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін береді. Сондай-ақ, болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады.
Депутаттар осы маңызды заң жобасына айрықша мән берген жөн деп санаймын,-
деген болатын.
Жолдауда айтылған жаңашылдықтар лайықты жүзеге асатын болса, әр өңірде спорт
саласының ахуалы артады, ал жағдай жақсарса, спортшылар қатары көбейеді деген сөз. Бұл өз кезегінде спорттың әр түрінен өткізілетін түрлі жарыстарда жеңімпаздар қатарының артуына да септігін тигізері сөзсіз. Алайда, бұл келешектің еншісіндегі дүние.
Ал, бүгінгі таңда спорт саласының қазіргі ахуалына қарамастан, еліміздің әр аймағында спорттың әр түрінен жеңімпаз атанып жүргендер жетерлік. Биік белестерді бағындырған спортшылардың бірсыпырасы біздің ауданымызда да бар. Олардың қатарынан жерлесіміз, жас спортшы Сауытбек Мейірлан Ниязбекұлын атап айтуға болады.

Мейірлан 2011 жылы ауданымыздың Төле би ауылында дүниеге келген. Қазіргі уақытта М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебінің 8 сынып оқушысы. Отбасында кенже бала болғанымен, бойы еркеліктен алшақ, оқу үлгерімі жақсы. Спортқа бетбұрысы соңғы екі жылда айқын көрініс беріп, осы екі жылдың ішінде талай марапаттарға қол жеткізді. Оған бірінші кезекте «Шу ауданының панкратион және грэпплинг федерациясы» қоғамдық бірлестігінің, осындағы жаттықтырушысы Әділет Манашовтың ықпалы зор. Сонымен қатар, Мейірланның спортқа қызығушылығының артуына атасы мен әкесінің қолдауы да өзіндік әсерін тигізгендей.
Жақын жандардың қолдауының нәтижесінде үлкен сындарда жас спортшының бағы жанып, жеңісті сәттерімен жарқырай түсуде. Оған 2022 жылы Тараз қаласында ММА бойынша 2010-2011 жылдары туылған жасөспірімдер арасында өткен халықаралық турнирде 55 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, І-орынды иеленіп, «Жамбыл облысының ММА аралас жауынгерлік жекпе-жек бірлескен федерациясы» қоғамдық бірлестігінің дипломымен, 2023 жылы грэпплингтен балалар арасындағы ҚР чемпионатында І-орынды иеленіп, республикалық федерацияның грамотасымен, грэпплингтен Жамбыл облысының чемпионатында І-орынды иеленіп, облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының дипломымен, ММА бойынша Тараз қаласында өткен қалалық турнирде І-орынды иеленіп, грамотамен, Алматы қаласында грэпплингтен балалар мен жасөспірімдер арасында өткен жарыста 59 келі салмақта сынға түсіп, ІІ-орынды иеленіп, «Алматы қаласы бойынша грэпплинг федерациясы» қоғамдық бірлестігінің ІІ-дәрежелі диломымен марапатталғандығы жарқын дәлел.
Ал, ағымдағы жылы облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен, 2011-2012 жылдары туылған жасөспірімдер арасында панкратионның традишн бағытында өткен облыстық чемпионатта аталмыш басқарманың І-дәрежелі дипломымен, Жамбыл облысы бойынша грэпплинг UWW федерациясы ұйымдастырған Жамбыл облысының чемпионатында 72 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, І-дәрежелі дипломмен, ҚР туризм және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ұйымдастыруымен, грэпплингтен балалар мен жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында 90 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, І-дәрежелі дипломмен марапатталуы жас спортшының жеңісті сәттерге деген ұмтылысын еселей түскендей.
Бұл Мейірлан Сауытбектің спорт саласында жеткен жетістіктерінің бір бөлігі ғана. Кейіпкеріміз бұдан өзге түрлі деңгейдегі жарыстарда талай мәрте бақ сынап, оның басым бөлігінде жеңіс тұғырынан көрініп, бірнеше медальдар мен дипломдар және грамоталардың иесі атанды. Нақты айтар болсақ, соңғы үш жыл ішінде жалпы саны он тоғыз диплом, алты грамота еншілеп, сын сағатта абырой биігінен көрінуде.
Енді Мейірлан Сауытбек кеше ғана, яғни 6 қыркүйек күні Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатына үлкен дайындықпен аттанды. Аталмыш жарыста да Мейірланның мерейі үстем болып, жеңіс жалауын желбіретуіне тілекшіміз. Бұдан бөлек, кейіпкеріміз осы жылы өткізілетін әлем чемпионатында бақ сынап көруді жоспарлап отыр.
Жас спортшының қанаты талмай, қадамы сәттілікпен өріліп, әлемге танылған алдыңғы буын ағалары секілді ауданымыздың абыройын асқақтата берсін демекпіз.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.