Ақпараттық портал

Байқаушылардың міндеттері мен құқықтары түсіндірілді

Дамудың даңғыл жолына түскен қай мемлекетті алсаңыз да әрқашан өзгеріс үстінде, жаңару, жаңғыру жолында адымдап келеді. Біз де адымдап баспасақ та, алшаң басып, өз негізімізден ажырамай, өзгеріске бет бұрудамыз. Дамудың жаңа табалдырығына беттеген жасампаз ел ретінде әлем назарын өзіне аударып келе жатқан тәуелсіз мемлекетіміз “Жаңа Қазақстанды” құру жолында. Кейінгі жылдары елімізде болған саяси өзгерістер, соның ішінде Жалпыұлттық референдум халықтың жоғары билікке деген сенімін нығайтып, жарқын болашаққа жол ашуда. Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм” атты бағыт-бағдары айқын Жолдауында 6 қазан күні тағы да жалпыұлттық референдум өтетіндігін айтып өтті.

«Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз» – деді ол.
Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты биылғы 6 қазанда өтетін жалпыұлттық референдумға байланысты өңірлерде үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай, Оқушылар сарайында «Дауыс» ҚБК Жамбыл облыстық филиалы және «Жастар зерттеу» ЖБҚ байқаушыларына арналған оқыту семинары өтті. Маңызды саяси науқанға Шу ауданынан «Дауыс» ҚБК Жамбыл облыстық филиалы және «Жастар зерттеу» ЖБҚ атынан 88 байқаушы бір кісідей атсалысатын болады. Сондықтан да семинарда референдум кезінде байқаушылардың міндеттері мен құқықтары түсіндірілді. Жиынға қатысқан түрлі сала қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізген мамандарға сұрақтарын қойып, тиісті жауаптар алды. Сонымен қатар, жиынның басты тақырыбына айналған мәселеге қатысты пікірлерін ортаға салды.
“Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуы тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын” – деген ел Президентінің Қазақстанның әл-ауқатын көтеруге, экономикалық ахуалды тұрақтандыруға жасап отырған игі қадамын халық та қолдайтыны анық.
«Жаңа Қазақстан» құруға бет бұрған еліміздің ертеңі мен болашағы үшін өткізілгелі жатқан науқанға баршамыз күш біріктіріп қатысқанымыз дұрыс. Құқықтық сауаттылығымызды, мәдениетімізді паш етіп, келешегіміз үшін бей-жай қарамауға тиістіміз. Халқымыз қашанда әділетті шешімге иек артқан. Сондықтан алдымызда тұрған жалпыұлттық референдум еліміздің алпауыт елдермен иық тіресе қатар дамуына жол салып, мемлекетіміздің біртұтас, берік болуына зор ықпалын тигізері сөзсіз.
Оқыту семинары барысында да оған қатысушылар осы тұжырымды қоштап, ел игілігі үшін жасалып жатқан ізгі қадам деген ортақ шешімге келді.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.