Көптің пікірі ескеріледі деп сенемін
Жуырда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жолдады. Аталмыш Жолдаумен мен де бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жіті танысып шықтым.
Ел Президенті меңзеген мәселелердің барлығы мемлекеттің дамуына оң ықпал ететіндігі сөзсіз. Әр бастама лайықты жүзеге асырылып, алға қойылған міндеттер мінсіз атқарылатын болса, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының қанат жаяры анық.
Мен Жолдау жолдарындағы жалпы ел өмірі, көпұлтты отанымыздың барша тұрғындары үшін маңызды болып саналатын атом электр стансасын салу мәселесі жөніндегі байламдарына ерекше ден қойдым. Мемлекет басшысы оның өзектілігін әлем елдерінде энергия тапшылығының күшейіп бара жатқандығымен, елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздерінің қажеттілігімен байланыстырып отыр.
-Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр…
Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін,-деген Қ.Тоқаев мұндай маңызды қадамның жұртшылықпен кеңесіп, бірлесіп жасалу керектігін де ескеріп, аталған мәселе бойынша өткен жылы өз пікірін айтып, референдум тақырыбын қоғам талқысына ұсынғандығын, азаматтардың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына бір жыл мерзім жеткілікті деп санайтындығын, сол себептен атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум өткізуді келесі айда яғни, 6-қазан күніне белгілеу жөніндегі Жарлыққа қол қоятынын айтып өтті.
«Келісіп пішкен тон келте болмайды» демекші, көптің талқысына ұсынылған бұл мәселеге қоғам өкілдері, кез келген саналы азамат бей-жай қарамайды деп білемін. Бүгінгі таңда еліміз көршілес Қырғызстан, Ресей елдерінен электр қуатын сатып алып отыр. Соңғы жылдары елімізде жаңа технологиямен жұмыс жасайтын жаңа өндіріс орындарының көптеп салынуы келешекте электр қуатының қажетті мөлшерін қазіргіден де арттыра түсетіні сөзсіз. Сондықтан, елімізге атом электр стансасын салу қажет. Кейбіреулер мұны үлкен апатқа себеп болады деп түсінеді. Мен бұлай ойламаймын. Себебі, атом электр стансасын салу барысында қауіптіліктің алдын алатын жаңа заманауи технологиялар қолданылатыны анық. Бір жыл ішінде жұртшылық өкілдері елімізге атом электр стансасын салу қажет пе, жоқ па, оның ел өміріне әсері қандай, өзге де қырлары бойынша жан-жақты ой елегінен өткізілген, тұщымды пікірге тоқтам жасады деген сенім бар. Алдағы референдум барысында көпшіліктің пікіріне басымдық беріліп, билік өкілдері халық үнімен үндескен ортақ шешімге келеді деп санаймын.
Бектен Қарғабаев,
Шу ауданының Құрметті азаматы,
Ядролық сынақ мүгедектері мен ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы.